Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2018

Жирен жаман әдеттен!

4226 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында С.Жиенбаев атын­дағы облыстық жасөс­пірімдер кітапханасында оқырмандармен бірге «Жирен жаман әдеттен!» атты пайдалы кеңес сағаты өтті. Аталған шара жасөспірімдерге cаламатты өмір салтын ұстануға дағдыландыру, ішімдік пен темекінің ағзаға зиян екенін насихаттау, дене шынықтыру мен спортпен шұғылдануға, жасөспірімдерді зиянды әдет­терден бойларын аулақ ұс­тау­ға шақыру мақсатында ұйым­дастырылды.

Жирен жаман әдеттен!

Бірде ақылы жұрттан асқан Платон көшеде жүріп бұзақылық жасап тұрған бір баланы ұстап алып ұрсыпты. «Мені болар-болмас нәрсе үшін сонша жазғырғаныңыз қалай?» деп томсырайған баланың иығына қолын қойып тұрып данышпан: «Жаман дағдыға ешқашан елеусіз қарауға болмайды», деп ескерткен екен. Жай уақытта көпшілік мән бере бермейтін дағдының адам өмірінде алар орны ерекше. «Сынықтан бас­қаның бәрі жұғады» де­мек­ші, адам өз ортасына тез бейімделгіш, көрген жағымды-жағымсыз қасиеттерді бойына тез жұқтырып алатын болмыс иесі. Айталық темекі, арақ, есірткіге құмартушылық, өтірік айту, жамандау, өз ісінің емес, өзгелердің қателігін қазбалау, ауызды балағат сөзге үйрету, екі кісіні шағыстыру, қызғаныш, қолын сұғанақтықтан тыймау, сұраншақтық, ең аяғы түкіре беру де жаман әдеттер.

Нашар әдет күнделікті ара­­ласқан адамдардан, дос-жа­рандардан, қоршаған ортадан, көрген бейәдеп бейнефильмдерден жұғады. «Әр сәби өмірге күнәдан таза болмыспен келеді» деп хадисте айтылғандай, адамның сәби шақтағы пәк болмысы есейе бастаған шағында жақсы-жаман орталарға тап болуына байла­нысты өзгереді. Әсіресе жасөспірімдік әрі жастық шақта еліктеушілік қасиеті басым тұрады. Бұл уақытта «Бір рет сынап көргенде тұрған не бар?», «Мен одан қалаған уақытымда бас тарта аламын» деген ой көп адамның алдануына әке­ліп соғады. Шын мәнінде «Бір еткеніңді екі етерсің. Екі етке­ніңді үш етерсің. Үш етке­ніңді әдет етпей не етерсің?!» де­мек­ші, екі-үш рет қайталанған істің әдетке айналғанын адам сезбей қалады. Бастапқыда ескермегендіктен, одан құтылу барған сайын қиындай түседі. 

Шара барысында «Сыр­ғалым» клубының жетек­шісі Бибігүл Шамеденова әдептілік, әдемілік жайында айтып, тақырыпқа сай бейне роликтер мен слайдтар көрсетті. «Жаман әдеттен аулақ бол!» атты кітап көрмесіне А.Әлімжанов, С.Байниетова «Нашақорлық − қасірет», Б.Төтенай «Дене тәрбиесі», Р.И.Во­робюев «Пи­тание и здоровье», «Апатқа апарар үш індет» т.б кітаптар және әр жыл­дары баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар қойыл­ды. Көрмеге Ләззат Бултекова библиографиялық шолу жасады. Жас оқырмандар мен кітап­ханашылар арасында «Ғасыр тағдыры үшін күресейік!», «Уланбасын өмірің» атты ойындар ойналды. 

Сөзіміздің тобықтай түйіні – «жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену». Өйткені дағды адам баласына жақсы қасиеттерді үлгі етіп, бойына сіңіру үшін берілген қасиет. Нашар қылықтарға үйір­сек болғандар өмір бойы орны толмас өкініштерге ұрынып жатса, ал жақсы қасиеттерді үлгі еткендер екі дүниеде де сый-құрметке бөленбек.

Азатгүл ҚАЙНАҚАЕВА,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері

АҚТӨБЕ