Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2018

Күйіков БҰҰ мінберінен сөз сөйледі

460 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін алғаш рет жоғары деңгейдегі ресми пленарлық отырыс форматында атап өтті. Оған қазақстандық суретші, АТОМ жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков арнайы қонақ ретінде қатысты.

Күйіков БҰҰ мінберінен сөз сөйледі

К.Күйіков БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзін: «Мен ядролық қарудан зардап шеккен және сынақтардан құрбан болған барлық адамдардың атынан сөз қозғаймын. Бүгін Қазақстанның ядролық сынақтардан көрген бүкіл қасіреттері мен зардаптарын тағы бір еске салуға болады», деп бастады. Одан әрі К. Күйіков өз ғұмыр жолының тарихын баяндап, өмірінің 25 жылын қылқаламды тісімен және аяқтары көмегімен қозғалтып сурет салу арқылы ядролық қа­ру­сыз әлем үшін күресуге арна­ғанын атап өтті.

Ол сондай-ақ Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешімі бүкіл әлемге Қазақстан таңдаған бейбітшілік пен ізгілік жолын көрсеткеніне және басқа елдерге лайықты үлгі болғанына назар аударды. Нақты сегіз мемлекеттің – Мы­сыр, Үндістан, Иран, Израиль, КХДР, Қытай, Пәкістан және АҚШ-тың тиісті қадамдарына байланысты Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шар­тының өз күшіне енетіне орай, оларды ЯСЖТШ-қа қол қою­ға және ратификациялауға ша­қыр­ды. «Сіздерге әлемді одан әрі жақ­сартып, өзгертетін уақыт кел­ді», деп мәлімдеді К.Күйіков.

БҰҰ Бас Ассамблеясының төр­ағасы Мирослав Лайчак өткіз­ген отырыс барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутер­риш, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы­ның атқарушы хатшысы Лассина Зербо, сондай-ақ 27 мемлекет және өңірлік топтардың өкілдері сөз сөйледі.

«Бүгін біз Ядролық сынақ­тарға қарсы іс-қимылдың халық­аралық күнін атап өту үшін жи­налдық. Біз бұндайды көп рет өткіздік. Бірақ бүгін біз бірінші рет жоғары деңгейдегі ресми отырыс форматында кездесіп отырмыз. Біз Қазақстанға күш-жігері үшін және осы отырыс үшін алғысымызды білдіруіміз керек», деп мәлімдеді М.Лайчак БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысының ашылуында.

БҰҰ Бас хатшысы А. Гу­тер­риш өз сөзінде кең ауқымды ядролық сынақтардың құр­бан­дарын ұмытпауға шақырды. Ол әлемнің көптеген өңірлерінің адамдары 2000-нан астам яд­ролық сынақтардың зардабын тартып отырғанын атап өтті. Бас хатшы ЯСЖТШ-ның күшіне енуі үшін барлық күш-жігерді салу қажеттілігіне назар аударды.

Отырыста басқа да қаты­сушылар, Қазақстанға ядролық қаруды таратпау саласындағы жетекші рөлі үшін алғысын білдіре отырып, бұл мәселені халықаралық қоғамдастықтың басты назарында үнемі ұстап тұрудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ядролық қа­ру­дан азат әлем құру үшін ядро­лық сынақтарға жедел түрде ты­йым салу шараларына айрықша назар аударылды.

Қазақстанның БҰҰ жанын­дағы Тұрақты өкілі Қайрат Ома­ров өз сөзінде Қазақстанның яд­ро­лық тарихының қайғылы бет­терін ядролық қару мен олардың салдары адамзаттың игі­лікті әрі қауіпсіз болашағымен үйлесімсіздігінің жарқын мысалына теңеді. «Дүниежүзілік қоғам­дастықтың басым көпшілігі Ядро­лық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қою және оны ратификация­лау арқылы сенімділік пен ізгі­лік амалдарын таныта білді. Осын­дай игілікті әрекеттер мен өзара се­німді нығайту шаралары әлемді ядролық сынақтардың қауіп-қа­терінен түпкiлiктi құтқаруға мүм­кіндігі бар қалған азшылықтан талап етілуде», деді Қазақстан елшісі.

Айта кетейік, Ядролық сы­нақ­тарға қарсы іс-қимылдың халық­аралық күні 2010 жылдан бастап аталып келеді. Бұл күн Қа­зақ­станның бастамасы бойынша 2009 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 64/35 қа­рарымен қабылданған. Ал 2017 жылғы желтоқсанда қабылданған қарарға сәйкес, аталған күнді Бас Ас­самблеяның жоғары дең­гей­­дегі ресми отырыстары фор­мат­ын­­да атап өту мүмкіндігі бекі­тілген.

Дайындаған

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»