Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2018

Қазақстан-қытай: Экономикалық байланысты екшеген бизнес-форум

760 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл Қытайдағы «Бір белдеу – бір жол» бастамасының жүзеге асып отырғанына тура 5 жыл толды. Осыған орай, Астанада Қазақстан мен Қытай ара­сындағы тауар айналымын арт­ты­ру­­­ға бағыт­тал­ған бизнес-форум өтті. Шығыс­тағы көршіміздің деле­гация­сын Қытай коммерция ми­нистрі­нің орынбасары Жэнь Хун Бин бастап келді.

Алдымен форум қатысушылары­ның назарына Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Респуб­ликасының төр­ағасы Си Цзиньпин жолдаған бейне­құт­тықтау ұсынылып, онда Қазақстан мен Қытай арасын­дағы сауда-экономикалық қа­рым-қатынастар қарқынды дамып келе жатқандығы айтылды.

Қазақстан-қытай: Экономикалық байланысты екшеген бизнес-форум

Сауда айналымы – 10 млрд доллар

Бүгінгі таңда қытайлық компаниялар Қазақстанда түрлі салалар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ынталы. Атап айтқанда, азық-түлік, автоөнеркәсіп, биотехнология, медицина саласында келіссөздер жасалады деген жоспар бар.

Қытай Халық Республика­сы «Бір белдеу – бір жол» баста­масы негізінде 25 мемлекетпен тығыз қарым-қатынас орнатып, соның нәтижесінде өзара сауда-саттық көлемін 605 млрд долларға жеткізген. Бұл елдің Қазақстанмен арадағы сауда айналымы 10 млрд долларды құрайды. Бұған қоса, Қытай біздің экономикамызға мол инвестиция құйып отырған мемлекет. Соңғы он жылда көрші ел тарапынан инвестициялық жобаларға 15 млрд АҚШ долларынан астам қаражат тартылыпты. Әсіресе Қытай компания­лары еліміздегі индустрия саласына және ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенділік танытуда. Өткен жылы екі ел арасындағы сыртқы сауда айна­лымының үлесі 30 проценттен асып, 10,5 млрд АҚШ долларын құраған болатын.

Жиында сөз алған Инвести­циялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жоба­ларының арқасында 20 мың тұрақты жұмыс орны ашылатынын мәлімдеді.

− 5 жылдың ішінде біз бір­қатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске қостық. Бұлар: Ляньюньган порты, Қытаймен шека­радағы Қорғас құрлық порты, Каспий теңізіндегі Ақ­тау порты, Орталық Азия ел­дерін Парсы шығанағымен және Иранның оңтүстігіндегі Бандар-Аббас портымен қосатын, жалпы ұзындығы шамамен 900 ша­қырым «Қазақстан – Түрік­мен­стан – Иран» жаңа темір жол дәлізі, бір бөлігі Қазақстан аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­­ара­лық транзит дәлізі. Қабыл­данған шаралар Қытайдан Қазақ­стан арқылы Еуропаға 15 күнде жүк жеткізуге мүмкіндік береді, – деді министр.

Сонымен қатар Ж.Қасымбек индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынты­мақ­тастық аясында бір­лескен қазақстандық-қытайлық жобаларды жүзеге асыру белсенді жүргізіліп жатқандығына тоқ­талды. Бұл бағытта жалпы сомасы 27 млрд доллардан асатын 51 жоба жүзеге асады деп күтілуде.

– Біз осы жобалардың есебі­нен шамамен 20 мың тұрақты жұ­мыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде жүзе­ге асырылған жобалар бар, – деді Инвестициялар және даму министрі.

Оның айтуынша, Қазақстан­да азық-түлік өнімдерін өндіру­ге айрықша назар аударылып, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірушілер мен өңдеу­ші­лер­ге мемлекеттік қолдау қарас­­ты­рылған. Осыған орай, қазақ­стан­дық ауыл шаруа­шылығы тауар­ларын өндіруші компаниялар мен қытайлық компаниялар­дың азық-түлік өнімдерін өндіру бо­йынша ынтымақтастықты арт­тыруда әлеуеті зор. Ми­нистр 2017 жылы экономика өсі­мі­­нің жаңа моделін құру ая­сын­­­да «Цифрлы Қазақстан» мем­­­ле­­кет­тік бағдарламасы қа­был­­дан­­ғанын, төртінші өнер­кәсіп­тік революцияның аясында 3D-принтер, онлайн-сауда, ұт­қыр банкинг, цифрлы сервис, авто­мат­тандыру, жасанды интел­лект сынды элементтер енгізу көз­деліп отырғанын жеткізді.

− Қазірдің өзінде елімізде Назарбаев Университет және Инно­ва­циялық технологиялар паркі сияқты инновациялық клас­тер­лер жұмыс істейді. Жаңа Халық­аралық ІТ-стартаптар техно­паркі ашылмақ. Сондықтан біз қытай­лық әріптестерімізді «Цифрлы Қазақстан» бағдар­­ла­м­асын жүзеге асыруға бел­се­не қаты­суға шақырамыз, – деді Ж.Қасымбек.

 

Инвестиция тартылатын салалар анықталды

Қытай Халық Республика­сының Коммерция жөніндегі вице-министрі Жэнь Хунбиньнің айтуынша, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Қазақ­стан арқылы Еуропаға жет­кізілетін жүктердің көлемі ай­тар­лық­тай өсіп отыр. Осы уа­қыт­қа дейін ин­фрақұрылым, кадр­лық ресурс­тар, электронды сауда және тағы басқа салалар бо­йын­ша бірқатар құжаттарға қол қойылды.

− Қазір біз инвестицияны қор­ғау туралы жаңа келісім бо­йынша келіссөздерді бастадық. Бес жылдың ішінде өзара сауда айналымы өсті. Қытай­дың жоғары теxнологиялық тауар­лары Қазақстан нарығына шық­ты. Ал Қазақстан біздің елге астық экс­порттаушылардың төрт­­тігіне енді. Өткен жылы ал­ғаш рет Қазақстанның табиғи газы Қытайға экспортталды. Біз энер­гетика, пайдалы қазбалар, xимия өнеркәсібі және тағы бас­қа салаларда ірі жобаларды қолға алдық. Қазақстан үшін Қытай коммерциялық кре­дит­тер­дің басты арнасына айналды. Тараптар екіжақты операцияларды ұлттық валюталармен жүргізуді қарастырып жатыр, – деді Жэнь Хунбинь.

Оның айтуынша, бүгінде Қытайдың қаржы ұйымдары «Астана» халықаралық қар­жы ор­та­лығының үлесіне кірді. Олар­дың инвестициялары 29 млрд долларды құрап отыр.

Жиында сөз алған CITIC Group Бас директорының орын­басары Чжан Юцзюнь, бес жыл бұ­рын Қытай Халық Рес­пуб­ли­ка­­сы­ның төрағасы Си Цзинь­пин­­нің Қазақстанға жаса­ған рес­ми сапарында «Бір белдеу – бір жол» идея­сы ұсы­ныл­ға­нын, оның эко­но­мика­лық мән-ма­ңызы сол кезде айқын­далға­нын тілге тиек етті.

− Бұл жоба Қытай үшін жаңа тәжірибе деп айтуға то­лық негіз бар. Қазақстан Жібек жолы арқылы Батысқа шыға­тын алғ­ашқы аялдама. «Бір белдеу – бір жол» жобасы Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың «Нұрлы жол» деп ата­латын экономикалық сая­­саты­мен астасып жатыр, – деді Чжан Юцзюнь. Аталған компа­ния мен қазақстандық мұ­най сала­сын­дағы кәсіпорындар 2007 жылы «Қаражамбас» кен орны­нан бірлесіп мұнай өндіру ісін қолға алған. Бұған қоса, екі елге ортақ «Сити-қазына» қо­ры құрылып, бүгінде оның қар­жы­лық капиталы 800 мың долларға жеткен. Сонымен қатар биыл Қытай мен Қазақстан ассо­циа­­ция­сы­ның 5-ші сам­митін­де астық өндіру, мал шаруа­шы­лы­ғын, өсім­дік майын өңдеу өн­ді­рі­сін дамыту­ға бағытталған ауқым­ды үш жобаның тұсауы кесілді.

Айта кетерлігі, 2014 жылға де­йін біздің елге Қытайдан құйы­латын инвестицияның басым бөлігі мұнай-газ саласына бағыт­­талған-ды. «Бір белдеу – бір жол» жобасы іске қосылған у­а­қыт­тан бері шикізаттық емес сек­­т­ор­лардың дамығаны ба­й­қалады. Ұлттық страте­гия агент­­­тігі келтірген мәлімет бо­йын­ша, 2018-2020 жылдары Қазақ­стандағы тамақтану, мұнай өң­деу, агрохимия, машина жасау салаларына көптеп инвести­ция тартылмақ. Бұл болжамда қы­тай­лық инвесторлардың  қызы­ғу­шылығы да ескеріліп отыр.

Қытайдың CNPС Ұлттық мұнай-газ корпорациясы дирек­торының орынбасары, Цинь Вэйчжунның айтуынша, аталған корпорация өндіретін шикі мұ­най­дың жылдық мөлшері 20 млн тоннаны құрайды. Бұған қоса, компания Қазақстандағы жаңартудан өтетін мұнай өңдеу зауыттарына үнемі қолдау көр­сетіп келеді.

Ал COSCO Shipping корпорациясы бас директорының орынбасары Цзя Хэидың айтуын­ша, ауылшаруашылық өнім­дерін өндірумен айналысатын кәсіп­орын бір жылда 200 мың тонна ұн, 100 мың тонна күріш, 250 мың тонна өсімдік майын өңдеуге қабілетті. Таяуда құ­ны жарты млн АҚШ долларын құ­рай­тын келі­сім­шартқа қол қо­йы­лып, со­ның нәтижесінде биыл Қазақ­стан­нан Қытайға 150 мың тонна бидай мен 100 мың тонна күріш жеткізу көзделіп отыр.

Жиында Қазақстан мен Қы­тайдың бірлескен жоба­ларын қаржыландыруда түйткілді мәсе­лелер де бар екені айтылды. Бұл жайында «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы төр­аға­сының орынбасары Марат Бірім­жанов баян­дап берді. Оның айтуынша, қар­жы ұйымдарының ортақ жо­ба­­ларға қатысу көрсет­кіші әлі күнге дейін төмен.

− Мәселен, бүгінде Қазақ­стан­да Industrial and Commercial Bank of China (ICBC), China Development Bank (CDB) сияқты қы­тайлық банктер жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Altyn Bank бар. Оның 60 процентін CITIC Bank сатып алды. Алай­да аталған банктер­дің жар­ғы­­лық капиталы көп емес. Сон­дықтан банктер ірі жобаларды қаржыландыруға қауқар­сыз. Тіпті кәсіпорындардың ай­налма қаражатын да толықтыру­ға жағдай жоқ, – деді «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы төр­аға­сының орынбасары. Тағы бір мәселе, қаржы ұйымдарының талап­тары қатаңдап, акционерлер мемлекеттің кепілдігін сұрайды.

− Ескеретіні, Қытайдың экономикасында мемлекеттің рөлі орасан. Сол себепті олар біздегі жағ­дай да сондай деп ойлайды. Оған қоса, соңғы кездері Қытай­­да юаньды долларға айыр­бас­тау қиындап кетті. Қытай­лық компаниялардың қаражаты толық­тай юаньмен сақталған. Осы­ған байланысты юаньды тең­ге­ге айырбастаудың тиімді кли­ринг­тік жүйесін ойлап табуы­мыз қажет, – деп атап көрсетті М.Бірімжанов.

Қазақстан мен Қытай ара­сын­дағы сауда-саттықты дамы­ту­дағы түйткілді мәселелер биз­­нес-форум аясында кеңінен қара­с­­тырылып, шешу жолдары ұсынылды.

­Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»