Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2018

Көкшетау қаласы: Аралас мектептің ақиқаты

377 реткөрсетілді

Тәуелсіздік алғалы аттай 27 жыл өтсе де Көкшетау қаласында бұрын-с оңды жаңа қазақ мектебі салынбаған еді. Биыл «ақ тү йенің қарны жарылып...» ел тілегі орындалғалы тұр. Әйтсе де қам көңілдің түйткілі басым.   

Бұл мектеп жаңадан салынып жатқан «Сарыарқа» шағын ауда­­­­нында. Құрылысы бір жыл бұрын бас­­талған. Жаңа оқу жылында пайда­лануға берілгелі отыр. Ғимаратты «Бай­сын» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі салып шықты. Сырт көзге сапасы жаман емес сияқты. Сынақ­шысы – Арқаның үскірік аязы. Құры­лыс­шылардың сөзіне сенсек, бәрі де жақсы болатын сыңайлы. Аумағы атшаптырым. Асханасы, екі спорт залы, 270 орындық мәжіліс залы, 900 оқушыға арналған білім ордасының жанында стандартқа сай футбол, бас­кетбол, волейбол алаңдары бар. 

Сөз жоқ, қазақ тілінің кірпігі ғана қимылдаған Көкшетау үшін көл-көсір қуаныш. Бұлай болатындығы, облыс орталығындағы 24 мектептің үшеуі ғана қазақ мектебі. Атап айтқанда, білімнің қара шаңырағы саналатын – Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясы, Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейі және облыс орталығының құрамына кіретін Краснояр ауылындағы №3 мектеп-гимназиясы. Қалғаны – аралас мектептер. Сөз арасында облыс орталығында 23 мыңға таяу оқушы барын айта кетелік. Осы жеткіншектердің жартысына жуығы қазақ сыныптарында оқиды. Қазақ сыныбы дегенде, ара­лас мектеп. Аралас мектепте тіл мең­геру деңгейі қаншалықты екендігін көкшетаулықтар жақсы біледі. Жа­уыр­ды жаба тоқудың қаншалықты қа­жеті бар. Қиялай тартсақ, аралас мек­тептің қазақ сыныбында оқитын оқушылары басым көпшілігі үзілісте, сабақтан тыс уақытында бұрынғы қал­пымен орыс тілінде сөйлейді. Тіпті, қазақша оқып жүрсе де тілдері жаңа шығып келе жатқан сәбидің тіліндей.     

Алдымен, аралас мектептердің өмірге келу жайы туралы айтсақ, бұлардың түп-тамыры сонау патшалық замандағы орыс-түзем мектептерінен басталады. Ал 1990 жыл­дар­дағы жағдайды аға буын өкілдері жақ­сы біледі. Бұл кезде қазақ тілі білім ошақтарының төріне, тіпті, босағасына ене алмай жаутаңдап тұрған шақ еді ғой. Қызыл империяның өктемшіл, озбыр саясаты шағын ұлттар мен ұлыстардың рухын жасытып, тілі мен ділін жоюға сынық сүйем ғана қалған еді. Аралас мектеп туралы әңгіме қаузағанда, алдымен облыс орталығындағы мектептерге сыналап қазақ тілін енгізу қажет болды. Бесігінде тұншығып жатқан қазақ тілінің, қазақ тілінде білім беретін сыныптың басын дауға қалдырмау үшін. Өз тілімізде оқимыз деп айтудың өзіне ерлік керек болған заман-ай, десеңізші. Оның өзінде де қазақ сыныптарына қолайсыздау орын бөлінетін жағдайлар да кездесті. Тіпті, оларға дәретхананың жанынан бөлме берілгендігі туралы ақпараттар жетіп жатты. Біртіндеп соның барлығы жөнге қойылды. Бүгінде аралас мектеп шын мәнінде өзінің тарихи миссия­сын аяқтады. Әуел баста амалсыз­дан жасалған қадамның зиянын, тә­лім-тәрбие барысының дәл ұлттық мек­тептегідей жүргізілмейтіндігін әри­не, ел кейін білді. Бірақ бұдан басқа амал болмаған. Таза ұлттық мек­теп ашуға уақыт керек еді. Әрі мұн­дай мә­селе қою мүмкін емес шаруа болатын.

Бүгінде мәселе толайым шешілді дей алмасақ керек. Мына бір дерек­терге ой көзімен қарап, назар ауда­ры­ңызшы. Бүгінгі таңда Ақмола облы­сындағы білім ошақтарында 15 мыңнан астам қазақ балалары орыс тілінде білім алуда. 6-7 жыл бұрын мұндай оқушылардың саны 20 мың­нан көп болатын. Қазір қайта жыл сайын ептеп азайып келеді. Дәтке қуаты, өзге ұлт өкілдерінің 726 баласы қазақ тілінде оқиды. Бүгінгі жағдай кешегі кеңес заманындағыдай емес қой.

Ана тілінде жоғары білім алуға толық мүмкіндік бар. Іс қағаздары біртіндеп жергілікті ұлт тіліне көшіп келеді. Кез-келген сала қазір жергілікті ұлт тілін жетік білетін мамандарға зәру. Ендеше, неге өз тілімізден өзіміз безінеміз. Бәлкім, мұның барлығы кешегі кеңес заманынан қалған, санамызға өшпестей орныққан, балталаса бұзылмайтын дағды, қорқыныштың сарқыншағы, әлдеқалай болар екен деген босаң болжамның бейнесі болар...

– Кеңес заманында мектепке дейін­­­гі мекемелердің де жағдайы сын көтер­мейтін. Облыс орталығында жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие беретін бірде-бір балабақша болған жоқ. Жаста берген тәрбие жас қа­йың­­ды игенмен бірдей екендігін сана­мыз­бен салмақтап, жүрегімізбен түйсін­генімізбен қолдан келер дәрмен аз. «Әсел» балабақшасын ашу кезінде ұлт­жанды азаматтардың ересен қа­жыр-қайраты қажет болды. Менің ойым­­ша, аралас балабақшаларда ұлт­тық тәлім-тәрбие беру, ана тілін оқы­­тып, үйрету қисынсыз шаруа. Екі топ ара­ласпай тұра ма. Сондай сәттер­де не­гізінен, балалар орыс тілін­де сөй­леуге бейім. Демек, аты ұлт­тық бол­­ғанымен, мазмұны өзгеше қо­йырт­­­пақ топ болып шығады, – дейді бі­лім саласының ардагері Тельман Мұқышев.     

Қазір біртіндеп жергілікті ұлт ті­лінде тәлім-тәрбие беретін бала­бақ­шалар көбейіп келеді. Мұның өзі жанға – медет, дәтке – қуат. Түптің түбін­де қағажу көрген, адам айтқысыз бейнетті басынан өткерген, өшіп бара жатып жанған, сарқылып бара жатып толған қазақ тілінің қабағына қуаныш ұялайтын күн алыс емес. 

Енді аралас мектептерден біртін­деп құтылған жөн. Көкшетауда бір-біріне жақын тұрған бірнеше мектеп бар. Мәселен, Жұмағали Саин көшесінің бойындағы №11, 13 орта мектептердің арасы жүз-ақ қадам жер. Осы мектептердің бірін қазақ мектебіне ауыстыруға әбден болады. Бұл қадамның өзге ұлт өкілдерінің мүддесіне ешқандай кері әсері жоқ. Есесіне тағы бір ұлттық мектепке ие болып, жас ұрпақ қазақылана түсер еді. Капцевич көшесіндегі №5 және №6 орта мектептер де аралас мектептер санатында. Осы мектептердің бірін жергілікті ұлт тілінде білім беретін мектепке айналдырудың қаншалықты қиындығы бар?! Әне бір кездері №11 орта мектепті жергілікті ұлт тілінде білім беретін мектепке айналдырамыз дегенде қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдер келіспей, қисынсыз сылтау айтылған. Бұл сыныққа сылтау іздеу, әйтпесе, облыс орталығындағы бірнеше жоғары оқу орындары жыл сайын жүздеген мұғалімдерді даярлап жатыр. Олардың ішінде жұмыс таба алмай жүргендері де бар.

– Үш балам аралас мектепте оқиды, – дейді Көкшетау қаласының тұр­ғыны Қонысбай Кереев, – үйде өз тілімізде сөйлесе алмайтын болдық. Қазақ тілін білсін деп қазақ сыныбына беріп едік, аралас мектептің әсерінен балаларымыз орыс тіліне жақындау болды. Айтып та жатырмыз, ұрысып та жатырмыз, бірақ, нәтиже шамалы.

Солтүстік өңірде өзге тілдің өрісі­нен өз тіліміз өре бойы озуы үшін аралас мектептерден біртіндеп арылған дұрыс болар еді.

 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Спартакиада мәреге жетті

Аймақтар • Бүгін, 15:25

Құмырсқа пәлсапасы

Қоғам • Бүгін, 09:48

Табысқа жетуге талпындырды

Қоғам • Бүгін, 09:23

Ұлттық комитет мүшелері бас қосты

Қазақстан • Бүгін, 09:17

Тиімділікті арттыратын құжат

Қазақстан • Бүгін, 09:15

Жеті балуан ТОП-20 қатарында

Спорт • Бүгін, 09:12

Өнер бәйгесінің жаңа жұлдызы

Руханият • Бүгін, 09:06

Бөдене саңғырығы – биоотын

Аймақтар • Бүгін, 09:04

Шатарбай әулетінің шеберлері

Руханият • Бүгін, 09:02

Қаймағы бұзылмаған қазына

Руханият • Бүгін, 08:56

Түлкі өзені бір тазарып қалды

Аймақтар • Бүгін, 08:52

Арал қайта оралады

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Мәрмәр етін өндіретін кешен

Экономика • Бүгін, 08:46

Түркінің түп негізі – қазақ

Руханият • Бүгін, 08:36

Сабақтастық стратегиясын саралау

Қазақстан • Бүгін, 08:30

Химиялық қалдықтардан қатер көп

Экология • Бүгін, 08:25

Ұқсас жаңалықтар