Тарих • 10 Қыркүйек, 2018

Аңызға айналған тұлға

81 реткөрсетілді

Сонау аласапыран соғыс жылдары оқ пен оттың ортасынан аман оралып, халқына қалтқысыз еңбек сіңірген партизан жазу­шы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің биыл 100 жылдығы аталып өтуде. Көзі тірісінде аңызға айналған тұлғаның тағдырлы бей­несі әрбір қазақтың көз алдында. Қараор­ман қазаққа ортақ ғазиз тұлғаның өмірден өткеніне он жылдай уақыт болса да, халқы оны әлі күнге дейін сағына еске алады. Батыр өзінің «Жау тылындағы бала» атты шығармасында соғыс қасіретін бейнелей отырып, өзінің тағдырын ашып жазады. Өрімдей кезінде өртке оранған майдан шебіне аттанған Қасымның Украина даласында қайталанбас ерлік көрсеткені тарихтан белгілі.  

Барша қазаққа ортақ тұлға Қасым Қайсенов­тің жүз жылдық мерейтойы Тараз қаласында кеңінен тойланды. Жамбыл об­лыстық ішкі саясат басқармасы ұйым­дас­тырған даңқты тұлғаны еске алу кеші М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өтті. Әуелі көпшілікке Қасым Қайсенов өмірінен сыр шертетін дерек­ті фильм көрсетілді. Бұдан кейін сахнаға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төр­ағасы Ұлықбек Есдәулет көтеріліп, батыр тұлға жайлы естеліктер айтты. Әр кездесуден қалған әсерін көрерменмен бөлісті. Сонымен қатар шара барысында жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, көп жылдар бойы Қасым Қайсеновтің хатшысы болған Еркін Нұразхан сияқты азаматтар да қаһарман туралы жүрекжарды лебіздерін білдірді. Өз сөзінде жазушы Елен Әлімжан да қазақтың қайсар ұлы жайындағы ойымен бөлісті.

Әдеби шара барысында батыр өмірінен сахналық қойылымдар қойылып, көрерменді керемет әсерге бөледі. Шапағат Әбдір, Ақнұр Сұлтанбекова сияқты өнерлі жастар әннен шашу шашты. Шынын айтқанда, Қасым Қай­сенов өмірінің әрбір сәті жиналған көп­ші­ліктің көкейіне үлкен ой салды деуге бола­ды. Сонымен қатар жиын барысын­да көп­шілікке беймәлім жайт, Қасым Қай­сенов­тің кезінде Жамбыл облысының қазіргі Жуалы және Байзақ аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарғаны да айтылды.

Жиын соңында университет ректоры Махметғали Сарыбеков жиналған көпшілік­ке алғыс айта келіп, Ұлықбек Есдәулетті М.Х.Дулати атындағы арнайы төсбелгімен мара­пат­тады. Атақты тарихшының бейнесі бейне­ленген кілемшені сыйға тартты.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы  

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Әдеби өлкетану» - жаңа жоба

Аймақтар • Бүгін, 09:30

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • Кеше

Ұқсас жаңалықтар