24 Желтоқсан, 2011

Қандастарға қарымды қамқорлық қажет

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алдағы сайлау додасы алдындағы үгіт-насихат жұ­мыстарына белсене кіріскен «Руханият» партиясы бү­гінгі күнге дейін жұрт­шы­лықпен бірқатар кездесулер өткізіп үлгергені белгілі. Жақында партия аты­нан Парламент Мәжілісіне депутаттықтан үміткерлер атажұртына келген отандас ағайындармен жүздесті. Бұл басқосуға «Руханият» пар­тиясының төрағасы Серікжан Мәмбетәлин қатысты. «Руханият» партиясы қо­ғамдағы өткір тұрған мәсе­лелерді шешуге мүдделі екендіктерін, бұл ретте қан­­дай қадамдарға баруды көздейтіндіктерін өздерінің сайлауалды тұғырнамасы арқылы мәлімдеген болатын. Мәселен, елдегі барлық эностық топ өкілдерінің тең құқын сақтаған қазақ ұлттық мемлекетін құру – руханият­тықтар таңдап алған басты бағдар. Сайлауалды бағ­дар­ла­ма­да көзделген мәсе­ле­лердің бірі – оралмандарға, орал­мандардың басында кездесетін күрмеулі, оның ішінде материалдық мәселелерді шешуге, шет елдердегі отан­дастарымызды елге әкелуге де бағытталып отыр. Бұл рет­те, сайлауалды тұғыр­на­ма­да: «Көрші елдердегі біз­дің бауырларымыз, біріншіден, қазақтың ежелгі ата­қо­нысында отырған жұрт. Кезінде патшалық Ресей мен Кеңестер Одағының солақай саясатының салдарынан олар басқа елдің азаматтарына ай­налып кетті. Екіншіден, тағы да сол патшалық және ке­ңес­тік зорлықшыл саясат кесірінен Қазақстан шека­расынан сыртқа асуға мәж­бүр бол­ған­дар. Енді біз тәуелсіздік алып, отарлық бұғаудан құ­тыл­ғаннан кейін олардың елі­мізге оралуын қамта­ма­сыз ету – біздің азаматтық міндетіміз!» делінген. Сондай-ақ, партияның бағ­дарламасында: «Мұндай үде­ріс­тің қажеттілігі шетелдік тәжірибемен де нақтылан­ған. Мәселен, Германия, Израиль, Польша, Ресей секілді елдерде мұндай тәжірибе бар. Егер мемлекет өзінің қар­жылық ресурстарын дұ­рыс бағытқа бөліп тұратын болса, оралмандардың бар­лық материалдық пробле­ма­ларын шешуге мүмкіндігі бар. Күн санап қытайға, өз­бек­ке, моңғолға, орысқа ай­на­лып бара жатқан, Қазақ­станға қарай ұшарға қанаты болмай отырған 5 миллионнан астам бауыр­лары­мызды 5 жылда кө­шіріп әкелуге ша­масының келгенінше ат­салысу әр қазақтың перзенттік бо­рышы!» деп атап өтілген. Қандастармен өткен бас­қосу кезінде «Руханият» партиясы атынан Парламент Мәжілісі депутат­ты­ғынан үміткер Қайрат Бодаухан оралмандардың тәу­елсіз Қазақстанның саяси, қоғамдық және рухани са­лаларға қосқан үлестеріне тиісті баға берілуі қажет­тігіне айрықша тоқталып өтті. Оның айтуынша, шетел асып, атажұртын аңсап жеткен қандастарымыз 20 жылдық асуды бағынды­рып үлгерген жас, тәуелсіз мемлекеттің дамуына, жандануына белгілі бір мөлшерде үлес қосуда. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.