Өнер • 04 Қыркүйек, 2018

Әсет әндері халқымен бірге жасайды

1370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Әсет әндері халқымен бірге жасайды

Еліміз өнерінің алтын қорына жазылып, ерекше реңкімен, жа­ғымды әуезімен жүректерге ұяла­ған Әсет Бейсеуов әндері өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Алматыда Ұлттық кітапха­нада өткен белгілі қаламгер, Қа­­­зақстан журналистер одағы­­ның мүшесі Тұрсынбек Ешен­­­­құловтың  «Жү­регі ән деп соға­тын» кітабының та­ныстырылымы барысында Әсет Бейсеуовтің сыр­ға толы әуез­ді әнде­рінің тарихы мен шығар­машыл тұлға өмі­рінің ерекше бір сәттері жа­йын­да естеліктер айтылып, автор жи­нақтаған басылымға қа­тыс­ты тұщымды пікірлер ортада тоғысты.

Алматы қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен «Arna-b» баспасынан жарыққа шыққан кітап композитордың туғанына 80 жыл толуына орайластырылып отыр. Кітапты жинақтауға екі-үш жыл уақытын арнаған автор  композитордың өзімен, отбасымен етене жақын араласып, шығармашылығының ғұмыршаң болуына тілектестік білдірген Кәкімбек Салықов, Мұзафар Әлімбаев, Нұрғиса Тілендиев, Тұманбай Молдағалиев сынды тұлғалардың естеліктерін арнайы жазып алған екен. 

Іс-шараны жүргізген «Алма­ты ақшамы» газетінің бас ре­дак­торы Қали Сәрсенбай Әсет шы­ғармашылығының ерек­ше бір тұстарын тілге тиек етіп, маз­мұнды естеліктерге сөз кезе­гін ұсынып отырды.

«Әсетпен 1965 жылдардан бас­тап етене араласа бастадым.  Ол жылдарда Үңгіртастағы мектеп-интернатта директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарымын. Әсет аудандық мәдениет бөліміне қызметке келді, мектеп хорына жетекшілік етті. Ауыл мәдениетінің өркендеуіне барын­ша үлесін қосты. Сол бір жыл­дарда Әсеттің мұрындық бо­луымен ауданымыздың ұстаз­дары мен балалар ұжымы «Қазақ­стан» телеарнасында концерт беріп, ұлттық каналмен тікелей шы­ғармашылық байланыста болып тұрды. Кейіннен Әсет «Гүл­дерге» жетекшілікке ауысып кетсе де ауылмен арақатынасын үзбеді. Өзінің концерттерін ұйым­дастырып, сәлемін беріп кететін. Бүгінде Нұрғали Нүсіп­жанов орындап жүрген, ұлым Тал­ғаттың отау көтерген шағын­да шығарған «Қос жүрек» әні сый­ластығымыздың бір нышанын­­дай әнге айналды», деді сағы­нышты жылдардың естелігімен бөліскен Тұрсынбек аға.

Әсеттей дара тұлғаның бауыры Амангелді Бейсеуов композитор шығармашылығын насихаттау туралы мәселелерді ортаға салып, кітап авторына алғысын білдірді.

Кездесу соңында күйші Талап Қараш 1971 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген Әсет әндерінің «Гүлдер» жинағын көпшілікке ұсынып, кезекті күйге берді. Ал Алтын Әліпбаева, Ұл­жан Айнақұлова сынды әншілер сахна төрінде әуезді әндерімен әсер қалдырды.

Бұған дейін көптеген кітап­та­ры арқылы оқырмандар ықы­ла­сына бөленіп жүрген Тұр­сын­­­бек ағамыздың жинақтап, құ­рас­­­тырған еселі еңбегіне осы бас­­қосуға жиналғандар риза­шы­­лы­ғын білдіріп, Әсеттей тұлға­ның әні ұрпақтан-ұрпаққа жалға­сын табады деген үлкен сеніммен тарқасты.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ