27 Желтоқсан, 2011

Антарктидадан – Астанаға

1680 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Астана уақытымен таңғы сағат 06.45-те №294-ші Абу-Даби-Астана рейсімен осы­дан бір ай бұрын Оңтүстік полюске ғылыми-танымдық са­пар­ға аттанған тұңғыш қа­зақ­стандық автокөлік экспеди­ция­сының мүшелері елге оралды. Оларды әуежайда БАҚ өкіл­дері мен туған-туыстары және жора-жолдастары қарсы ал­ды. Осы жерде Антарктидаға ба­рып қайтқан ғалымдардың отан­дас­тарының қарсы алғанына жү­рек­терінің толқығанын байқамау мүм­кін емес еді. Алғашқы болып ғылыми экспедицияның жетекшісі Нұрлан Әбдуов шықты. Одан кейін Орденбек Мазбаев, Берік Баймағамбетов, Константин Ор­лов пен Сергей Бодровты қарсы алушылар ыстық құшақтарына басты. Осы арада ғалымдар өздерін қарсы алған азаматтарға, жорық­қа демеушілік жасаған компа­ния­ларға, қолдау көрсеткен Астана қаласы әкімдігіне алғыстарын білдіріп, сапардың барлық отан­дас­тарымызға арналғанын айтты. Абай атындағы ҚазҰПУ профес­соры, география ғылымдарының докторы Орденбек Мазбаев болса, бұл автожорықтың ең алдымен елімізді танытуға, халқымыздың 20 жылда жеткен жетістіктерін бүкіл әлемге көрсетуге арнал­ғанын жеткізді. Енді сапардың өзіне келсек, бұл – еліміз тәуелсіздік алған кез­ден бері «Қазақ геогра­фия­лық қо­ға­мы­ның» ұйым­дас­ты­руы­мен бол­­ған тұңғыш авто­көлік экспеди­ция­сы. Бұған дейін жобаны да­йындау мақсатында автокөліктер Антарктидаға, «Но­волазаревская» бекетіне жет­кізіліп, 2 308 ша­қы­рым «Новолазаревская» бекеті- Оңтүстік полюс» бағытындағы 108 сағат ара­лықты өтіп шыққан еді. Бұл жетістік әлемдік рекордтар қатары­на кіріп, «Қазақ география қо­ға­мының» жасаған дүние жүзі та­рихындағы Оңтүстік полюске автокөлікпен ең жылдам жету үлгісі» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. «Қазақ географиялық қоғамы» ұйымының өзі Нұрлан Әбдуовтің бастамасымен 2010 жылы құрыл­ған болатын. Қоғамның белсенді мүшелерінің бірі ғалым Орденбек Мазбаевтың айтуынша, ұйым гео­графиялық және онымен ілеспе табиғат пен қоғам жөніндегі ғы­лымдардың дамуын зерттеу, ғы­лыми жетістіктерді насихаттау, ғылыми ізденістердің нәтиже­лерін көпшілікке жеткізу мен тәжірибе жүзінде қолданысқа ендіру мақсатында қызмет етіп келеді. Қазір ҚазГео ғалымдар мен ынталы қайраткерлердің күші­мен құрылып, ақысыз негізде қыз­мет атқаруда. «Ал жердің Оңтүстік полюсіне тұңғыш қа­зақ­стандық автокөлік экспе­ди­циясын ұйым­дас­тыру «Қазақ гео­графиялық қо­ғамы­ның» бұ­рын­нан бергі ар­маны еді. ҚазГео­ның Ақ құрлық­қа сапарының мақ­саты – еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы, Семей полигоны­ның жабылғанына 20 жыл толуы­на арналды. Сон­дай-ақ, Антарктидада ғылыми зерттеу жүргізіп, қазақ ғылымы­ның дамуына өзін­дік үлес қосу да сапардың басты мақсатының бірі болды», – дейді О.Мазбаев. Экспедиция мүшелерінің Ан­тарк­тидаға барар алдында алды­мен ғылыми кеңес Ақ құрлықтың табиғи-климаттық ерекшеліктерін зерттеуге жағдай туғызатын экс­педицияның ғылыми бағдарлама­сын әзірлепті. Экспедиция қаты­сушыларын қызықтыратын ең таза құрлықтың метеоэкологиялық қалпын зерттеу мақсатында қар мен мұз қабаты және басқа да табиғи материалдық сынақ үлгі­лері алынып, Қазақстанға жеткізіліп, жан-жақты зерттеліпті. Міне, осындай алдын ала зерттеу жұ­мыс­тары жүргізілген соң, бес адам­нан тұратын топ Антарк­ти­даға жолға шығады. Олар Астана -Абу-Даби-Кейптаун бағы­ты­мен жүріп, әрі қарай Ақ құр­лықтың «Новолазаревская» бекетіне табан тірейді. Осы жерге 26 қараша күні келіп, 13 күн бойы Ан­тарктиданың метеоклиматтық және экологиялық қалпына зерттеу жүргізеді. Жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде олар норвег саяхатшысы Руаль Амундсен мен ағылшын Роберт Скоттың өткен жолымен жү­ріп, күн сайын жер жүзін facebook, twitter, vkontakte әлеуметтік желілері арқылы болған оқиғалардан, істеген жұмыстарынан хабардар етіп тұрыпты. Сондай кездің бірінде Қазақстан ғалымдары тұң­ғыш рет Антарктидада еліміздің көк байрағын тігеді. Осы сапарда болған ғалымдардың айтуынша, олар автожорықта Норвегия, Испания, Ресей мамандарымен кездесіп, тәжірибе алмасқан екен. Шет ел ғалымдары Қазақстанның Антарктиданы зерттеудегі талпы­нысына ризашылықтарын білдіріп, істеген жұмыстарына сәттілік тілеген көрінеді. Қазір Антарктидада әлемнің бірнеше елінің стансалары жұмыс істеуде. Онда Ұлыбритания, Үндістан, АҚШ, Ресей елдерінің мамандары зерт­теу жұмыстарымен айна­лы­суда. Біздің Антарктидаға бар­ған ға­лым­дарымыз Қазақстанға бола­шақ­та осындай полярлық стансалар ашу керек деп есептейді. Оның бізге тағы бір айтқаны: болашақ – Антарктидада. Кли­маты жағынан, жер қойнауының байлығы жағынан таза материк саналатын Антарктида болашақта әлі талай елді қызықтырып, өзіне ынтықтыратыны сөзсіз. Оңтүстік полюске адам ба­ласы алғаш рет 1911 жылдың 14 желтоқсанында жеткен деп сана­лады. Ол Руаль Амундсен басқар­ған норвегиялық полярлық экспе­диция болды. Сонымен жарысқа түскен ағылшын Роберт Скоттың экспедициясы бір-ақ айға кешігіп, полюсте тігілген Норвегия туын көріп, сан соғып қалған деседі. Өкінішке қарай, қайтарда боранға шалынған ағылшын экспеди­ция­сы түгелімен қаза табады. 1956 жылдан бері полюсте америкалық «Амундсен-Скотт» полярлық бекеті қызмет етуде. Полюсте күн жылына бір рет қана шығып, бір рет қана батады. Бекетте Жаңа Зеландия уақыты қолданылады, Астанамен айырмашылығы +11 сағат. Қазақстандық ғалымдардың Антарктидаға жасаған сапары ту­ралы кеңірек білгісі келген оқыр­мандар www.kazgeo.kz сайтынан, www.facebook.com/kaz­geo.kz, www.vkontakte.ru/kaz­geo.kz, www.twitter.com/kazgeo.kz әлеуметтік же­лі­лерін пайдалана алады. Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.