Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2018

Мемлекеттік туризмнің мәйегі

353 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мемлекеттік туризмнің мәйегі

Әлемнің әйгілі қалалары секілді Алматыны да туристер бір көрсем деп армандайтын қалалардың қатарына қосуға жасалып жатқан қарекеттер қандай нәтиже бере бастады деп сұрайтын кез келді. 

Қазірге Алматыда турис­тер­дің өріп жүргенін көре қоймасақ та, бұл салада ілгерілеу бар. Шаһардың Шымбұлақ сияқ­ты шатқалдарынан, Медеу мұз айдынынан, қала маңын­да­ғы ханбалық өсіретін шаруа­шы­лықтар мен бал қымыз баптайтын киіз үйлерден шетелдік туристерді кездестіруге болады. Алайда, бұл әлі де Алматыға қонақтар ағылып жатыр дегенді білдірмейді. 

Есесіне бүгінгі таңда Ту­ризм мен саяхаттар жөніндегі Әлем­дік кеңес 2017 жылы туризмнің жаһандық экономикадағы үлес салмағы 8,3 триллион долларға жетті деп бағалады. Бұл әлемдік ІЖӨ-нің 10,4 пайызы. Оның үстіне қазір дүние жүзінде шетелдік туристер санының артуы тұрақты трендке айналды. Қысқасы, жаһан кезу, ел аралап, жер көру – сәнге айналып тұрған заман.

Осы тұрғыдан келгенде мем­лекеттік туризмнің Меккесі – Алматы болуы тиіс болатын. Ел туризмі де Алматының есе­бінен дамуы қажеттігі бая­ғы­дан айтылып келеді. Оның ар жағында Орталық Азияның кіндігі болған қаланы осы аймақтың туристік астанасына айналдыру туралы өршіл армандар қол бұлғап тұрғаны қашан...

Ал Алматы қалалық туризм­нің дамуына қатысты нақты әрекеттерге келсек, биылғы ал­ғаш­қы жартыжылдықта мегаполиске келген меймандар саны 22 пайызға көтерілген. 

Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар бас­­­қармасы жүргізген интер­нет-сауалдардың нәтижесіне қа­рағанда бұл қаланы бір көруді көксейтіндер қатарында көбінесе еуро­па­лықтар, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Үнді­стан мен көрші Ре­сейдің тұр­ғындары бар. Сон­дықтан «Ал­маты-2020» бағдар­ламасында туризм қалалық экономиканы дамытудың қоз­ғаушы күші ретінде қарас­ты­рылады. Бір жағынан қаланың жалпы экономикасында қызмет көрсету саласы 87 пайызды құ­рай­ды. Және Қазақстанға келетін әрбір шетелдік қонақ­тың екіншісі Алматыға соқпай кетпейді. 

Мәселен, Bloom Consulting рейтингіне сенсек, Қазақстан бренді танымалдылығы жөні­нен 193 елдің ішінде 98-ші орында тұр. Doing Business рейтин­гінде 190 мемлекеттік арасын­да еліміз 36-орынға бір-ақ шығады. Ал Mercer рейтин­гі Алматы қаласы бағасы мен өмір сапасы бойынша әлем­дегі 400 мегаполистің ішінде 178-ші орынға барып табан тірейді дейді. Сол сияқ­ты Алматы қа­лалық туризм басқар­масы­ның сарапшылары оңтүс­тік шаһарымызға бәсекелестік тудыра алатын оншақты ел мен олардың астаналарындағы туризмнің дамуына қатысты зерттеулер жүргізген.

Оның ішінде алты ел – айналамыздағы Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Гру­зия, Әзербайжан, Эстония, алыстағылары – Исландия, Болгария, Непал мен Моң­ғо­лия. Осы аталған елдердің ішінде Алматы қаласы турис­тік шаһар ретінде бірқатар артық­шылықтарға ие екендігі кезек­ті рет дәйектеліп отыр. Және Алматыда бүкіл Орт­а­лық Азиядағы халықтардың дастарқаны табылады. Бұл аз десеңіз, Алматы мен оның ай­наласы табиғат таңғажа­йып­тарына толы. ЮНЕСКО бүкіл­әлемдік мұралар тізіміне кіре­тін 4 бірдей ескерткіш: Там­ғалы таңбалары, Қаялық қала­шы­ғы, Қарамерген мен Талқыз да Алматының айналасында. 

Тәуелсіздіктің елең-ала­ңын­да туристерге қандай кәде­сыйлар сатамыз, қонақтарымыз Қазақстаннан тәбәрік ретінде не алып кетеді деп мәселе кө­терген кезеңдер де болған. Қазір бұл мәселенің де жолға қойыл­ғанын мойындау қажет. Бүгінде шетелдіктер ЮНЕСКО-ның сапа белгісі сертифи­ка­тының үдесінен шыға алатын сувернирлік бұйымдарымызды қуана-қуана сатып алады. 

Осы арада Алматының ең басты артықшылығы – қаладан ұзамай-ақ құдай жаратқан табиғаттың сұлулығын табуға бо­латындығы. Егер қазіргі таңда эко­логиялық туризм үлкен сұ­ранысқа ие екендігін ескерсек, сұлу тау бөктерлері, сарқы­раған өзендер, саф ауа – Алматының бағасын одан да арттыруға тиісті. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ