Медицина • 10 Қыркүйек, 2018

Ауылда тігілген аяқ киімге сұраныс артып келеді

747 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алдымызда қыс келе жатыр. Жылы киім алудың қар­баласы да жақын. Әсіре­се ақ қар, көк мұзға лайық, жайлы аяқ киім таң­дау­дың жөні бөлек. Дәл осы мақсатпен дүкен сөре­сін, базар қоймасын жаға­лаған жұртқа аз-кем құлақ­қағыс қылып қойсақ деп едік...

Ауылда тігілген аяқ киімге сұраныс артып келеді

Айтпағымыз, ASKHAT бренді­­мен тігіліп, саудаға түсетін отан­дық етік жайлы. Бұл қыстық аяқ киім – Алматы облысының Кербұлақ ауданында, Сарыөзек кентінде тігіліп, дайындалатын нағыз жергілікті өнім. Іс басында Асқат Талғарбаев есімді жігіт жүр. Асқаттың өзі тағдырлы жігіт. Екінші топ мүгедегі, есту және сөйлеу қабілетінен туабітті айырылған. Басқа салған сынақтан сынып кетпей, өмір ағысына қарсы жүзе білген ержүрек! Қазір Асқаттың жеке фирмасы бар. Өзінің сүйікті кәсібін дөңгелетіп, жақсы адамдардың көмегімен үлкен бизнеске айналдыра білді.

– Асқаттың тіршілігі қол-аяғы балғадай, он екі мүшесі сау кез келген жігітті ойландыруы керек. Мүмкіндігінің шек­теулі екендігіне қарамастан, жігер­лі-ақ. Өзі қолынан бізі мен тебені түспеген шебер екен. Ой­ласа келе, Асқатқа аяқ киім тігу мен жөндеу цехын ашуды ұсын­дық. Бұл істе тәжірибесі бар. Өн­дірісті ұйымдастыру үрдісі­мен таныстырып, бизнес-жос­пар­ды әзірлеп бердік. Кейін сурдоаудармасы бар «Бизнес кеңес­ші» жобасына жазылды. Оқу­дан өтіп, жаңа білім алған соң мемлекеттік грант алуға өтінім беріл­ді. Нәтижесінде, ASKHAT бренді­мен тігілген отандық аяқ киім тұ­ты­ну­шыларға жол тартты, – дейді бізге кәсіпкердің ісі жайлы әңгі­мелеген Алматы облыстық Кәсіп­керлер палатасы Кербұлақ аудандық филиалының басшысы Болат Тастанбеков.

Қазір Асқаттың аяқ киім тіге­тін цехында мүмкіндігі шекте­улі тағы үш адам жұмыс істейді екен. Бір-бірін айтпай түсінетін төртеу­дің ісі де өнімді. Орта есеппен айы­на 40 жұп аяқ киім тігеді. Етік тігу­ге қажетті шикізат, былғары өні­­мін Шығыс Қазақстаннан тап­сы­­рыс­пен алдырады. Басқа қосал­қы ұсақ-түйек заттар Ресейден келеді.

Шүкір, биыл ASKHAT бренді­мен тігілген былғары етікке сұ­раныс көбейіп тұр. Жақын­да Ақтөбе облысының кәсіпкер­лері­нен 2 мың дана етікке тапсырыс түскен. Шығыс Қазақстан облысынан да Асқаттың өнімі­не «құда түсушілер» табылуда. Кәсіпкердің ендігі арманы тігін цехын кеңейтіп, тапсырысты көптеп орындау болып тұр. Балалардың қыстық етігін тігіп, саудаға шығарсам деп ойлайды. Асқат өнімін өткізерде бөлшек саудадағы бағасын тым қымбаттатпауды өтінеді екен. Әрбір қазақ Сарыөзектегі шағын цехта тігілген етікті киіп жүр­генін қалайды, ол үшін бағасы қол­жетімді болғаны дұрыс дейді.

Айтпақшы, Асқат Талғарбаев былтыр «Бизнес кеңесші» оқу курсында оқыған 200-ге жуық кәсіпкердің бірі. Алматы облыс­тық Кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен осы курс­ты бітірген 120 адамға бизнесін жүргізу үшін 340,4 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген-ді. Нәтижесінде, кейіпкеріміздің шаруасы дөңгеленіп, ісі ілгеріледі. Ынта мен іскерлік оқу мен білімге ұштасса, нәтижесі оң болмақ. Адам мүмкіндігінің шексіздігін өз кәсібімен дәлелдеп жүрген Асқат­тың тіршілігі соған дәлел...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы,

Кербұлақ ауданы