«Балаларға қатысты оқиғалардың көпшілігі сексуалды сипатта болған. Баланы өлтіру де, балалардың өз-өзіне қол жұмсауы да бар. 124 бала биыл өмірмен қош айтысты. 2008 жылғы екі бала өздері қылмыс істеді», деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл. Айтуынша, мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында жауапты органдар тың жоспар әзірлеуде. «Бұл жағдайлар неден болып жатыр? Осының бәріне бір жауап іздеуіміз керек. Осы ретте еліміздің Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратурасы, Білім және ғылым министрлігі бірлесіп, жоспар жасады. Жоспарда жас балалар қалай жүріп, қалай тұруы керектігі толығымен жазылған. Бала мен ата-ана зорлық-зомбылыққа тап болмас үшін қандай жұмыс жүргізу керек? Құқық қорғау органдары қандай шараларды қолға алуы тиіс? Осы мәселелерге қатысты жұмыстарды қайтадан жаңартып жатырмыз», деді С.Айтпаева
Елдегі балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру және дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2016 жылдың 10 ақпанында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылған болатын. Аталған институт өз қызметін қоғамдық негізде іске асырады.
Жиында С.Айтпаева Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі болып тағайындалғаннан бері қандай жұмыстар атқарылғанын айтып берді.
«Біз Алматы қаласында бірінші рет үкіметтік емес ұйымдармен бірге бірлескен диалог өткіздік. Оған Білім және ғылым министрі, Денсаулық сақтау министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қатысты. Сонымен бірге Орал қаласында балабақшалардың жұмысына қатысты мәселе болатын. Бұл мәселені арнайы сол жерге барып шештік. Оған Батыс Қазақстан облысының әкімі қатысты. Балалар жедел түрде балабақшаларына қайтарылды», деді С.Айтпаева. Оның айтуынша, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айналысатын негізгі жұмыстарының бірі – азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау. «Екі айдың ішінде 80-ге тарта өтінім келіп түсті. Өтінімдерді парақтап отырып, қандай ойға келуге болады? Біріншіден, отбасылық қарым-қатынас пен алименттік міндеттемелердің, әлеуметтік және тұрғын-үй бойынша құқықтық, балаларды тәрбиелеу мәселелері өткір тұрғанын байқауға болады. Шағымдарды қарай отырып, Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі ретінде мен қазіргі қолданыстағы заңнаманың талаптарын өтінім берушілерге түсіндіре отырып, мемлекеттік органдарды, министрліктерді мәселені шешуге араластырудың немесе билік өкілдерінің әрекет етуі мен етпеуінің себебін түсіндіріп беремін. Жергілікті атқарушы органдар күнделікті өмір көрсетіп отырғандай, азаматтардың заңнамалық құқықтары мен мүдделерін түсіндіріп бермейді», деді С.Айтпаева.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, бүгінде республикада 5 623 387 бала бар. Оның ішінде мектепке дейінгі жастағы балалар саны – 2 254 538. Ал 3 050 770-і – мектеп жасындағы балалар, 545 298-і (18 жасқа дейінгі) – білім алушы жастар. Сондай-ақ 26 672 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»