«Конференциядағы өзекті күн тәртібінің өзектілігі әйелдердің заманауи әлемдегі ерекше рөлін және көптеген саяси, әлеуметтік мәселелерді шешуге, шиеленістерді реттеуге, бейбітшіліктің дамуына қосып жатқан өлшеусіз үлесін айқындайды. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері гендерлік саясат мәселесінде жоғары әлемдік стандарттарға қол жеткізу үшін және елдің әлеуметтік-саяси өміріндегі әйелдердің рөлін күшейту үшін жүйелі жұмыс істеп келеді. Еліміз гендерлік теңдік жөніндегі барлық іргелі халықаралық құжаттарды ратификациялады, оның қағидалары біздің стратегиялық және саяси құжаттарымызда көрініс тапты.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде әлемдік қоғамдастықтың белсенді қолдауымен Орталық Азия мен Ауғанстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Осы орайда ауғандық әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің кеңеюі де өте маңызды. Ауған үкіметінің елдегі әйелдердің жағдайын жақсарту және гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі қадамдарын жоғары бағалай отырып, біз ауған халқына арналған тұжырымдамалар мен халықтың өз күш-жігері арқылы Ауғанстанда бейбітшіліктің тезірек орнағанын қалаймыз. Ол үшін азаматтық сектордың, халықаралық, өңірлік және ұлттық, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін белсенді пайдалану керек.
Бүгінгі конференциялар сынды халықаралық алаңдар әлеуеті тұтас әлемдік қоғамдастықтың кең ауқымды пікірін ескере отырып, қазіргі және келешектегі ең маңызды мәселелерді талқылап, оған қарсы күш біріктіруіне мүмкіндік береді.
Бүгінгі конференция Ауғанстанды одан әрі дамыту және оңалтуға, ауған әйелдерінің жағдайын жақсартуға, елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын іздестіруге қосымша серпін беретініне сенімдімін. Оған конференция қатысушыларының жоғары сапалы құрамы мен өкілеттілігі мүмкіндік береді. Шара барлық қатысушылар үшін пайдалы пікір мен тәжірибе алмасуға көмектеседі деп ойлаймын», делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзінде.
Шара барысында Гүлшара Әбдіқалықова конференция қонақтарына гендерлік теңдік, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің кеңеюі Қазақстанның да тұрақты дамуының маңызды аспектілерінің бірі екенін жеткізді. Бұл бағыт әсіресе Қазақстанның мемлекеттік саясат шеңберінде жиі жүзеге асырылады. Мәселен мемлекеттік органдардың 50 процентін әйелдер құрайды, ал олардың Мәжілістегі саны – 27%. Мемлекеттік хатшының айтуынша, Қазақстанда бұдан өзге әйелдер белсене араласатын түрлі ұйымдар, шағын және орта бизнес саласы, саяси партиялар жеткілікті. Гүлшара Әбдіқалықова Ауғанстандағы және Орталық Азия аймағындағы нақты экономикалық жобаларды жүзеге асыруға халықаралық бизнесті кеңінен тарта отырып, әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Бұл өз кезегінде Ауғанстан әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейте түсетін болады.
Конференцияға қатысқан Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов та Ауғанстан елінің қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатер мен өзге де өзекті мәселелер Орталық Азия аймағының елдері мен әлемдік қоғамдастықтың жіті назар аударып, қолдауына мұқтаж екенін баса айтты. Бұл ретте, ауған халқының мүддесін қорғау Қазақстан үшін де басым бағыт болып табылады. Сонымен бірге министр Ауғанстанды Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысқа тартудың маңыздылығын атап өтті.
Сыртқы істер министрінің айтуынша, БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерриш өзінің жыл сайынғы баяндамасында ұйымның әлемдегі барлық әйелдер мен қыз балалардың құқығы мен мүмкіндігін кеңейту бойынша күш біріктіруге міндетті екенін жеткізген болатын. «Әйелдер адамзаттың тең жартысын құрайтынын ескере отырып, олардың қолынан келетін іс-әрекетті өз шегінде қолданбасақ немесе мүмкіндік бермесек ұтыларымыз анық, деген БҰҰ басшысы А.Гутерриш әйелдер проблемасы ұйым тарапынан қолдауға ие екендігін ерекше атап көрсеткен. Осы орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та еліміздегі әйелдер құқығының өмірдің барлық саласында толық сақталуына ерекше басымдық беріп отыр», деді Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахманов. Сонымен бірге Елбасымыздың бастамасымен Қазақстан мыңдаған ауған студенттерін тегін оқытуға міндеттеме алып, екі ел арасындағы Мемлекеттік білім беру бағдарламасына 50 млн АҚШ доллары бөлінген. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде осы ұйым тарихында тұңғыш рет тек Орталық Азия мемлекеттерін ғана емес, Ауғанстан елінің мүддесін де қорғауды басты міндетіне алып отыр.
Пленарлық отырысты йемендік құқық қорғаушы, журналист және саясаткер, Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын алған тұңғыш араб әйелі Тавакул Карман, Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Танзила Нарбаева, Қырғызстанның вице-премьер-министрі Алтынай Омурбекова жалғастырды. АҚШ президентінің кеңесшісі Иванка Трамп конференция көтерген мәселенің өзектілігіне орай, шараға қатысушыларға арнайы видеоүндеу жолдады. Оның айтуынша, өз қоғамында шектеусіз қызмет ете алатын әйелдер өмір сүріп жатқан елдер үлкен табысқа жетуде. «Ауғандық жетекші әйелдер көп жылдардан бері әйелдердің денсаулық сақтау, экономика және саяси құқық салаларындағы негізгі қызмет көрсету құқына байланысты, сондай-ақ кедейлікке, әділетсіздікке және зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізіп келеді. Олардың бойында бейбітшіліктің іргетасын қалауға мүмкіндік беретін зор әлеует пен тәжірибе бар.
Бүгінгі таңда 4 млн-ға жуық ауған қызы бастауыш және орта білім беретін мектептерде оқуға мүмкіндік ала алды. Ал жоғары оқу орындарында 100 мыңнан астам ауғандық әйел білім алуда. Бұл көрсеткіштер өткен онжылдық ішінде мүмкін емес дүние болатын. Келешекте біз бұдан да зор жетістіктерге талпынуымыз қажет, деп түйіндеді Иванка Трамп өз сөзін.
Ауғанстанның Әйелдер ісі жөніндегі министрі Дильбар Назари өз баяндамасын конференция өткізу туралы бастама көтерген Қазақстан тарапына алғысын жеткізуден бастады. Д.Назаридің айтуынша, бүгінде ауған әйелдерінің өмірінде көптеген жағымды өзгерістер бар. Ауғанстан үкіметіндегі министр әйелдер, жергілікті басшылық қызметтегі ауған әйелдері отандастарының құқығын қорғауға барынша атсалысуда.
Ауған әйелдерінің өміріне бейжай қарамағаны үшін Қазақстанға алғыс айтқандар қатарында БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Наталья Герман да бар. Ол Қазақстанның өзекті мәселеге ерекше мән беріп, шешуіне атсалысып жатқанына ризашылық білдірді.
Алқалы жиын түстен кейін бірнеше сессияларға бөлініп, экономикадан саяси ықпалдастық, білім сияқты алуан түрлі тақырыптарда пікірталастар жүргізілді. Шараға қатысқан Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева пленарлық отырыстан кейін журналистерге сұхбат берді. Онда сенатор елімізде Ауған әйелдерінің мәселесі бойынша ортаазиялық кеңсе ашу туралы ойын жеткізді. «Қазақстан барлық пікірталастарға ашық, бірақ бұл мәселені жеке-дара иеленіп, шешуге қақысы жоқ. Сол себепті барлық мәселелер конференцияға қатысушы тараптардың келісімімен, дауыс беруімен анықталып, көпшілік талқысына салынуы тиіс. Жалпы, еліміз бұл шараның бір реттік емес, ортаазиялық аймақта жыл сайын өтіп тұратын халықаралық жиын болғанын қалайды. Себебі Орталық Азияның әр елінің өзіндік гендерлік мәселесі бар, бірақ ауған әйелдерінің жағдайы өте қиын. Бұл өте күрделі жағдай. Ауғанстанға БҰҰ, Еуроодақ, банктер, халықаралық ұйымдар бірталай жәрдем көрсетіп жатыр. Бірақ соның барлығын реттейтін, бақылайтын бір орталық жоқ. Жалпы, осы елдегі бейбітшілік бүкіл әлем үшін өте маңызды», деді Д. Назарбаева. Сенатор шара аясында өзбекстандық әріптестерінің де өз елдерінде ауған жастарын оқытып жатқанын айтты. «Жапония да білім беру саласы бойынша Ауғанстанға үлкен көмек беруде. Еуропалық одақ білім беру грантының алғашқы кезеңіне 2 млн еуро бөлуге дайын. Бұл тараптағы жұмыс өз жалғасын таба береді», деген ол Ауғанстан жастарына қаралатын білім гранттарының 50 процентін қыздарға бөлуді ұсынды. – Бүгінгі шараны әйелдерге арнауымыз бекер емес. Әйел өмірге бала әкеледі және оған тәрбие беріп, мінезі мен ойын қалыптастырады. Сондықтан әйел білімді болуы керек. Білімді әйел баласына өз махаббатын, жылуы мен мейірімін төгіп, дүниетанымын дұрыс қалыптастырады. Ерлердің әйелдерге деген қарым-қатынасы дұрыс қалыптасады. Яғни барлығы отбасынан басталады».
Конференцияға Ауғанстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Еуропалық Одақ, Қытай, Ресей, Үндістан және БҰҰ-дан арнайы делегациялар қатысты.
Ауғанстанға деген халықаралық назарды ескере отырып, Қазақстан осы елдегі ұзақ мерзімді бейбітшілікке және тұрақты дамуға қол жеткізу мақсатында, халықаралық қоғамдастықтың елдегі ахуал туралы ақпаратын арттыруға және Ауғанстан әйелдері мен қыздарын қолдауға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілетуге және кеңейтуге талпынуда.
Конференция қорытындысы бойынша Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудегі және жалпы Орталық Азия елдерінде гендерлік үрдісті ілгерілету ісіндегі өңірлік өзара іс-әрекеттің бағыттары айқындалған Астана декларациясы қабылданды.
Мемлекеттік хатшы конференция аясында Өзбекстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – Әйелдер комитетінің төрайымы Танзила Нарбаевамен, сондай-ақ ауғандық делегация басшысы – Ауғанстан Ислам Республикасының Әйелдер істері жөніндегі министрі Дильбар Назаримен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында Қазақстанның Өзбекстанмен, Ауғанстанмен ынтымақтастығының қазіргі ахуалы және келешегі талқыланды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»