Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2018

Уақыт найқалуды көтермейді

392 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Уақыт найқалуды көтермейді

Облыс орталығында бір мыңға жуық көпқабатты тұрғын үй бар. Алайда олардың бестен бірінде пәтер иелері кооперативтері (ПИК) құрылмағандықтан, жылыту маусымы қарсаңында алашапқын болып жүру әдетінен әлі арыла алмай келеді. 

Жеңілдікпен жылу есептегіш құралдарын орнату мемлекеттік бағдарламасының жүргізіліп келе жатқанына үш жылдан асса да, бар-жоғы 500-дей ғана құрылғы орнатылған. Тіпті жобаның жүзеге асырылуы осы жылдың қараша айына дейін ұзартылғанына, сараланған тарифтің қымбат­тағанына қарамастан, кейбір тұрғындар оның тиімділігін, үнемділігін қаперге алар емес.

Егесі жоқ үйлердің дәліздері, есік-терезелері қым­талмауы себепті пайдаланатын жылу мөлшері де, төлемақысы да шарықтап кететіні түсі­нікті. Тұрғын үй қорының үштен бірінің ғана дайын­дық паспортын алғандарына қарағанда, ПИК жетекшілеріне жұмыстарын ширатпай болмайды. Былтыр осындай жауапсыздықтар салдарынан жергілікті биліктің шұғыл шаралар қабылдауына тура келген-ді. Облыстық әкімдіктің отырысында қылышын сүйретіп келе жатқан қысқа әзірлік барысы қаралып, облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, Петропавл №2 жылу-электр орталығы 4 миллиард теңге бөліп, бұл қаражатқа алты қазандық, осынша құбыр агрегаты жөнделген. №4, 1, 5-ші турбоагрегаттар ауыстырылып, нәтижесінде оның тозу көрсеткіші 89 проценттен 59 процентке дейін төмендеген. Соның арқасында жылына 100 мың тонна көмір үнемделетін болды. Қазір мұнда бір айға жететін көмір қоры мен бір мың тонна мазут бар. Қазандықтардың 90 проценті әзір деген дерек келтірілгенімен, бұл жұмыс Жамбыл, Ғ.Мүсірепов аудандарында тиісті дәрежеде атқарылмағаны белгілі болды. Білім беру, денсаулық сақтау, бас­қа да бюджеттік мекемелердің қысқы жылыту науқанына сақадай-сай әзірлігін арнайы штаб бақылауда ұстайды. 

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету, аудан орталықтарын­да қазандықтарды қалпына келтіру, биомасса­­мен жылытылатын пештерді орнату мәселелерін­де шешімін таппаған түйткілді жайттарды атап көрсетіп, тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді. 

– Уақыт найқалуды көтермейді. Өз міндеттеріне салғырт қараған кәсіпорын басшыларын тиісті әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет, – деді Құмар Ақсақалов.

«Петропавл жылу желілері» ЖШС-сы жос­пар­ланған 11,9 шақырым жылу желісінің 8,8 шақырымын ауыстырған. Алайда, белгіленген шаралардың кестеден кешіктірілуі алаңдатпай қоймайды. Бұған тұрғындар мен ПИК-тердің сылбырлығын қоссақ, жағаны жайлауға жіберудің жөні жоқ. Ішкі жылу жүйелерін шаю және қысым арқылы тексеру жұмыстары 1073 көпқабатты тұрғын үйдің үштен екісіне ғана жүргізілген. Ал қысқа әзірлік куәлігі бар болғаны 100 үйге берілген. 

Энергетиктер күрделі және ағымдық қалпына келтіру жұмыстарын 20 қыркүйекке дейін толық аяқтауды жоспарлап отырғандықтан, тұтынушылар да, ПИК-тер де ширақтық танытулары керек-ақ. Күн сайын сан құбылатын ауа райын болжау мүмкін емес. Қыстың қыр астында тұрғанын күздің салқын қабағы да анық аңғартып тұр.


Өмір ЕСҚАЛИ, 

Солтүстік Қазақстан облысы