Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2018

Билік партиясынан белсенді қызмет күтіледі

228 реткөрсетілді

«Нұр Отан» партиясы Төр­аға­сының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Атырау облысында болды. Сапар барысында ол бас­тауыш партия ұйымдары жандандыру аясында жасалып жатқан жұмыстармен танысып, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. 

Үстіміздегі жылдың маусым айында өткен партияның Саяси кеңес отырысында Президент бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыруды тапсырған болатын. 2018 жылғы

1 шілдедегі жағдай бойынша республикамызда 1 млн-нан астам партия мүшелерін біріктіретін 6 мыңға жуық бас­тауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Партия құрылымын жетілдіру мақсатында тұрақты түрде мүшелерінің саны аз ұйымдарды біріктіру арқылы БПҰ желісін оңтайландыру процесі жүргізілуде. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, оны жан-жақты талқылау басталып кеткен. Шымкент, Қарағанды, Павлодар қалаларында 800-ге жуық партия мүшесінің басын қосқан «Бастауыш партия ұйымдарының» форумдары өтті. Алқалы жиындарда жаңа даярланған тұжырымдама жобасына байланысты айтылған пікірлер, ұсыныстардың барлығы іріктеліп, жыл соңын­да Астанада өтетін бас­тауыш партия ұйымдарының респуб­ликалық форумында жарияланатын болады.

БПҰ-ның жұмысына байланысты жаңашылдықтар туралы М.Әшімбаев «Атырау мұнай өңдеу зауыты» бастауыш партия ұйымында өткен кездесуде айтты.

– Партияның іргетасы, басты күші – бастауыш партия ұйымдары. Қазақстанды үшінші жаңғырту аясында Елбасының бастамасымен қолға алынған бағдарламалық құжаттардың, партиялық жобаларды жүзеге асыру жолында бастауыш ұйымдарының рөлі ерекше. Қазіргі күні партия қолға алған ІТ сыныптар мен ІТ орталықтарын ашу, кітапханаларды, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту бойынша жобаларды халық арасында насихаттау, түсіндіру жұмысына белсенді қатысуларыңызды күтеміз, – деді М.Әшімбаев.

Айта кетсек, мұнай өңдеу зауытында 1 200-ге жуық пар­тия мүшесі еңбек етеді. Зауыт­тың бастауыш партия ұйымы 2015 жылы республикалық «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауында 2-орынды иеленген. Еліміздегі «Жас Отан» жастар қанаты мен қо­ғамдық қабылдау бөлімі бар жал­ғыз ұйым. БПҰ жанында мем­лекеттік тілді тереңдете оқытатын орталық та жұмыс істейді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партия­сы тарапынан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруға қоғамдық бақы­лауды ұйымдастыру мақ­сатында орталық және өңір­лік деңгейде Қоғамдық кеңес­тер құрылған болатын. Қо­ғамдық кеңестің құра­мын­да жетекші саяси партия­лар­дың, Қазақстан халқы Ас­самблеясының, Қазақ­стан кәсіподақтар федера­ция­сының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлерінің және өңірлік палаталарының, елдегі ірі ҮЕҰ-ның басшылары мен өкілдері, танымал блогерлер, салалық сарапшылар мен ғалымдар бар.

«Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары облыс орталығында Елбасының үшінші бастамасы «Жоғары білім алудың қол­жетімділігі мен сапасын арттырып, студент жас­тар­дың жатақханадағы жағ­дайын жақсарту» бойын­ша Атырау қаласындағы «Ди­на Нұрпейісова атындағы Ха­лық­тық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің жатақханасында болды. Оқу орнында биыл 4 қабатты 100 жатар орынға арналған жатақхана қолданысқа берілді.

Нысанды аралаған пар­тия Төрағасының Бірінші орын­басары 2018 жылы «Қаз­ТрансОйл» компаниясының Батыс филиалы Халел Дос­мұ­ха­медов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне 700 орынға арналған жатақ­хана бергенін атап өтті. Жыл соңына дейін қосымша тағы да 200 орындық екі жатақ­хана тапсырылады деп жоспар­ланған.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасының тағы бірі – шағын несие беруді көбейту. Осы бастаманың облыста қалай жүзеге асырылып жат­­қа­нын қадағалау үшін М.Әшім­баев «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-і алаңында орна­­лас­қан «Бастау Бизнес» бағ­дар­ла­масы бойынша кәсіп­кер­лік­тің қыр-сырын үйре­тетін ор­талықта болды. Осы бағ­дар­лама бойынша 2018 жылы об­лыстық бюджеттен 2 млрд тең­ге, республикалық бюд­­жеттен қосымша 589 млн теңге бөлінген. «Бастау Биз­нес» бағдарламасы аясында Аты­рау аймағында 750 адам білімін жетілдірген.

Сондай-ақ Мәулен Әшім­баев облыстық оңалту орта­лы­ғында орналасқан «Мүге­дек әлемі» қоғамдық бірлес­тігінің жұмысымен танысты. 2009 жылы іргесі қалан­ған ор­талық – «Үздік әлеумет­тік жо­ба» байқауының аймақ­тық жеңімпазы. Айта кетсек, қо­­ғамдық бірлестік 2011 жылы «Инватакси» қызметін іске қос­қан. М.Әшімбаев Елбасы­ның тапсырмасы бойынша бұл салада соңғы жылдары елі­мізде ауқымды жұмыс атқа­рылып жатқанын, арнайы бағ­дарлама қолға алынып, мүм­кіндігі шектеулі жандардың мүд­де­сін қорғайтын заңдар қа­был­­данғанын да атап өтті. Алай­­да бұл тек мемлекеттің ғана мін­­деті еместігін, оған бүкіл қо­­ғамның атсалысуы тиіс еке­­нін айтқан ол партия тарапы­­нан да айтарлықтай іс-шара­­лар қарастырылғанына тоқталды.

М.Әшімбаев Атырау бі­лім-инновация лицей-интернаты базасында «Балаларға арналған тегін IT сыныптар» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында бой көтерген IT сыныпты ара­лап көрді. Айта кету керек, биыл өңірде бұдан басқа әлем­дік талап­тарға сай 8 жастан 16 жас­қа дейінгі балаларды бағ­дар­ламалаушы және роботтехника негіздеріне оқытатын 10 ІТ сы­нып ашылған. Бұл мектептерде 2018 жылы – 700, 2019 жылы – 1500, 2020 жылы 2000 баланы оқыту жоспарланып отыр.

М.Әшімбаев Халел Дос­мұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ашылған «ІSpace» коворкинг орталығында да болды. Коворкинг кеңістігі бір уа­қытта 80 резидентті қа­был­дау­ға арналған. Қазіргі за­ман­ғы инфрақұрылыммен жаб­­дық­талған. Жеке жұмыс орын­дарымен пікір алмасу бөл­мелері, демалыс аймағы бар.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев аймақтағы партия активімен кездесті. Кездесуде Президенттің бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жү­зеге асырылу барысына бақы­лау жүргізіп, атқарылған жұ­мыс барысы талқыланды.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Тойтөбеге  саяхат 

Аймақтар • Бүгін, 09:14

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар