Үкімет • 15 Қыркүйек, 2018

Б. Сағынтаев оқушылар сарайындағы жабдықталған студиялар мен зертханаларды аралады

570 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бақытжан Сағынтаев Павлодар облыстық Оқушылар сарайына барып, өңірде білім беру саласын цифрландыру барысымен танысты.

Б. Сағынтаев оқушылар сарайындағы жабдықталған студиялар мен зертханаларды аралады

Тақырыптық кабинеттерді тексеру барысында Оқушылар сарайының директоры А. Ерубаева мекеменің жұмысы, оны техникалық жарақтандыру және АТ-сыныптардың мүмкіндіктері туралы айтып, адамның белгілі-бір кәсіби қызметке деген икемділігін, жеке тұлғалық қасиеттерін, дарынын, дағдыларын диагностикалауға арналған Touch table интерактивті кәсіби бағдарланған модулімен таныстырды.

Бақытжан Сағынтаев балалар технопаркінің және бизнес-инкубатордың жұмысын тексерді. Тәрбиеленушілер роботты техника зертханасында әртүрлі күрделілік деңгейіндегі кешендерді көрсетіп, олардың қолданылуы туралы айтып берді. Ал АТ-сыныпта әзірленген жобалар мен бағдарламалар көрсетілді. Сондай-ақ, оқушылардың фото жобаларының қысқа таныстырылымы өтті. Бұған қоса, Премьер-Министр астрономиялық зертхананың ғылыми-техникалық жарақтандырылуымен танысты.

Сондай-ақ, Оқушылар сарайында 3D модельдеу зертханасы, мобильді қосымшалар мен сайттар және басқа да жобалар әзірленіп, кәсіпкерлік негізіне үйрететін StartUp студиясы орналасқан.

Қазіргі кезде мекемеде 36 кабинет жұмыс істейді. Олардың ішінде мамандандырылған роботты техника, интерактивті құрылғымен жабдықталған 9 сынып, мультимедиялық құрылғымен жабдықталған астрономиялық сынып, дыбыс жазу студиясы, 5 вокал студиясы, қазақ ұлттық аспаптары оркестрі сыныбы, «Луч» киностудиясы, астрономия зертханасы, экологиялық зертхана, фото түсіру алаңы бар. Сонымен қатар, роботкешені зертханалары, астрозертхана, 3D модельдеу, стартап-академиясы, АT-сыныбы, 3 хореографиялық зал, кітапхана, музей, 400 орындық үлкен театр залы, 150 адамға арналған кіші дәріс залы жұмыс істейді. Обсерватория 2 күн, 3 планетарлы телескоппен жабдықталған. 2014 жылы планетарий цифрлық кинотеатрмен толықты.

2014–2017 жылдары 124 роботты техника, астрономия, журналистика, хореография, вокал, сәнді-қолданбалы өнерден өткен халықаралық және республикалық жарыстарда Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері 478 жүлделі орынды иеленген. 2017–2018 жылдары балалар 51 түрлі жарысқа қатысып, 215 жүлдені еншіледі. Оның ішінде 11 Гран-при, 89 рет бірінші орын, 54 – екінші, 56 – үшінші орын және 5 кубок бар.

Оқушылар сарайында мүмкіндігі шектеулі балалар да қалыс қалмаған, мұнда 4-5 жасар балалармен жұмыс істейтін эксперименттік топтар бар.