Ұлы Жібек жолындағы көне қаланың тұрмысы мен мәдениетінен сыр шертетін археологиялық экспонаттар көкшетаулықтардың қызығушылығын тудырып отыр. Аталмыш мәдени шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтуде.
Жалпы Жамбыл облысы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы саны 3365-ті құрайды екен. Ал, аталмыш қорық музей қарауында жүзден астам тарихи-мәдени ескерткіштер жинақталған. Сол ескерткіштердің отызы республикалық дәрежедегі ескерткіштер болса, бес ірі ортағасырлық Ақыртас, Құлан, Ақтөбе-Степнинское-Баласағұн, Өрнек Қостөбе қалашықтары халықаралық дәрежедегі, яғни, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Республикалық дәрежедегі 25 ескерткіштің қатарындағы Айша бибі, Бабаджа Хатун, Қарахан баба, Тектұрмас, Дәуітбек кесенелері Тараздың інжу-маржаны саналады. Тараздық музей қызметкерлері «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің құрылғанына 20 жыл толуына орай халқымыздың тарихи қазыналарын елге көрсету үшін сапарға шығыпты.
Көрмеге келушілер назарына 300-ге жуық көне жәдігерлер ұсынылған. Олардың қатарында түргештер заманынан қалған сырғалар, білезіктер, өзгеше әшекейлер, қолдан құйылған шырағдандар да бар.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»