27 Желтоқсан, 2011

Мақсат – сот жұмысын сапалы ұйымдастыру

481 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Өткен жылдың тамыз айында ел Президентінің «Қа­зақстан Респуб­ли­касында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар тура­лы» Жарлығы шыққан болатын. Осы Жарлыққа сәйкес Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөнін­де­гі комитет та­ратылып, оның орнына Соттардың қыз­метін қам­тамасыз ету департаменті құрылған еді. Бұ­рын­ғы комитеттің құзырындағы сот актілерін орын­дау құжаттары, мүлікті есепке алу, сақтау, ба­ға­лау және одан әрі пайдалану жөніндегі функциялар Әді­лет минис­тр­лігінің құзырына берілді. Осы орайда біз жа­ңадан құ­рылған департаменттің атқаратын қызметі және міндеттері туралы осы департаменттің бас­шы­сы Бауыр­жан ЖҰМА­ҒҰ­ЛОВҚА жолығып, әңгімелескен едік. – Бауыржан Тұрсынұлы, өзі­ңіз бас­қаратын Жоғарғы Сот жанындағы Сот­тардың қыз­метін қамтамасыз ету де­пар­та­ментінің (Жоғарғы Сот ап­пара­ты) құрылғанына аса көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, бұл мүлдем жаңа құ­ры­­­лым деуге де болмас. Сұх­­баты­­­мыз­­ды осы құрылымның жұ­мы­сы туралы әңгімеден бастасақ. – Еліміз егемендік алған кезден бастап жүзеге асырыла бас­таған саяси, әлеуметтік және эко­номикалық өзгерістер ұлттық құ­­қықтық жүйенің, соның ішінде сот құ­рылымы мен сот ісін жүргізудің жаңадан қалыптасуы­на жол ашты. Сол жылдардан бастап сот саласында мемлекеттік биліктің өз алдына дербес бір тармағы – сот би­лігінің қалыпта­суына бағытталған түбірлі өзге­рістер жүзеге асты. Мемлекет басшысының тап­сырма­сы­мен құқық қорғау жүйе­сін реформалау жөнінде арнайы мемлекеттік комиссия құрылуы да осындай үлкен мақсатты, яғ­ни соттарды, ішкі істер органдарын өздеріне тән емес қызметтерден босатуды көздеген еді. Комиссия құқық қорғау органдарының қыз­метіне талдау жасап, олар­дың жұмы­сындағы өзекті мәсе­лелер мен кемшіліктерді анық­та­ды. Жан-жақты сараптаудың нә­ти­жесінде еліміздің сот-құқық қорғау жүйелерін жаңартудың бағыттары айқын­дал­ды. Осының нәтижесінде Президент 2010 жыл­ғы 17 тамызда «Қазақстан Рес­пуб­­­­­ликасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөнін­дегі ша­ралар туралы» Жарлыққа қол қой­ды. Сөйтіп, тамыз Жарлығының негізінде Жо­­­ғарғы Сот жанын­дағы Сот әкімшілігі жө­нін­дегі комитет таратылып, Соттардың қыз­­­метін қамтамасыз ету департаменті құ­­­рыл­­­ды. Ал сот актілерін орындау құжат­­­та­­­ры, мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау жә­­не одан әрі пайдалану жөніндегі функциялар Әділет министрлі­гі­нің құзырына берілді. «Қазақстан Республика­сы­ның сот жү­йесі мен судьялары­ның мәртебесі туралы» Консти­туциялық заңның 4-бөлімінде көз­делгендей, республика сотта­рының қыз­метін ұйымдастыру, материалдық-техни­калық жағы­нан қамтамасыз ету жаңадан құ­рылған департаментке жүктелді. Тағы бір айта кететін мәселе, департа­мент­тің құрылуы Елба­сы­ның 2010 жылғы 1 қараша­да­ғы мемлекеттік қызметкерлерді қыс­­­қарту жөніндегі Жарлығын тиімді орын­­­дау­ға, кадрлар санын ықшамдауға да ықпал етті. Кезінде Жоғарғы Сот аппараты мен Сот әкімшілігі жөніндегі коми­тет­тің құрылымы 237 қызмет­кер­ден тұрса, қазір департамент­тің құрылымында 170 адам қыз­мет етеді. Департамент жалпы республика сот­та­рының материалдық-техникалық, кадрлық және ұй­ымдастыру мәселелеріне қатыс­ты бар шаруаны жүзеге асырады. Әрбір об­лыстық және оған теңестірілген сотта осы департаментке қарасты «Облыстық сот кеңсесі» атты мемлекеттік мекеме қызмет етіп, жергілікті жерде әрбір аймақ сотта­рының қызме­тін қамтамасыз ету мәсе­ле­сімен айналысады. Қалам мен қағаздан бастап, түпкірдегі аудандық сот ғимара­ты­ның жылумен уақ­тылы қамтылуы – мұның барлы­ғы біздің жұмысымыз. – Бүгінгі сот жүйесінде бо­лып жатқан өзгерістер мен то­лықтырулар Тәуелсізд­ігіміз­дің 20 жылдығындағы сот са­лас­ы дамуының белгілі бір ке­зе­ңі екені рас. Сот жүйесінің жұ­мысын одан әрі жетілдіру ісінде департаменттің атқа­ра­тын қызметі және алға қой­ған міндеттерін қалай түсі­н­діріп берер едіңіз? – Сот-құқықтық реформа­сы­ның жаңа міндеттерін бас­шы­лық­қа алып, сот жүйе­сінің жұ­мысын одан әрі жетілдіру үшін департамент атқаратын шаралар мен шешімін күткен мәселелер жетерлік. Атап айтқанда, сот жұмысын тиімді ұйымдастырудың ұйым­дық, материалдық-техникалық ша­раларын кеңейту, судья­лар­ды заңнамаға сәйкес материалдық және әлеуметтiк жағынан қамта­масыз ету. – Сот жүйесін жетілдірудегі негізгі талаптың бірі – судьяларды маман­дан­дыру ісі деуге болады. Бұл бағытта ат­қарылған шаруа аз емес. Дегенмен, әлі де шешімін күткен мәселелер бар ма? – Еліміздің сот жүйесінде жү­зеге асы­рылған соттар мен судьяларды мамандан­­дырудың та­ғылымдық тәжірибесі өзінің оң нәтижесін көрсетіп келеді. Мә­се­лен, ма­мандандырылған эконо­ми­калық, әкімші­лік, қылмыстық істер жөніндегі соттарда қызмет ететін судьялар өз саласының білікті, тәжірибелі мамандары деуге болады. Мамандандырылған экономикалық соттарда милли­он­даған теңге көлеміндегі қар­жыны қамтитын даулар уақ­тылы қара­лып, жоғары кәсіби деңгейде өзінің шешімін табуда. Бұл сауда-саттық, кәсіпкерлік, эко­номика саласындағы заңды тұлғалар арасында туындаған күрделі мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал етеді. Қыл­мыс­тық істер жөніндегі мамандан­ды­рылған соттарға әлеуметтік және материалдық тұрғыдан бар­­лық жағдайлар жасалған. Бұл соттар халықтың тікелей арала­суы­мен сот төрелігін жүзеге асы­ратындығын ерекше атап өту қажет. Алқа билерге үміткер­лер­ді іріктеп, істерге қатысуға дай­ындау мұнда қызмет ететін судьялар мен сот қызмет­керлерінің ерекше дайындығы мен психо­ло­гиялық жағынан мықты болу­ын талап етеді. Келер жылдан бастап еліміздің барлық облыс орталықтарында, Қаскелең мен Семей шаһарларында кәмелетке тол­ма­ғандардың істері бойынша мамандан­ды­рылған соттар ашы­латын болады. Мұндай соттар Алматы мен Астана қалала­рын­да құрылып, бүгінгі таңда жақсы нәтиже көрсетуде. Мәселен, 2008-2010 жылдар ара­­лығында Астана қаласының кәмелетке тол­мағандар істері жөніндегі ма­мандан­дырылған соты 338 тұл­ға­ны жауапкершілікке тартса, оның ішінде 35-ін ғана бас бос­тандығынан айыру жазасына кес­кен. 207 жасөспірім шартты түрде жазаланса, 86 тұлғаға қа­тысты істер бітімгерлікпен аяқ­тал­ған. Бұл дегеніміз жасөс­пі­рімдердің құқықтары мен заңды мүдделерінің жо­ғары деңгейде қорғалатындығының кепілі. Жал­пы мұндай соттардың бірі – Астана қаласындағы кәмелетке толмаған­дар­дың істері бойынша мамандандырылған со­тын­­­­­да жуырда Ел Үкіметінің басшысы К.Мә­­­­­сімов пен Жоғарғы Сот төрағасы Б.Бекназаров, бірнеше министрлерден, Бас Прокуратура өкілдерінен тұратын делегация бол­ған-ды. Сол кезде атал­мыш сот тарапынан жасалып жатқан жұмыс, жас­тығына, кейбір жәйттерді білмеуіне байл­а­нысты қыл­мысқа барған жеткіншектерді жай ғана жазалап қой­май, сара түзеу жо­лына қайта бұруға қатысты әдістемелер, ар­найы психолог мамандар сияқты оң қадамдар атал­мыш делегация құрамын­да­ғылардың көңі­лінен шықты. 2012-жылдан бастап жоға­ры­да аталған 16 соттарда 40 судья мен 114 сот қыз­мет­кері жұмыс жасайтын болады. Сонымен қа­тар, өзіңіз білетіндей мамандан­дырыл­ған салық даулары бой­ын­ша соттарды да құру туралы соң­ғы кезде түрлі талқылау­лар орын алды. – Сот саласын реформа­лау­дағы же­тіс­тіктің бірі – бір­ыңғай автомат­тан­дырылған ақпараттық-талдау жүйесін енгізу. Бұл жүйенің жетістігі неде деп білесіз? – Сот билігінің халық үшін ашық әрі қол жетімді болуы – Елбасы мен мемлекет тара­пынан қойылып отырған басты талап. Бұл бағыттағы жұмыстар бір мезетке де тоқтатылған емес. Сот үрдісіне жаңа ақ­параттық технологиялардың енгізілуі әділ сот пен ел азаматтарының конс­ти­туциялық құқықтарының сақ­талуының негізгі кепілі. Жо­ғарғы Сот тарапынан енгізілген сот істерінің анықтамалығы, ан­ықтама дүң­гір­шектері, облыстық соттар­дың ресми сайт­тары, сенім телефондары, сот жүйе­сін­дегі үн-бейне жазба құрыл­ғы­ла­ры, сондай-ақ, Жоғарғы Сот төр­аға­сының ел азаматтарын он­лайн қабылдау жобасы қазіргі күні ха­лық тарапынан ерекше қолдауға ие болып отыр. Өйткені, төр­ағаның жеке қабыл­дауына келе алмайтын азаматтар өз айма­ғындағы облыстық сотта оты­рып, интернет желісі арқылы Жо­ғарғы Сот төр­аға­сымен он­лайн режимдегі қа­был­дауға қа­ты­са алады. Бұл соттардың ха­лық­қа бір қа­дам жақын болуы бағытында жасалған шаралар­дың бірі. Сонымен қа­тар, Ақтөбе облысы соттарында енгізіліп, өзінің тиімділігін көрсеткен сот зал­дарындағы бей­не­бақылау жү­йесін алдағы уақытта респуб­ли­каның барлық өңірлерін­дегі сот­тарға орнатсақ деген жоспар бар. Автоматтандырылған құжат айналы­мын жүргізу Жоғарғы және облыстық соттардың ин­тер­нет-ресурстарын қалып­тас­­тыру, сот процестерінде бейнеконференц байланысты пайдалану, соттарда ақ­параттық дүңгір­шектер орнату толық жүзеге асты. Бұл жүйе қазіргі күні Астана мен елі­міздің түпкір-түпкірін­де­гі аудандық және оған теңесті­ріл­ген соттармен арадағы қа­рым-қатынас мәселесін өте же­ңіл етті десем артық болмас. Соттармен арадағы құ­жат айна­лы­мы мәселесі бірте-бірте қағаз­дан электрондық форматқа ау­ыс­тырылып, судьялар мен сот қызметкерлері жаңа заман талап­тарына сай жұмысын жүзеге асыруда. Қазіргі күні аталмыш жүйені білмейтін судья немесе сот қызметкері кемде кем. Өйт­кені, біздің тарапымыздан мемлекет қаражатын, халықтың уақы­тын үнем­дейтін бұл жүйе бой­ынша арнайы оқу дәрістері тұ­рақ­ты түрде өткізіліп, технологиялар күн сайын жетілдіріліп отырса, біз де одан қалыс қалар емеспіз. Қазіргі күні өзіңіз білетіндей «электрондық үкімет», «электрондық сот өндірісі» деген ұғымдар біздің санамызға то­лыққанды еніп, енді міне Үкі­мет пен өзге мемлекеттік органдармен арадағы құжат айналым толыққанды электрондық фор­матқа көшірілуде. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен  Шарафаддин ӘМІРОВ.
Соңғы жаңалықтар