Күрес • 10 Қыркүйек, 2018

Дидар ХАМЗА, Азия ойындарының жеңімпазы: Жеңіске жететініме өзім де сенген жоқпын

462 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Азия ойындарында дзюдодан басты үміткерлердің бірі Елдос Сметов қабырғасын сындырып алғаннан кейін, бас жүлдеден күдер үзе бастағанбыз. Дегенмен Дидар Хамза финалға шығып, үміт оты қайта тұтанды. Тіпті азулы ирандық балуанды жеңіп, көптен күткен алтынды еліне сыйлады. 

Дидар ХАМЗА, Азия ойындарының жеңімпазы: Жеңіске жететініме өзім де сенген жоқпын

– Дидар, алтын құтты болсын! Жеңіске дейінгі жол қандай болды?

– Азиададағы жеңіске жету жолы оңай болған жоқ. Екі жыл бойы бапкерлеріммен тынымсыз еңбек еттік. Жарақат, операция, талай жеңіліс пен сын да болды. Бәлкім, сол қиындықтарға шыдағаным үшін де Алла маған осы жеңісті нәсіп еткен шығар.

– Азиаданың финалдық белдесуінде жолыңыз ирандық балуанмен түйісті. Ол – әлем­дік рейтингте көш бас­тап тұр­ған балуан. Барлығы ойда­ғыдай өтті ме?

– Мен үшін Азия ойында­рындағы ең ауыр айқас финал­дағы белдесу болды. Оған дейінгі жекпе-жектердің барлығын уақытынан бұрын аяқтадым. Ал финалдағы қарсыласым – тәжірибелі әрі дайындығы жоғары спортшы.

Бастапқыда вазари әдісін жасағанда, ұпай алуым керек болатын. Оны төрешілер есептеген жоқ. Артынша бұл әдіс­ке өзім түсіп қалдым. Екеу­мізде де екі ескертуден бар еді. Соңғы жағына қарай ирандыққа қарсы әдіс жасамақ болғанда, ол татамиге жата қалды. Енді төрешілерде Саид Моллаиге үшін­ші ескертуді бере ме, бермей ме деген сауал туындады. Шыны керек, қатты уайымдадым. Біраз ақылдасқан соң төреші менің қолымды көтерді.

– Жеңіліске ұшыраған Саид Моллаи төрешілер ше­шіміне қарсылық ретінде та­тами­ден кетпей қойды. Тіпті бапкері де айғайлап нара­зылық білдірді. Сіздің ойы­ңызша, олардың бұл әрекеті қаншалықты дұрыс?

– Спортшы ретінде оның сол кездегі жай-күйін түсінемін. Ол өзінің жеңісіне сенімді еді. Тым ерте қуанып қойды. Мұндай жағдайлар спортта жиі болады. Сондықтан да бапкерлер бізге соңына дейін күресіңдер, берілмеңдер деп үнемі ескерту жасап отырады. Әсіресе дзюдода жерге жата қалған спортшыға міндетті түрде ескерту беріледі. Сондықтан үшінші ескерту әділ берілгеніне күмәнім жоқ.

– Әкенің жеке бапкер бол­ғаны қалай? Үйде де, залда да біргесіздер. Кейде ерке­легіңіз келетін де шығар?

– Ағам екеумізді спортқа баулыған әкем. Бізге дзюдоның әліппесін де үйреткен сол кісі. Жеңісті сәтіңді бөліскеннің өзі бақыт емес пе?! Жеңілген күн­нің өзінде: «Жасыма, балам, бәрі әлі алда, шыда, олимп шыңына ұмтылу керек» деп жігерлендіреді. Сондықтан ерке­ліктен гөрі әкеміздің ақы­лына құлақ түргенді дұрыс санаймын. Үйде негізінен анам еркелетеді, бар тәттісін аузымызға тосады.

– Анаңыз да алғаш­қылар­дың бірі болып қуанған болар?

– Ол кісі біз жарыс жолына шыққанда өзін қоярға жер таппай кетеді екен. Әрбір ана сөйтетін шығар. Бірақ жекпе-жектерімізді тамашалауға жүрегі дауаламайды. Үйде ағаларымыз жиналып айқастарды тамашалап отырса, анам сыртта қобалжып, дұға етіп жүреді. Ол кісіге ұтылсам да, ұтсам да чемпионмын.

– Команда көшбасшы­ларының бірі Елдос Сметов та­тамиге алғашқылардың бірі болып шығып, жарақат алып қалды. Тіпті оны жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті. Бұл жайт құрама мүшелеріне қалай әсер етті?

– Елдос – намысқой азамат. Жарақат алып қалмағанда қоржынға алтын салуы әбден мүмкін еді. Сол күні қабырғасы таңылған күйде арамызға оралды. «Халқымыз бізге үміт артып отыр. Сенім үдесінен шығуымыз керек. Бұл қолдарыңнан келеді» деп біздің намысымызды қайрап, жігерімізді жани түсті.

– Сіздің алтыныңызды көпшілік сенсация санайды. Жарыс алдында алдыңызда қандай міндет тұрды?

– Азия ойындарында жеңіске жетеді деп ешкім сенген жоқ. Бастапқыда өзге тұрмақ өзім де сенбедім. Жүлде аламын деп келдім, бірақ ол жүлде алтын болады деп ойлаған жоқпын. Финалға шыққан соң ғана бас жүлде үшін аянып қалмау керектігін түсіндім. Себебі күміс онсыз да қоржында еді. Екінші орынға қанағаттанып қана қоймай, жеңіске жету керек деп шештім.

– Осыдан екі жыл бұрын 73 килодан 81 килоға салмақ ауыс­тырдыңыз. Бұл жеңіс жа­ңа салмаққа толық бейім­дел­гені­ңізді аңғарта ма?

– Екі жылда жаңа салмаққа толық бейімделу әрбір спортшыға қиын. Сондықтан маған әлі біраз тер төгу қажет. Қазір осы салмақта өзімді жайлы сезіну үшін еңбектеніп жатырмын. Бұрын 79-80 кило болсам, соңғы айда 85 килоға жеттім, яғни салмақ қуу оңайлау.

– Тағы артқа шегініс жасап, Рио Олимпиадасына тоқ­талсақ, сіздің Бразилия аламанына қатысуыңыз жа­рыс­қа санаулы күн қалғанда ше­шілді. Риодағы жеңілістің бас­ты себебі неде деп ойлайсыз?

– Олимпия ойындарын­да бақ сынау кез келген спорт­шының арманы. Бұл бақ маған да бұйырды. Риода бақ сынайтынымды естігенде сенген жоқпын. Сөйте тұра, медаль алсам, жеңіске жетсем деп армандадым. Өкінішке қарай, екінші белдесуімде 73 кило мықтыларының біріне саналатын әзербайжандық Рустам Оруджевке жол бердім.

– Алда әлем чемпионаты күтіп тұр. Сіздің де оған қа­тысу жоспарыңыздың бар екендігін естіп едік...

– Өздеріңіз білетіндей, Азия ойындары мен Бакуде өтетін әлем чемпионаты арасында үш аптаға жетпейтін уақыт бар. Бапкерлер басында-ақ қос жа­рысқа қатысу қиын соғады деп құраманы екіге бөлген-ді. Ол жаққа екінші құрам барады деп жоспарланған. Сондықтан Әзер­байжан астанасында менің бақ сынауым екіталай. Бұйыртса, құрама мүшелері Максим Раков пен Елдос Сметовтің жеңісті жолын жалғастырады деген үміттемін.

– Азиададағы командалық сайыс туралы пікіріңізді білсек.

– Финалға шығамыз деп жоспарлағанбыз. Сол жоспар орындалды. Жүлде ала алмаған дзюдошыларымыздың осы сында күміс медаль алғанына қуаныштымын.

– Дзюдоға әкеңіз алып кел­­генін айттыңыз. Сізді бұл спорт несімен баурап алды?

– Әкем өзі дзюдошы. Сон­дықтан біздің де спортқа жа­қын болғанымызды қаласа керек. Өзі шәкірт тәрбиелеп жүрген. Күнделікті жаттығуға ағам екеумізді ертіп баратын. Солардың дайындықтарын көріп біз де дзюдоға қызығып кеттік. Міне, 10 жастан бері күрестің осы түрінен қол үзген емеспін.

Әңгімелескен 
Мәдина АСЫЛБЕК, 
журналист