Медицина • 10 Қыркүйек, 2018

Арқаның қысы аяуды білмейді

350 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көкшетаулықтар Сарыарқаның сақылдаған сары аязына үйренген. Әйтсе де, әр жыл сайын мысықтабандап жететін қыс хабары «Мәді келе жатырдан» кем естілмейді.

Арқаның қысы аяуды білмейді

1990 жылдардың орта шенін­де, жаңа жыл қарсаңында мере­келік аққайнарды көпіртіп ашып, бірін-бірі құттықтағалы отыр­ған жұрт қапыда қалған-ды. Қапыда қалғанымыз ән­ше­йін сөз, әйтпесе дәл сол жылы көп­қабатты үйлердің пәтер­лерін­­дегі қазанның бетіне қай­мы­жықтай мұз тұрып, әбден суық сорып сілелерін қатырып еді. Содан бері халық Арқа қысының аяуды білмейтіндігін жадыларына тоқыған. Соңғы жылдары бұл қиындық ұмытылып келеді.

Қазір облыс бойынша 663 бу қазандығының 85 проценті қыс маусымына дайын. Әсіресе, білім, денсаулық сақтау нысандарына алдыңғы кезекте көңіл бөлінді. Әйтсе де, дайындықты шира­татын тұстардың бар екен­дігін екпін түсіріп айта кетуге тиіспіз. Мәселен, 41,1 ша­қы­­­рым сумен қамтамасыз ету жүйе­сінің небары 68 проценті ғана жөндеуден өткізіліпті. Әзірге 1127 мың тонна көмір жеткізілді, бұл екі айлық қор­дың 56 проценті ғана. Аршалы, Бура­бай, Егіндікөл, Есіл, Атба­сар, Зеренді, Сандықтау аудан­дарындағы жөндеу жұ­мыс­тары­ның қарқыны баяу. Бұл аудан­дардағы көрсеткіш облыс­тық деңгейден көп төмен.

Облыс бойынша дебиторлық қарыз 1 342,4 миллион теңгеге жеткен. Оның 501,2 миллион теңгесі – жылудың, 397 миллион теңгесі – судың қарызы. Өткен жылғы жылу беру маусымының соңындағы қордаланып қал­ған қарыз көлемімен салыстыр­ған­да дебиторлық қарыз 1 183,9 миллион теңгеге қысқарды. Сөз арасында ең көп дебиторлық берешек облыс орталығы мен Степняк қаласында, сондай-ақ Атбасар, Бурабай, Целиноград аудандарында қордаланып қал­ғанын қадап айтуға тиіспіз. «Көкшетау Жылу», «Көкшетау су арнасы», «Щучинск Термо-Транзит», «Атбасар су» тәрізді коммуналдық кәсіпорындар­дың да кредиторлық қарызы бастан асып жатыр. Шындығында бұл бір жылда ғана жинақтал­ған дүние емес, жылдар бойы жалға­сып жатқан берешек.

Облыс орталығын жылумен қамтамасыз етіп отыр­ған «Көк­шетау Жылу» кәсіпор­нын­да жылу нысандарын жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Солтүстік өңірде қыстың ерте түсетіндігін естен шығармау қажет. Қазір барлық жұмыстың 66 проценті ғана орындалған. Бір қарағанда, жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы көлемі де аз емес. Облыстық бюджеттен 1,3 миллиард теңге қаражат бөлінген болатын. Қалай болған күнде де қаржыдан тапшылық көріп отырған жоқ. Мәселен, көмір сатып алуға 321,4 миллион теңге, ал мазут алуға 108,8 мил­лион теңге қарастырылған болатын. Солай бола тұра жалпы жұмыстың 82 проценті ғана орындалды. Жылу беру маусымы басталғанша 6 энергетикалық қазандық, 5 турбогенератор, 1 су ысытатын қазандықты жөндеп үлгеру қажет. Ал бүгінге дейін 5 турбогенератор мен 1 қазандық агрегаты ғана жөнделген.

Облыстағы білім нысан­дары­­ның жылу беру маусымына дайындығы 89 процент қана. Осы салаға 123441 тонна көмір, 535 тонна мазут қажет екендігін ескерсеңіз, қалыптасып отырған жағдай белгілі болады.

Өңірдің тұрғындары үшін алдын ала жасалған есепке сәйкес, 662 мың тонна көмір қажет. Әйтсе де оның 189 мың тоннасы ғана тасымалданыпты. Бұл арада «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы тасымалдау құнын 10 процентке көбейтіп отырғандығын айта кету керек. Мұның өзі әупірімдеп күн көріп отырған зейнеткерлер үшін біршама салмақ. Қазір бір тонна көмірдің орташа бағасы сортына қарай 12-14 мың теңге көлемінде.

Бағаны сұраныстың анық­тай­тыны белгілі. Мәселен, жақсы жанады деген Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы 15 мың теңгеден 17 мың теңгеге дейін өсіп отыр, сапасы сәл төмендеу Майкөбенің көмірі 12-15 мың теңге деңгейінде.

Жөндеу жұмыстары жанталаса жүргізіліп жатқанымен, облыс орталығын жылумен қамту әлі де алаңдатарлық деңгейде. Қапысыз қамдану үшін уақыт жеткілікті еді. Енді бар жұмысты аз уақыттың ішінде еңсермей болмас. Сарыарқаның сақылдаған сары аязы себеп-салдарыңды құлағына іле қоймайды ғой.

Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы