Бөлім басшысы полковник Орал Батырғалиев депутаттарға шекарашылардың күнделікті әскери қызметі туралы айтып берді және шекарадағы өткізу бекетіндегі ахуал туралы баяндады. Сондай-ақ сенаторларға шекара күзетіндегі техникалық құралдар көрсетіліп, паспортқа бақылау жүргізу жұмысының барысы таныстырылды.
Сол күні 2535 әскери бөлімінің Күршім шекара отрядында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланның басшылығы, шекаралық аудандар әкімдері қатысқан Сенат комитетінің отырысы болды.
Отырыста мемлекеттік шекараны күзету мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, мемлекеттік шекараның шығыс шебіндегі қазіргі жағдай, әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыс жағдайын жақсарту туралы айтылды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов сенаторларға қаржыландырудағы жетіспеушіліктер туралы айтты. Шекарашыларға 1 миллиард 94 миллион теңгеге жуық қаржы керек. Бұл қаржы Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараның Шығыс Қазақстан облысы аумағынан өтетін бөлігінің бойында орналасқан бөлімшелердің инфрақұрылымдарын дамыту үшін қажет.
Сенаторлар Төлеубек Мұқашев, Серік Жақсыбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Талғат Мұсабаев, Нұржан Нұрсипатов шешімін табуы тиіс бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Ал Д.Назарбаева көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, Үкіметке жіберілетінін атап өтті. «Көтерілген барлық мәселелер депутаттардың бақылауында болады», деді сенатор.
Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан бірқатар әскери бөлімдерде болған депутаттар әскери қызметшілердің тыныс-тіршілігімен, азық-түлікпен қамтамасыз етілу жағдайымен танысты және әскери бөлімнің инфрақұрылымын дамыту мен тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.