Өнер • 10 Қыркүйек, 2018

Ғасырлар тоғысындағы таңдаулы туындылар

1353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ бейнелеу өнері қай заманда болса да ұлттық қасиеттің болмысын, ондағы дүниетанымдық көзқарасты сақтап келеді. Әбілхан Қастеев, Молдахмет Кенбаев, Салихитдин Айтбаев пен Айша Ғалымбаевадан жалғасқан бітімі бөлек дегдар өнердің киесін кетірмей, бүгінге жалғаған отандық суретшілер әлемдік өнер аренасында ұлттық тілмен танылуымызға табанды үлес қосты. Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің орталық көрме залында салтанат құрған «Ғасырлар тоғысындағы ұрпақтар жалғасы» деп аталған республикалық суретшілер көрмесін тамашалап, қазақ сурет өнерінде өзіндік өрнегі бар 150 қылқалам шеберінің ең таңдаулы туындыларымен таныстық. 

Ғасырлар тоғысындағы таңдаулы туындылар

Жыл сайын нағыз шебер шығармалардың басын қоса­тын өнер жәрмеңкесі биыл Қазақ­стан Суретшілер одағының 85 жылдығына арналып отыр. Сарай ішін көмкерген көп картиналардың өне бойынан өткен тарихтың сарынын, әр заманның ақиқатын көргендей бол­дық. Халқымыздың ру­ха­ни құндылықтары, елдің мақсат-мұраты мен ұлт­тық қа­сиет суретшілер шығар­машы­лығындағы түрлі жанрларда әр қырынан көрініс тапқан. Аға буын мен жастар арасындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғаған айтулы көрмеден мүсін, қолөнер, кескіндеме, акварельді жұмыстар, графика сияқты түрлі жанрдағы өнер туындыларын түгел табасыз.

– Өнер тарихындағы әрбір ағым – заман толқынысы десек, соның жаршысы – суретші. 1970-80 жылдары қазақ классикалық бейнелеу өнеріндегі динамикалық серпілісте кәсіби қолданбалы өнер саласындағы суретшілер фор­ма мен кеңістікті реалистік, авангардтық, абстракциялық мәнерде еркін көзқарастағы шы­ғар­машылықтарымен ерек­шеленеді. Әр туындыда шынайылық әуені асқақтады. Заман келбеті танылды. Сон­дай-ақ жалпы қазақ бейнелеу өнерінде заңдылықтар айтар­лық­тай өзгеріп, ұлттық тарих­тың сырын шертті. Бүгінгі көр­меге суретшілеріміздің қазір­гі көзқарасымен тарихты байланыстыра отырып креа­тивті идея­сымен сомдаған түрлі жұ­мыстары қойылған. Бұл ша­раның суретшілердің шығар­ма­шы­лық тұрғыдан өсуіне ти­гізер үле­сі зор, – дейді көрме жетек­­ші­сі, өнертанушы Гүлнар Қуан­дыққызы.

 Көрмеден Қазақстан Суретшілер одағы құрылған кез­ден бастап қолынан қыл­қаламы түспей келе жатқан белгілі суретші Тұрсын Әбуов, кесте өнерін кес­кіндемемен ұштастырып, хал­қымыздың рухани байлығы мен тарихын өз шығармашылығына арқау еткен Мұхамеджан Зей­нелхан, одан бөлек Рахман Бертілеуов, Өмірбек Жұбаниязов сынды өнер иелерінің, тағы басқа да суретшілердің шоқтығы биік туындыларын айрықша атауға болады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ