Білім • 09 Қыркүйек, 2018

Мектептегі маңызды мәслихат

524 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Отбасы тәрбиесі институтымен бірлесе отырып биылғы жылдың қыркүйек – қазан айларында еліміздің барлық мектептерінде «ХХІ ғасырдың ата-аналары: балаңызға үлгі болыңыз» тақырыбында «Біріңғай республикалық ата-аналар конференциясын» өткізеді.

Мектептегі маңызды мәслихат

Мектептегі дәстүрлі ата-аналар жиналысы көптеген мәселелерді шешуге көмектесетіні анық. Алайда, сынып жетекшілерінің айтуынша, ата-аналармен қарым-қатынас орнатудың бұл түрінде бірқатар қиындықтар туындайды. Ең басты себебі – педагогтерге жүктелетін жұмыстың шамадан тыс болуы және жиналысты өткізу әдісінің ескіруі. Сайып келгенде, бұл ата-аналардың мектеппен қарым-қатынас орнатуына әсер етеді. «Біріңғай республикалық ата-аналар конференциясының» дәстүрлі ата-аналар жиналысынан ерекшелігі – бұл жас ұрпақты инновациялық білімдермен және отбасылық тәрбиелеу әдістерімен оқытуға бағытталған және түрлі тақырыптарды қамтитын жаңа формат. Осыған орай Республикалық ата-аналар конференциясын еліміздің барлық мектептерінде өткізу жоспарланған. Кездесу барысында әр сыныптардың ата-аналарына арналған түрлі тақырыптар қозғалады.

Аталған конференцияның алғашқы жиыны апта соңында еліміздің барлық мектептерінде өтті. Елордадағы №54 мектеп-лицейінің қабырғасында ұйымдастырылған маңызды мәслихатқа Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов арнайы қатысып, бұл конференцияның ұстаз, ата-ана, оқушы үшін қаншалықты қажет екенін тілге тиек етті.

«Бүгін біздің еліміздің барлық мектептерінде біз үшін, жалпы қоғам үшін маңызды іс шара өткізілуде. Ең бірінші барлығыңызды осы жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Биыл 1 қыркүйек күні еліміздің 7024 мектебіне 3 миллионнан астам оқушы келсе, олардың 350 мыңнан астамы 1 сыныпқа барғандар. Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндеріміздің саны жыл сайын артып келе жатқаны бізді қуантады. Мектепке алғаш барып отырған балалардың ата-аналарымен тығыз байланыста болып, осындай конференцияларды өткізу мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты одан әрі арттырады. Бүгін сіздердің назарларыңызға біздің мамандарымыз түрлі тақырыптарда ой қозғайтын болады. Мысалы, баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбы. Бұл да өз алдына өзекті. Неге десеңіздер, қазіргі таңда біздің бүлдіршіндеріміз балабақша жасында болса да, планшет, смартфондардан алуан түрлі ақпараттар алады. Сондықтан ең бірінші бала қандай ақпарат алып жатқанын қатаң қадағалау керек. Өткен жылы Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялаған болатын. Осы бағдарламада білім саласына, тәрбие салсына қатысты маңызды мәселелер көтерілді. Олардың барлығы рет-ретімен атқарлып жатыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда білім салсындағы жаңа бағдарламалар туралы әртүрлі ақпараттар таралуда. Біз ол бағдарламалардың барлығын сараптаудан, саралаудан өткізіп, 2000 жылдардан бастап жүргізіп келеміз. Себебі, бізге функционалдық сауаттылық керек. Біз бұрынғыдай балаға тек ақпаратты жаттатып, сонымен шыға алмаймыз. Өйткені бүгін ақпарат өте жылдам өзгеруде. Көбеюде. Сондықтан ең бірінші телефондардағы, басқа да құрылғылардағы ақпаратты жаттағаннан гөрі оны қалай пайдаланамыз деген сұрақтың жауабын қарастыру қажет. Менің айтқым келген тағы бір мәселе, ол ұстаз мәртебесі. Ұстаз мәртебесі деген ол тек мемлекет шешетін мәселе емес. Оған ата-аналардың да қосатын үлесі қомақты. Неге? Себебі, сіз дастархан басында мектептегі мұғалім туралы жағымсыз пікір айтатын болсаңыз оны балаңыз да тыңдап отыруы мүмкін. Одан кейін ұстаздың мәртебесі қалай көтеріледі? Көп мәселелер отбасыға байланысты. Осы мәселе бойынша да, ұстаздардың жалақысын көтеруге байланысты да біз көптеген жұмыстар атқарудамыз», деді А.Аймағамбетов.

Аталған оқу ордасының басшысы Шәкәрім Толыбайұлы бұл шараның негізгі мақсаты – мектеп әкімшілігі, мұғалімдер және ата-аналар қауымдастығының арасындағы бірліктік, осы бірліктің арқасында мектепке жаңадан  қадам басқан 1 сынып оқушыларына педагогикалық, психологиялық кеңес беру екенін жеткізді. Сондай-ақ, конференция барысында «Баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Балада интернет-тәуелділік қалыптасуының алдын алу», «Мектеп ортасына деструктивті діни ағымдар енгізудің алдын алу», «Отбасылық құндылықтарды нығайту», «Балаға мектепке оқуға бейімделуге тиімді көмек шаралары туралы», «Нейро-психофизиологтардың болашақ бірінші сынып оқушылары  - ұлдар мен қыздардың ата-аналарына арналған ұстанымдары», «Баланың өзін-өзі бағалауын арттыруға ықпал етіңіз, оны жиі мақтаңыз, бірақ мақтауыңыз лайықты болсын» деген маңызды тақырыптар маңайында баяндамалар оқылып, психолог мамандардың пікірі айтылды.

Шара аяқталған соң баласын 1 сыныпқа берген ата-ана Маржан Нұршайхқызын әңгімеге тартып, конференциядан қандай ой түйгенін сұраған болатынбыз.

«Мен өзімнің баламды мектепке бермей тұрып білім саласы жайлы, мектеп жайлы пікірім жағымсыз жағынан басым болды. Себебі қызметтегі әріптестерімнің мектептегі жүйе туралы көңілдері толмайтын көп сөздерін естіген едім. Осы конференцияға шақырған кезде қатардағы бір жиналыс шығар деп ойлаған едім. Бірақ ол жердегі шақырылған қонақтардың алуан түрлі ақпараттары, маңызды пікірлері менің ойымды түгелдей өзгертті дей аламын. Өйткені мен бұл жиыннан көп әсер алдым. Ең бірінші маған ұнағаны ұймдастырушылар бүгінгі таңдағы маңызды мәселе яғни балалардың ақпарат алу, оны пайдалану жайын дұрыс таңдаған. Вице-министр атап өткендей біз барлық міндетті тек мектепке немесе мұғалімдерге артып қойып қарап отырмауымыз керек. Неге десеңіз, баланың қалыптасуына ата-ана 80 пайыз әсер етеді. Және ол көп уақытын өзінің отбасында өткізеді. Осыны ескере отырып ата-аналар қауымыда жұмысы қауырт болса да, баласына назар аударып, қандай ақпарат алып жатқанынан хабардар болуы керек. Сонымен қатар, спикерлердің білім мен тәрбиені қатар алып жүру керек деген пікірі аса құнды және біздің болашағымыз үшін маңызды», дейді ол.

 

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан».