10 Қыркүйек, 2018

Заманауи мектепте зағип балалар да білім алады

637 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Заманауи мектепте зағип балалар да білім алады

Жаңа оқу жылында Алматы қаласында 240 мыңнан астам бала алғашқы қоңырау үнімен мектеп табалдырығын аттады. Олардың 25 мыңы алғашқы сыныпқа барған балдырғандар. Биылғы білім күніне орай оңтүстік астанада 2300 балаға арналып төрт жаңа мектеп ашылды.

Алматы қаласының құрамына қосылған Наурызбай ауданында 1200 орынды мектеп ашылды, онда балалардың сапалы білім алуы­на толық мүмкіндік жасалған. Жаңа оқу орнында робот техникалары кабинеттері, физика мен химия сыныптары, ата-аналар­ға арналған бөлмелер, ойын алаңдары жа­ңа жиһаздармен, көрнекіліктермен жаб­дықталған. Қауіпсіздік шараларына да ерекше көңіл бөлінген.

Мектептің тағы бір ерекшелігі – зағип және нашар көретін балалар үшін Брайль қарпіне оқытатын сыныптармен, арнайы санитарлық бөлмелер және шақыру нүкте­лерімен қамтамасыз етілген.

Қала әкімі Бауыржан Байбек жаңа мек­тептің оқушылары және ата-аналарымен кездесті. Мұнда өздігінен жүре алмайтын балаларға да арбамен жүруге қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар мектепте атамекеніне оралған отбасылар балаларының да еркін білім алуына барынша мүмкіндік қарастырылған.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің де­рек­тері бойынша, биыл білім ошақтарын салу мен күрделі жөндеуден өткізуге 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Осы оқу жылына орай Алматының Алатау ауданындағы №151 мектеп жанынан салынған 600 орынды қосалқы нысан пайдалануға берілсе, №26 мектептің ескі ғимараты жаңар­тылды. Ал күздің соңына қарай мұнда 600 орындық және №184, 185 мектептер жанынан 400 орындық қосалқы нысандар ашылатын ­болады.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ