Парламент • 08 Қыркүйек, 2018

Cенаторлар Қызылорда облысында көшпелі отырыс өткізді

221 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы аясында білім беру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік жөніндегі ұлттық заңнаманы жетілдіру мәселелерін зерделеу үшін Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитеті Қызылорда облысында көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Cенаторлар Қызылорда облысында көшпелі отырыс өткізді

Депутаттар Қызылордаға сапардың алғашқы күні «Нұршұғыла», «Сыр Балажан», «Жетіқазына», «Сыр еркесі» және «Бегім ана» мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметімен танысты.

Комитет төрағасы Б.Әйтімова отырысты аша келіп, Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жақсарту мәселелерін жедел шешудің маңыздылығын  атап өтті.

Сенатордың айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері мемлекет пен бизнестің арасындағы ынтымақтастықтың жаңа сипаты болып табылады және ол еліміздің Үкіметі шектеген субъектілерден басқа  экономиканың барлық салаларында кеңінен пайдаланыла бастады.

Денсаулық сақтау саласында республикалық үш мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары әзірленуде. Бұл туралы денсаулық сақтау министрінің орынбасары О.Әбішев хабарлады. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасы мемлекеттік- жекешелік әріптестік негізінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды көздейді. Министрлік денсаулық сақтау саласындағы жеке бизнеске кедергілерді азайту жөніндегі жұмыстарды жалғастырып келеді.

Білім беру саласындағы «Балапан» балаларды мектепке дейінгі білім беру және оқытуды қамтамасыз ету бағдарламасы жеке инвестицияны тартудың жарқын мысалдарының бірі болып отыр. Бағдарлама жүзеге аса бастағаннан бері мемлекеттік білім беру тапсырысына орай мектепке дейінгі мекемелерге жеке инвесторлардың қатысуымен 200 мыңнан астам балаларға арналған 2 336 жеке балабақша мен шағын орталықтар ашылды.

Парламент еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады, ол мектептерге жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша ауқымды әкімшілік және экономикалық дербестік береді.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында 2019-2022 жылдарда студент жастар тұратын жатақхана жағдайы жақсартылып, 75 мың орын қосымша берілетін болады.

Қазіргі кезде әкімдіктер осынау өзекті мәселені алғашқы жылдары 70 мың адамға немесе қажеттілікті 84 пайызға шешуге мүмкіндік беретін жатақхана құрылысын салуға 141 жер телімі бар екенін нақтылады. Парламент қабылдаған заң жатақхана салу тетіктерін енгізуді көздейді.

Талқылауды қортындылай келіп, сенатор Б.Әйтімова білім беру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін реттейтін заң жобалары қаралған кезде ұсыныстар пайдаланылатын болады, деп атап өтті.

Комитет отырысына Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев,  денсаулық сақтау, білім және ғылым, ұлттық экономика министрліктерінің, «Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» акционерлік қоғамының, облыстық басқармалар мен департаменттердің өкілдері, қала әкімдіктерінің бөлімдері мен облыс аудандары басшылары қатысты.

Депутаттар сол күні облыстық медицина орталығында, емханада, диагностика бөлімінде, Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінде, «Тарлан» денешынықтыру-сауықтыру орталығыда болып,  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті.

Сенаторлар сондай-ақ Сырдария ауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдана отырып, табысты қызмет етіп келе жатқан Н.Ильясов ауылдық округінің жұмысымен танысты.

Парламенттің төртінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы туризм саласы кәсіпкерлікті дамытуға зор серпін беретіні туралы айта келіп, 2023 жылға дейін туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Депутаттар 8 қыркүйекте туризм индустриясын дамыту аясында Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне баруды жоспарлады.

Сенаторлар 9 қыркүйекте Қызылорда қаласындағы «Атамекен» балалар ауылына барады.