Сеул Олимпиадасы жайында біз бекер әңгімелеп отырған жоқпыз. Ол жарыста бірнеше тарихи оқиға тіркелді. Мәселен, шыққан тегі, тілі мен ділі, діні мен дәстүрі бір болғанымен, саяси көзқарастары мүлдем бөлек Оңтүстік пен Солтүстік Корея мемлекеттері алғашында «Олимпия ойындарын бірігіп өткіземіз» дегендей сыңай танытқан еді. Алайда араға содыр саясат килігіп, бауырлас қос халықтың бұл жолы да бастары бірікпеді. Нәтижесінде, ғаламдық дода бір елде ғана өтті. Соған наразы болған Албания, Вьетнам, Куба, Никарагуа, Сейшель аралдары және Эфиопия сынды мемлекеттер бойкот жариялап, Сеулдегі сайысқа қатысудан үзілді-кесілді бас тартты. Олардың қатарына Солтүстік Корея да қосылды.
Сеулдегі сайыста төрткүл әлем жұртшылығы төрт жылда бір өтетін Олимпия ойындарында Кеңес Одағының қызыл туы көкте желбірегенін соңғы рет көріп, әнұранын соңғы мәрте естіді. Жер жаһанның алтыдан бір бөлігін бауырына басқан алып империя көп ұзамай келмеске кетті. 1992 жылы Барселона Олимпиадасында КСРО құрамындағы бұрынғы «бауырлас» республикалар ТМД командасы сапында бақ сынаса, одан кейін барлығы да тәуелсіздікке қол жеткізіп, дүбірлі додаларда дербес елдің өрендері ретінде өнер көрсете бастады. Сол секілді сол заманда әлемдегі ең озық спорттық державалардың бірі саналған Германия Демократиялық Республикасы (ГДР) үшін де бұл соңғы сынақ болды. Көп ұзамай олар да тарих сахнасынан жоғалды.
Бір ғажабы, Сеулдегі ойындар ыдырау алдында тұрған жоғарыда аталған қос мемлекет өрендерінің жеңісімен аяқталды. КСРО өкілдері 132 (51 алтын+35 күміс+46 қола) жүлдемен командалық есепте көш бастаса, 102 (37+35+30) медальді еншілеген ГДР құрамасы екінші орынды олжалады. 94 (36+31+27) мәрте жеңіс тұғырына көтерілген АҚШ-тың саңлақтары үшінші орынға табан тіресе, Оңтүстік Корея 33 (12+10+11), ГФР 40 (11+14+15), Венгрия 23 (11+6+6), Болгария 35 (10+12+13), Румыния 24 (7+11+6), Франция 16 (6+4+6) және Италия 14 (6+4+4) медаль алып, үздік ондықтың қатарынан көрінді.
1988 жылғы Олимпия ойындарында КСРО-ның спорттық даңқын арттырып, абыройын асырғандар арасында Қазақстанның спортшылары да жетерлік еді. Мәселен, ақтөбелік Валерий Люкиннің жалғыз өзі жеңіс тұғырына төрт мәрте көтерілді. Спорттық гимнастиканы серік еткен саңлақ екі жаттығуда алдына жан салмаса, тағы екі жарысты күміс медальмен қорытындылады. Командалық сайыста бас жүлдені олжалағандар қатарында Алматының тумасы Владимир Новиков та бар.
Жеңіл атлеттердің жарысында жерлестермізге қос алтын бұйырды. Желмен жарысқан желаяқтардың 4х100 эстафеталық сайысында шашасына шаң жұқтырмаған КСРО құрамасы сапында жезқазғандық Виталий Савин мен қарағандылық Владимир Муравьев өнер көрсетті. Ауыр атлетикадан 90 кило салмақ дәрежесіндегі айқас атбасарлық Анатолий Храпатыйдың айқын жеңісімен аяқталды. Волейболдан чемпиондық атаққа қол жеткізген әйелдер командасы сапында Қазақстанның екі аруы ойнады. Олар – балқаштық Елена Чебукина мен алматылық Ольга Кривошеева. Баскетболдан бас жүлдені олжалаған ерлер құрамасының намысын қорғағандардың бірі әрі бірегейі – Алматының алыбы Валерий Тихоненко. Жамбыл облысы, Каратау қаласында туып-өскен даңқты футболшы Евгений Яровенко да Олимпиада чемпионы деген мәңгі тозбас атаққа қол жеткізді.
Грек-рим күресінен 74 кило салмақ дәрежесінде белдескен Семей өңірінің түлегі Дәулет Тұрлыхановтың да ғаламдық додада бас жүлдені олжалауға зор мүмкіндігі болды. Бастапқы бәсекелердің барлығында күмәнсіз жеңіске жеткен қандасымыздың жолы ақтық айқаста Ким Ен Наммен қиысты. Бірақ шешуші тұста шынайы спорттық сайыс шетке ысырылып, бұл бәсекенің тағдыры саяси тұрғыдан шешілді. Жарыс қожайындарының ығына жығылған төрешілер әділдікті белден басып, жеңісті Оңтүстік Корея оғланына әперді. Соның салдарынан дүбірлі додаға нағыз бабында келіп, дара шығамын деп жұлқынып тұрған дарабоз Дәулет күміс медальмен шектелді.
Сеул Олимпиадасынан тағы бірнеше жерлесіміз қола жүлдемен оралды. Олар – ватерполшы Сергей Котенко мен Нұрлан Меңдіғалиев, сырықпен секіруші Григорий Егоров, жүзуші Константин Петров және баскетболшы Ирина Герлиц.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ