Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2018

Диқандар қарбалас үстінде

1237 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Диқандар қарбалас қимыл үстінде. Арқаның құбылмалы ауа райы жайбасарлықты жақтыра қоймайды. Қыркүйек айының басы жауын-шашынды болғанымен, соңғы тәуліктерде күн қабағы ашылып, ырыздықтың ысырап болмауына мүмкіндік беріп тұр.

Диқандар қарбалас үстінде

Симферополь ауылының Бұлақ елді мекені жақ бетіндегі піл сауырындай теңкиіп жатқан Қарауыл төбенің үстіне шыққанбыз. Ағаш бұтадан ада, момақан төбешік екен. Етегіне ғана табан іліктірдік. «Қос Ел Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының өндіріс ісі жөніндегі орынбасары Ораз Ехин жүргізушіге тоқта деп мезерет жасаған. Әрі қарай көлікпен жүруге болмайды. Қарауыл төбенің жолбарыс жоны ойдым-ойдым шұңқыр. Көне дәуірдің көмескі іздері. Бәлкім белгісіз бейіт. Осы уақытқа дейін ешкім зерттеп көрмеген. Ораз Өмірбекұлының айтуына қарағанда, ауыл ақсақалдары бұл жерді киелі санап, қызғыштай қориды екен.  

– Алтын адам жатыр, – деп күлді ол, – Арқаның «алтын адамы». Кім білсін, жатса жатқан да шығар. Әйтеуір көпшілік әзілдеп солай дейді. Ел ішіндегі қариялар жан адамды жуытпай, жаттың табанынан қориды.

Қарауыл төбенің үстіне шықсаң, көз ұшыңдағы кеңістік алақанға салғандай көрінеді екен. Төбе астында бұғып жатқан алтынның бар-жоғын кім білсін, шын алтын міне, теңіздей тебіреніп, толықсып жатыр. Ырыздық теңізі. Алқап үстінде астық кемелері жүзіп жүр. Тасымалдау техникалары да. Дән жолында өрістетілген жорықтың тынысына көз тоғайтып төмен түстік. Жаңа ғана астық комбайны жүріп өткен алқап сол қалпы тұр екен. Тіпті, мұрты басылмаған. Не орып құлатып, атжалға түсіріп, не тікелей бастырып бара жатқаны белгісіз. Таң қалғанбыз. Біздің тосырқағанымызды сезгендей тосын жайдың тігісін директордың орынбасары жазды.

– Жаңа технология,–деді ол,– алымдылығы алты метрлік комбайн жаткалары биыл Украинадан әкелінген. Жұмыс барысын қазір өзіңіз де көресіз.

Жаңалықты көрген ләзім. Көрдік. Комбайн жаткасы жұп-жұмыр болып қапталған екен. Сынықсүйем ашық жері жоқ. Тұтас құйылғандай. Жатканың бұрынғы біз көрген шалғысының орнында темір тарақ іспетті құрал тұр. Масақ дәл осы жерден қармауға ілігеді де, баданадай қызарып піскен дәнді комбайн іркіліссіз сорып алады. Одан әрі көмейге жиналған дән бункерге тоғытылады. Дән жиналып, сабан сол қалпында қала береді екен.

Шаруашылық мамандарының айтуына қарағанда, бұрынғыдан әлдеқайда тиімді. Біріншіден, қауыз басында кереқарыс болып толып тұрған дән ысырап болмайды. Екіншіден, тамырында қалған, тізеден асатын сабан алқапты жер эрозиясынан қорғайды. Мұнысы өкпек желі көп өлке үшін өте тиімді. Үшіншіден, қысты күні қар тоқтатуға жақсы. Биік көктен билеп ойнап жауған қар Арқаның долы желімен қонақтар сай-сала іздеп үдере көшпей ме? Міне, сол кезде сабаны сау қалған алқапқа киліге кептеліп, келер көктемнің ылғалын жинай береді. Оның үстіне көктемде жер жыртылып өңделгенше бұйыртқан ылғалды сақтап қалуға да әсер етеді екен.

Шаруашылықта егістік алқаптарында жүрген техниканың бәрі су жаңа. Бәрі шетелдік алымды агрегаттар. Жер танабын қуырған жеті комбайн алтын реңдес алқап үстінде жосылтып барады. Бастырылған дәнді қас-қағым сәт бөгелтпей Симферополь селосының бүйіріндегі қызыл қырманға тасу үстінде. Әзірге гектар берекесі 14-15 центнерден айналуда.

– Гектарынан қаншадан алғанда өзін-өзі ақтайды? – деп сұрадық шаруашылық басшысы Александр Шевелкиннен.

– Ол енді астықтың бағасына қарай ғой. Биыл жаман емес. Осындай баға болса әр гектардан 5-6 центнерден өнім алғанда тұқымы бар, жанар-жағар майы бар, салығы мен еңбеккерлерге төленетін жалақыны, бәрін қоса есептегенде, өзін-өзі ақтап шығады,–дейді шаруашылық басшысы,–мәселен былтыр біздің өңірде үшінші класты бидайдың әр тоннасы 37-39 мың теңге сатылса, биыл дәл қазір әр тоннасы 50-55 мың теңге. Ал, төртінші класты бидайдың әр тоннасы 33-34 мың теңге болса, биыл 48-50 мың теңгеге жетіп отыр.

Бидайдың құнын анықтайтын дүние нандық қасиеті. Бұл жөнінде шаруашылықтың бағы жанатын түрі бар. Астықты алқаптардан жеткізілген дәннің қамырлылығы 24 процент. Биылғыдай ауа райы қолайсыз, жауын-шашыны мол жылы бұл жақсы көрсеткіш. Бидайдың дені үшінші класты деген сөз.

Бір жақсысы өзге жерлердегідей қарбалас науқанда білікті мамандардың жетіспеушілігі тәрізді қиындықты бастан кешіп отырған жоқ екен. Мәселен, механикаландырылған қырман басында 15 адам жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары арасында жұмысқа өтініш бергендер аз емес. Ал, өз комбайншыларына қоса іргедегі Красный яр селосындағы ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын колледжден үш білім алушы келіпті. Осы ауылдың балалары. Жұмыс істеуге ынталы. Шаруашылық басшысы да кет әрі болмаған. Тіпті, еткен еңбектеріне қарай тәжірибеден өтіп жүрсе де еңбекақыларын толық төлемек. Кәдімгі «үйренгендерің өздеріңе жақсы, істегендерің бізге жақсының кері» дегендей.

Ауыл еңбеккерлері үшін ең өзекті мәселе еткен еңбектеріне орай төленетін ақы. Бұл мәселе оңтайлы шешілген тәрізді. Шаруашылық басшысы науқан алдында ауыл тұрғындарымен кеңес өткізген. Әр жұмыстың ауқымына, сапасына орай ақы белгіленген. Жалпақ тілмен айтқанда, ашық-жарықта басын ашып алған. Сонысы жөн болыпты, әзірге өкпе-назын айтқан ешкім жоқ. Қырман басындағы қолына күрек ұстаған адамдардың еңбекақысы 80 мың теңгеден айналса, дала кемесін тізгіндегендердің табысы 300 мың теңгеден асады. Ауылдық жер үшін тәп-тәуір еңбекақы.

Шаруашылық жаңа заманның талабынан қалмай, цифрландыруға көшуді қолға алған. Бұл іспен серіктестік директорының орынбасары Шолпан Молдабаева айналысуда. Әр танапқа қандай тұқым егілгендігі, егістік алқаптарының орналасу тәртібі, науқандық жұмыс кезінде қай техниканың қайда жүргендігі көз алдарында болады. Сәл-пәл кідіріс немесе белгіленген жобадан шығып кетсе, қолмен қойғандай көрінеді. Мұның барлығы шаруашылық жұмысын жүргізуге өте ыңғайлы. Екіншіден, суық қолдың сұғынан да сақтайды. Түйіндеп айтқанда, бұрынғыша жайсарлыққа, себепсіз тұрып қалуға жол жоқ.

Ерте көктемде агротехникалық шараларды бұлжытпай орындаған екен. Мол астықтан дәмелі болулары да сол себепті. Мамырдың 13-і күні басталған тұқым себу маусымның 5-іне дейін толық аяқталған. Арпа, бидаймен қоса, зығыр да егілген.

–Өткен жылы зығырдың бір тоннасы 180-200 мың теңгеден сатылып алынды,–дейді шаруашылық басшысы Александр Шевелкин,–биыл баға әлі төмен. Негізінде, майлы дақылдардың құны жоғары. Тек алуы қиын. Мәселен, зығырдың сабағы комбайн шалғысына оралып қалады да, жүргізбейді. Кәдімгі кендір тәрізді ғой. Комбайншылар пышақпен бір-бірлеп үзіп отырғаны. Алуы қиын болғанымен, бағасы жақсы. Оның үстіне піскен бидай тәрізді қауызында тұрып шашылып қалмайды. Тек бір қиын жері сәл ғана ылғал болса, шалғы жүрмейді. Биылғы орақ науқанында қыркүйектің алғашқы күндері жауын-шашын болды да бөгеліп қалдық. Қазір сол зая кеткен уақыттың орнын толтыру үшін жанталасып жатырмыз. Табаны күректей он күн бойы аспанның қабағы бір ашылмай, жігерімізді құм қылды ғой. Енді міне, шық түсе бастады. Екі ауысыммен жұмыс істеуге адамдарымыз да, техникамыз да дайын болғанымен,  түнде өндіріп жұмыс істей алмай отырмыз.  

Пісіп жетілген егінді тікелей жинауға көшіпті. Әзірге бітік өскен егіннің отыз проценттен астамы жиналған. Күн-түн демей қарбалас еңбек етіп жатқан дала ерлерінің жағдайы тудырылған. Үш мезгіл тегін тамақтандырылады.

Қырман басында да қызу пеңбек қайнап жатыр. Қоянжонданып үйілген бидай қараған жанның көңілін тоғайтады екен. Жалпы ауқымы бес мың тонна дән сиятын астық қоймалары бар. Шаруашылық басшыларының айтуына қарағанда, бидайдың бағасы Арқаның ауа райы тәрізді құбылмалы. Кей жылдары жиын-терін кезінде сатып үлгергендер ұтады. Ал, кей жылдары ерте көктемге дейін сақтағандардың несібесі мол. Шығыны мол элеватордағыдай емес, өздерінде құрғақ, жайлы астық қоймалары болғаннан кейін бағаның өсуін де тосқан жөн деп есептейді мұндағылар.

Қырман басына жеткізілген бидайдың ылғалдылығы 14 процент. Ал, тазалығы 3 процент деңгейінде. Қазір астықты тазалап, кептіріп. қоймаларға құйып алуда. Тұқым мәселесін де осы бастан шешіп алған жөн. Қырман меңгерушісі Қанат Жақыпбаевтың айтуына қарағанда, әзірге іркіліс жоқ. Алқап басынан жеткізілген ақық дәннің бір түйірін де ысырап етпей, ырыздық тауларын биіктете түсуде. Қырман жұмысшылар Ерсайын Ноғайбаев пен Бақыт Шайхалиевтердің алдынан жұмыс үркіп отырады.

Егін орағы ерекше екпінмен өрістетілуде. Ел де несібесін жинап алуға ынталы. Сол жері дәтке қуат. 

 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы