Білім • 11 Қыркүйек, 2018

Емле ережесі жұртшылық талқысынан өтті

1759 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 26 қазанында «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойған сәттен бастап, Елбасы жүктеген міндеттерді орындаудың мерзімдік кестесі жасалып, әсіресе қазақ тілі әліпбиін латынға көшіру мәселесін ғылыми тұрғыдан толық сараптайтын жұмыс топтары құрылған болатын. Соның бірі – Орфографиялық топ. Оларға жүктелген міндет – латын қазақ әліпбиіне қатысты тілдің жаңа емлесін пысықтап, орфография және орфоэпиясын сараптап, емле толық түзілген соң орфографиялық және орфоэпиялық сөздік жасау. Осы орайда біз аталған топтың атқарып жатқан жұмысының барысы жайлы басылым оқырмандарын хабардар ету мақсатында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық топтың мүшесі Гүлфар МАМЫРБЕК ханымға жолығып, сұхбаттасқан едік.

Емле ережесі жұртшылық талқысынан өтті

– Гүлфар Мәжитқызы, өткен жаз айларында болашақта қабылдануы тиіс латын қазақ әліпбиінің емле ережелерін саралау мақсатында, сіздер көптеген облыстарды аралап апробациялық зерттеу жүргізіп, қарапайым халықтың ой-пікірін білдіңіздер. Көздеген мақсаттарыңыз орындалды ма, қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер, осыған тоқталып өтсеңіз?

 – Әліпби ауыстыру дегеніміз – аса үлкен бұқаралық рухани реформа. Сондықтан бұл мәселеде халық тарапынан түрлі пікірлер, ұсыныстар болуы заңды. Әсіресе, жаңа емле ережені саралауда қоғамдық пікірі өте маңызды. Осыған байланысты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы маусым-шілде айларында жаңа емле ережелерінің жобасына сараптама жасау үшін Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Өскемен, Семей, Ақтөбе, Астана, Алматы қалаларында апробациялық (сынама-сауалнама) жұмыстар ұйымдастырып, қазіргі қолданыстағы емле мәселелері сауалнама түрінде  қоғамның талқысына салынды.  

Бұл ауқымды іс-шараны тікелей өз қадағалуымен іске асырып, оның өте жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған Тілешов Ербол Ердембекұлының еңбегін ерекше атап өту керек. Сауалнаманың нәтижесін шығарып, сандық әрі сапалық талдау жүргізуде Сапина Сабира Мінәтайқызы, тілтанымдық талдау жүргізуде Фазылжанова Анар Мұратқызы, Күдеринова Құралай Бимолдақызы, сондай-ақ халық арасына сынама жұмыстарын өткізу барысында Хабиева Алмагүл Алтайқызы, Сейтбекова Айнұр Аташбекқызы, Жайлауова Салтанат Қамзақызы, Сейсенбек Нұржан Бижомартұлы сынды т.б. жас мамандар өз біліктіліктерін танытып, үлкен үлес қосты.   

Қазіргі емле жобасындағы негізгі күрделі мәселелер сауалнама мәтінінде көрсетіліп, қоғам талқысына салынды. Сынама жұмысына байланысты: «Сауалнама жүргізу құр әурешілік, кирил жазу жүйесіне үйреніп, саналары сонда қалып қалған жұрттан емлеге қатысты нәтиже шықпайды» дегенге саятын пікір айтқандар да болды. Алайда өзім барып өткізген апробацияларда жаңа емлеге бей-жай, салғырт қарап: «Менің санамда тек кирил жазуы, оны өзгерте алмаймын», - деп отырған халықты көрмедім. Керісінше, Меруерт Байғара, Гүлжайнар Сүлейменова, Руслан Оспан сынды журналистердің, Әділет, Сыртқы істер, Қаржы, Қорғаныс, Білім және Ғылым, Мәдениет және Спорт министрлігі қызметкерлерінің шынайы жанашырлықпен шырылдаған ұсыныстарына куә болып қайттым. Сынамаға қатысушылар әліпбидің кемшіліктері мен қиындықтарын, оны жөндеудің жолдарын қызу талқылап, емле ережесін жасаушылар үшін аса қажетті ұсыныс-пікірлер жазып, өздерінің тәуелсіз көзқарастарын білдірді. Халық ы (y) мен у (ý), и  мен і таңбаларына өзгерту енгізуді, ш (sh) және с (s), х (h), һ (h) әріптері қатар келетін сөздер оқылым мен жазылымда қиындық тудыратындықтан, ш дыбысына диграф емес, жеке таңба арнауды, у дыбысына u таңбасын беруді сұрап отыр. Сондай-ақ кейіннен қ-мен таңбаланып жүрген рақмет, рақат, дастарқан тәрізді сөздерді қайтадан х-мен жазуды, г-мен таңбаланып жүрген қыргүйек, шегара, көгөніс сөздерін к-мен жазуды қызу талқыға салды. Бұл орайда сынамаға қатысушылар ол сөздерді қ, г таңбасымен емес, бұрынғыдай х, к таңбасымен жазуды талап етіп отыр. Халық тарапынан айтылған бұл ұсыныс-пікірлер әліпбиге өзгеріс ендіру қажеттілігін және емле ережелерін қоғам пікірімен санаса отырып, аса ұқыптылықпен бекіту керектігін айқын аңғартты. Сонымен қатар, апробация нәтижесі жаңа емледе қазіргі жазу жүйесіндегідей босаң норманың (қыркүйек те дұрыс, қыргүйек те дұрыс, ғафу да дұрыс, ғапу да дұрыс т.б.) мүлде болмау керектігін, халықтың санасында берік орныққан базалық нормаларды қайта-қайта өзгерте бермеу қажеттілігін көрсетіп отыр. Емле мен орфографиялық сөздікке 4-5 жыл сайын өзгеріс енгізе бермей, үкімет тарапынан бір-ақ рет бекітілуі шарт екенін де апробация нақты айқындап беріп отыр.    

 – Түсінікті. Дейтұрғанмен қазіргі таңда Елбасы мақұлдап, қол қойған жаңа латын қазақ әліпбиінде э, ц, ю, я, щ, ë, ь, ъ әріптері жоқ. Бірақ осы әріптермен жазылған шет тілдененген сөздерді таңбалауға қатысты қоғам пікірі қандай екен?

 – «Кирил жазуына үйренген адамдар шеттілдік сөздерді орыс орфографиясымен таңбалауға құмар, сондықтан апробация нәтижесіне сүйенудің қажеті жоқ» дегенге саятын пікірлер айтылып жатыр. Алайда, керісінше, сауалнамаға қатысушылар шеттілдік сөздердің құрамындағы э, ц, ю, я, щ, ë, ь, ъ әріптерінің орнына қандай таңбаларды қолдану қолайлы екендігін нақтылап берді. Мәселен ц әрпін жалғыз с-мен (конститусия), ю әрпін иу тіркесімен емес, көп жағдайда, тек у таңбасымен (парашут) беруді, басқа әріптерге қатысты да осы сияқты тұжырымдарын ұсынды. Әрине, шеттілдік сөздерді орыс тілінің орфографиясы бойынша жазу үшін әліпбиге енбей қалған 8 таңбаны (э, ц, ю, я, щ, ë, ь, ъ) іздеушілер де, түпнұсқа тілдің (ағылшын, т.б.) заңдылығымен жазуды көздейтіндер де, сындырып жазғанды дұрыс деп танитындар да болды. Шеттілдік сөздерді тіліміздің айтылым нормасына бағындыру керек деп, орыс орфоэпиясына салып сындыруды ұсынғандар да кездесті (канститутсиа, кәмпүйтер т.б.). Бірақ шеттілі сөздерінің жазылымын орыс орфоэпиясымен қалыптастыру дұрыс емес. Керісінше, орыс орфоэпиясымен айтуды да доғару керек. Бірақ біздің қоғам конституция, компьютер т.б. сөздерді дәл осылай айтуды ұят деп есептейді. Ал жаңа емле бойынша компьютер сөзін латын әліпбиімен kompýter (айтылымы кампутер), продюсер сөзін рrodýser (айтылымы прадусер) деп таңбалаймыз. Орыс орфоэпиясынан арылудың қандай жолы бар? Мәселен белгілі журналист Ғалым Боқаштың ұстанымы бұл мәселені шешіп беруде елеулі қызмет атқарады. Журналистің «Жаһан жаңалықтары» хабарында олимпиада, пропорсия, полисиа т.б. көптеген шеттілдік сөздерді осылайша айту үрдісі орыс орфоэпиясынан бас тартуға септігін тигізері сөзсіз. Ендігі мәселе жаңа емле ережелері бекігеннен кейін, әсіресе, теле-радио жүргізушілері, танымал журналистер тарапынан осы үрдіс өз жалғасын тапса, халықтың санасындағы «олай айтсақ ел күледі, орысша білмейді деп ойлайды» деген пікір жойылар еді.  

– Сонымен ұзын сөздің қысқасы сіздер апробацияның нәтижелеріне сүйеніп, қандай қорытынды шығардыңыздар, екіншіден, емле ережелерге қатысты айтылған қоғамдық пікір-ұсыныстар ескеріле ме?

 – Әрине, халық талап етіп отырған бірқатар мәселелер, әсіресе әліпби таңбаларына қатысты ұсыныстар міндетті түрде ескеріледі. Емле ережелері жобасы дәл қазір еліміздегі барлық ЖОО-ның қазақ тілі кафедраларына, жекелеген ғалымдарға таратылды. Қыркүйек айының ортасына дейін емлеге қатысты ұсыныс-пікірлер жинақталып, соңғы қорытынды шығарылады. Қорытындының нәтижелері жоғарыға ұсынылады. Бұл үрдістің барлығы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Тілешов Ербол Ердембекұлының тікелей бақылауымен жүзеге асып жатыр. Емле ережелері қазақ жазуының ғылыми ортологиялық негізін қалаған академик Рәбиға Сыздық апамыздың кеңесшілігімен, жазу теориясының мамандары, орфограф-ғалымдар Н.Уәли, Ә.Жүнісбек, З.Базарбаева, А.Алдаш, Б.Момынова, сондай-ақ тілдің әр саласының белгілі зерттеушілерінен құрылған Орфографиялық топтың мүшелері дайындады. Халық мақұлдаған, сарапшылар дұрыс деп таныған соңғы Емле ережесі ресми түрде бекітілген соң, ортологиялық құралдар (анықтағыш, орфографиялық сөздік, т.б.) жасау ісі қолға алынбақ.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»