Қазақстан – өмір сүруге ыңғайлы ел
Халықаралық қоғамдастық бірігіп «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ғаламдық қауіпсіздік мәселесін оңтайландыра алмауда. Оның бір дәлелі – босқындар санының күннен-күнге арта түсуі. Бұл мәселені қазақы жалпақ тілмен жеткізсек, «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деуге келеді. Яғни, қауіпсіздігі үшін қорыққан талай пенденің от-су кешіп, отанын тастап, беті ауған жаққа қашуы қалыпты құбылысқа айналып кетті. Осы мәселені май шаммен зерттеп жатқан БҰҰ мен Еуропалық одақ әзірге ортақ шешім таба алмай отыр.
Осы орайда Қазақстан да босқындар қабылдау мәселесінен тыс қала алмайды. Қазіргі уақытта елімізде Ауғанстан, Сирия, Өзбекстан, ҚХР жəне тағы басқа елдерден келген 589 босқын өмір сүруде. Олардың көпшілігі он жылдан бері елімізде тұрып келе жатыр. Босқындар мәртебесін алғандардың ішінде дəрігер, мұғалім мен сəулетші сияқты жоғары білімді жəне білікті мамандар бар. Қазақстанның заңдық нормаларына сəйкес босқындардың жұмыс істеуге құқы болғанына қарамастан, олардың мəртебесі (уақытша тұратын шетел азаматтары) бірқатар қиындықтар туғызады екен. Оларға елде тіпті 10-20 жыл тұрса да, азаматтық берілмейді. Өйткені заң бойынша олар азаматтыққа арыз бере алмайды.
Босқындардың 70 проценті оңтүстік аймақтарда, Алматы мен Шымкентте орналасқан. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанға білім алуға келген ауған студенттері Ауғанстандағы билік басына тәліптердің келуінен кейін елдеріне қайтуды жөн санамаған. Ауғандық босқындардың алғашқы легіне 20 жылға тақап қалған, олардың саны жалпы босқындардың 90 процентін құрайды. Олардың балалары осында туып, өсіп-өнгендіктен өздерін қазақстандықтар санайды екен. Бұдан бөлек, кейінгі уақытта елге Сирия дағдарысы кезінде аздаған сириялықтар бас сауғалап келген.
Еліміздегі босқындардың айтуынша, Қазақстандағы бейбітшілік олар үшін жәннат. Яғни қазақтың басты байлығы – бірлік пен татулық елімізді құтты мекенге айналдырып отыр. Халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюроның қазақстандық өкілдігі директорының орынбасары Денис Дживага да осы сөздерді қуаттайды. «Қазақстан босқындар легіне әрдайым дайын күйде болуы керек. Қазақстанда босқындар саны соншалықты көп емес. Орын алған экономикалық дағдарыстарға қарамастан, Қазақстан өте бақуатты, тыныш, өмір сүруге ыңғайлы. Ауғандықтар мұнда келгенде ең бастысы бейбітшілік пен тыныштықты атап көрсетеді. Босқындардың тілегі бейбітшілік, оларға басқа ештеңе керек емес. Олар өз елдерінде үнемі кез келген уақытта өлтіріп кетуі мүмкін деген қорқыныш пен үрейде өмір сүреді», дейді ол.
Бейбіт өмір іздеген босқындар көп
БҰҰ-ның босқындар бойынша агенттігінің жыл сайын дайындалатын ғаламдық статистикалық есебіне сүйенсек, 2017 жылы әлемде әр минут сайын соғыстан, қуғын-сүргіннен, зорлық-зомбылықтан қашқан 31 адам баспанасын тастап шығуға мәжбүр болған. Олардың тең жартысы 18-ге дейінгі балалар екен. Бүгінгі таңда Орталық Азияда 3 жарым мыңнан астам босқын мен баспана іздеген 700-дей адам тұрып жатыр. Олардың көпшілігі ауғандықтар. Таяу Шығыстағы соғыс лаңы кесірінен соңғы үш жылда осы елдің халқы экономикасы мен әлеуметтік жағдайы тұрақты елдерден сауға сұрап, тентіреген көрінеді. Азаматтық бермесе де заңсыз жолдармен шекарасын кесіп өтіп, үлкен мегаполистер жанынан ашылған лагерьлерде қоныстануды әдетке айналдырды. Лагерьдегі өмір сүруге қолайсыз жағдай, босқындар арасындағы өзара төбелес, қылмыстар мен орын алған өрттер олардың жойылуына әкеліп соқты. Бір жерден күреліп тасталынған лагерь қаланың екінші бір шетінен бой көтеріп, оны түбірімен жоюға Еуропаның қауқары жетпей отыр. Бұл ұзын-сонар босқындар тудырған мәселелердің бір шеті ғана.
Жалпы осыдан үш жыл бұрын әлемде Таяу Шығыста орналасқан елдерде орын алған азамат, кейінірек әлем елдері кірісе бастаған соғыстан қашқандардың алғашқы легі жан-жаққа бас сауғалай бастады. Тұрмысы жайлы, ең бастысы соғыс өрті жоқ Еуропаға Африкадан, Таяу Шығыстан, Сириядан қауіпсіз өмір іздеп ағылған босқындар легі бұрынғыдан да күшейе түсті. Одан бөлек, жалпы әлемдегі босқындар саны 244 млн адамға жеткен. БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша басқармасы мұның себебін Таяу Шығыс пен Африкада, Сирияда, Ауғанстан мен Судан, Оңтүстік Судан, Мьянма, Ирак, Конго Демократиялық Республикасында орын алған соғыс пен қақтығыстармен, адамдардың кедейшіліктен қашуымен түсіндірді. Міне, босқындар көшінің басталғанына біраз уақыт өтсе де Еуропаға көшіп келгісі келетін мигранттар саны әлі күнге толастар түрі жоқ.
Еуропа жан-жақтан ағылған босқындар легін бірден қабылдай алмай, босқындар дағдарысына ұшырады. Дағдарыстың күрделі және ауқымды болғаны соншалық, ортақ шешім іздеуге тұтас Еуропа белсене кірісті. Жедел түрде уақытша шешімдер қабылдана бастады. Түркиямен келісілген шаралар ушыққан жағдайды жұмсартып, босқындарға баспана беру мен елдеріне қайту процедураларын жолға қоюға мүмкіндік берді. Десек те, Еуропалық одақ елдерінің арасында саяси көзқарас қайшылығы туындады. Әсіресе, Франция, Венгрия, Словакия мен Эстония босқындарды квотамен бөліп қоныстандыруға қарсы шықты. Бұрын да миграциялық қатерге байланысты ортақ шешімдер қабылдаудан қашқақтап жүрген Еуропа елдері бірігіп батыс Балқандағы жағдайды реттеуге бар күшін салды. Себебі Еуропаға Таяу Шығыстан ағылған босқындар мен мигранттар легінің негізгі көші батыс Балқан арқылы келетін. Бұл шара оларға жедел түрде орын алып жатқан оқиғаны уыстан шығармауға мүмкіндік берді. Еуропа басшылары Балқандағы заңсыз босқындар жолын кесіп, Таяу Шығыстан келетіндердің тағы бір транзиті болып табылатын Түркиямен келісімшарт жасасты. Осындай кешенді іс-шаралар босқындар мен мигранттар легін аз да болса қысқартуға көмектесті.
Еуропаның мигранттар мен босқындардың келуі арқылы аймаққа қосымша еңбек күші тартылып, жұмысшылар қоры пайда болады деген үміті ақталмады. Еуропалық рынокқа қажетті мамандар келмегені былай тұрсын, жұмысшылар арасында жоғары білімді мамандар аз болып шықты. Ал кейбір құжатсыз мамандар күдік тудырады. Мәселен, Сирияда дәрігер болған азаматтар құжаттары болмаса жұмысқа тұра алмайды. Әрі босқындардың ұзақ жолда бастан өткерген психологиялық қиындығы, олардың жергілікті тұрғындардың өмір салтына сіңісіп кетуі оңай болмай тұр.
Бұл көш бұрынғы көштен өзгерек
Таяу Шығыстағы соғыс өртінің соңы, биліктегі саяси хаос шегі әлі көрінбейді. Сол себепті Еуропаның босқындар мәселесін түбегейлі шешеміз деген үміті қаншалықты шындыққа жанасымды?! Африкалық көш те таяу арада тыйыла қоймасы анық. Жалпы 2011 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан мониторингті қарасақ, Сириядағы әскери қимылдардың себебінен босқындар мен ішкі көші-қон осы елдің тең жартысын шарпыған. Ал бұл 4 млн босқын мен 8 млн ішкі көші-қондағы адамдарды құрағанын көрсетеді. Ел халқының жартысы босқынға айналатынын Еуропа елдері аңдамай қалды. Кез келген мәселені алдын ала болжап отыратын еуропалықтар бұл көшті алғашқыда бейқам қабылдады. Мәселен, оларға африкалық елдерден келетін босқындар сипаты мен ауқымы 2000 жылдардан бері таныс. Сондай-ақ еуропалықтар Африкадан Испанияға ағылғандар көшінің экономикалық себептерін де біледі. Еуропалықтарды алдымен босқындар көші-қоны емес, аралдарда суға батқан жүздеген қайықтар мен кемелер, онда суға кетіп қаза тапқандар санының көптігі мазалай бастады. Еуропаға барар жолдың қауіптілігіне қарамастан, ақшаға құныққан контрабандамен айналысушылар соғыстан бас сауғалаған жас балаларды, аяғы ауыр әйелдер мен қарттарды жарамсыз кемелер мен қайықтарға отырғыза берді. Яғни Еуропа шығысқа қарап, Сириядан ағылған лекке дайын болудың орнына, қауіпті оңтүстіктен күтті. Осындай оқиғалардың бірізділігі Еуропа одағын адастырғандай болды, олар бұл көштің өздеріне таныс Африка көші сценарийінен айырмашылығы бола қоймас деп шешті. Міне, осының салдары өздеріне үлкен зиян әкелді.
Жерорта теңізінен Еуропаға бет алғандардың сипаты экономикалық болса, Таяу Шығыстан шаршап жеткендердің табиғаты саяси тұрғыда болды. Олар өз өмірлерін құтқару мақсатында, елдерінде өсіп кеткен зорлық-зомбылықтан қашты. Оған қоса, босқындардың кез келген елден халықаралық түрде қорғаныш сұрауға заңды құқы бар болатын. 1951 жылғы босқындар статусын нақтылайтын БҰҰ конвенциясына сәйкес, соғыстан қашқан және қуғынға түскен әр адам саяси баспанаға үміт арта алады. Міне, осы заң Еуропа елдерінің қолын байлап, оларды босқындарды келген жағына қайтармай, қабылдап, оларға баспана тауып беруге міндеттеп отыр. Бұдан бұрын Батыс Еуропа 1990 жылдары Косово мен Босния және Герцеговинадан қашқан босқындардың ауқымды көлемін қабылдаған болатын. Қазіргі жағдай басқаша, қысқа уақыт ішінде жағдай тез құбылып, ішкі саяси тұрақсыздыққа әкеліп отыр. Босқындар жолының географиялық сипатына қарай ұжымдық шешімді қабылдауға Еуропалық одаққа кірмейтін Балқан елдері де тартылды. ЕО елдері өздерінің ұлттық идентификациясын сақтау мен террорлық әрекеттерге байланысты қауіптен қорқып, босқындарға уақытша баспана тауып беру мәселесін бұрынғыдан бетер ушықтырды. Босқындар жасаған қылмыс саны күрт үдеді, Германия мен Швециядағы әйелдерге жасалған зомбылық, Франция мен Бельгиядағы террорлық актілер Еуропаға радикал исламшылардың босқындар бейнесін жамылып келуі әбден мүмкін екенін көрсетті. Бұл оқиғалар тізбегі бұқаралық ақпарат құралдарының босқындар туралы асыра сілтеп жазуына әкелді.
Жуырда Германияның Ішкі істер министрі Хорст Зеехофер ішкі қарсылықтарға қарамастан 63 пункттен тұратын көші-қонның (миграция) бас жобасын талқыға ұсынды. Жобаның негізгі мақсаты – Еуропалық одаққа кіретін барлық елдер үшін босқындарға саяси баспана берудің ортақ жүйесін жасап шығару, Африка аймағын экономикалық тұрғыда жандандыру үшін қолдау шаралары, Жерорта теңізінен құтқарылған босқындарды жеткізетін солтүстік Африкада «қауіпсіз аймақтар» жүйесін құру. Дегенмен, бұл шаралардың бәрі босқындардың шығуының себебін жоймай, салдарымен күресуге арналып отыр. Сондықтан да Еуропа үшін оңтүстік пен шығыстан ағылған босқындар мәселесі әлі күнге дейін өткір күйінде тұр.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»