Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2018

Атырау облысында медиация институтының дамуы талқыланды

416 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дауларды шешудің баламалы тәсілі ретінде медиация институтын енгізу туралы мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар. Осы бағытта 2011 жылы арнайы заң да қабылданды. 

Атырау облысында медиация институтының дамуы талқыланды

Алайда арада өткен уақыт қолданыстағы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді талап етіп отыр. Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің Атырауда өткен көшпелі отырысында осы мәселе жан-жақты талқыланды.

Аталған комитет төрағасы Георгий Ким медиация рәсімдерін жүзеге асыру кезінде проблемалардың барын ашық айтты.  «Медиация – қоғамдағы агрессияны жою мен даулылық аясын тарылту құралы. Оның жұмыс істеуі үшін нақты механизм керек. Медиация кәсіпкерлік қызметке жатпағанымен, нарық тұрғысынан қарауға тиіспіз», - деген Георгий Ким жұмысты ұйымдастыруда құзырлы органдар арасындағы өзара байланысты әлі де жетілдіру керектігіне тоқталды.

Атырау облысында 40 кәсіби және 10 кәсіби емес медиатор жұмыс істейді. Кездесуге қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мемлекет басшысының тапсырмасы аймақта лайықты іске асып жатқанын айтты.

ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Ұлбосын Сүлейменова: «Дауларды сотқа дейін реттеу бағыттары бойынша тиімді механизмдер жасалды, - деп атап өтті. -Көптеген даулар медиаторлардың, адвокаттардың реттеуімен сотқа жеткен жоқ. Соттарда тараптардың келісуі, қуынымнан бас тарту, талап етушінің арызы бойынша талаптарды қараусыз қалдыруға қатысты жұмысы тоқтатылған істер қатары көбейді».

Елімізде медиация институты енгізілгелі бері құқықтық мәдениетің деңгейі біраз көтерілген. Азаматтар дауды соттан тыс келіссөздер жүргізу арқылы да шешуге болатынын түсіне бастады. Бітімгерлік рәсімдерді өзекті ету үшін Жоғарғы Сот біраз жобаларды қолға алған. Мысалы, «Түнгі сот», «Отбасылық сот» пилоттық жобаларының нәтижесі жақсы. «Отбасылық даулар бойынша міндетті медиация тиімділігін көрсетті. Жыл басынан бері 8703 іс (15,1%) тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Пилоттық соттарда психологтар мен медиаторлар ата-аналарға неке бұзудың құқықтық салдары, оның баланың алға қарай дамуына әсері туралы кеңес береді»,- дейді Ұ.Сүлейменова.

Жиында сөз алған Сенат депутаты Владимир Волков: «Медиация туралы заң 2011 жылы қабылданды, көп жайттарды қайта реттеу қажет»,- деген пікірін айтты. «Қазір еліміз бойынша 371 кәсіби медиатор жұмыс істейді. 3 мыңнан астам медиатор кәсіби емес. Осы кәсіби емес деген атауды қоғамдық медиатор деп ауыстыру керек. Оқытатын, сертификат беретін әр түрлі ұйымдар бар, бірақ бірыңғай орталық жоқ. Олардың қалай оқытып жатқанын білмейміз, сондықтан алда тұрған міндеттердің бірі – ортақ іске жұмылдыру. Мысалы, бағалаушы, адвокат, нотариустар бойынша осындай жұмыстар жүргізілді. Қиын болды, бірақ ортақ жүйеге келтірдік. Қазір олардың жалғыз реттеушісі бар, жеке, түсінікті, ашық жұмыс істейді. Осы маңызды институтты дамыту керек, - деді Владимир Волков.

Талқыланған тақырып бойынша ұсыныстарын Қазақстан халықтары Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов, «Медиацияны дамыту орталығы» РҚҰ құрылтайшысы Назым Төлекеевалар да ортаға салды. «Атырауда өткен бұл кездесу кейін Парламентте талқылайтын көптеген сұрақтарды белгілеп берді деп ойлаймын», - дейді ҚР Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ