Өнер • 18 Қыркүйек, 2018

Мазмұны терең, мәні кенен

846 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Петропавлдағы Жастар сарайында «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында Мә­дениет және спорт министр­лігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атын­дағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдас­тыруымен Қазақстан хал­қы тілдерінің ХХ респуб­ликалық фестивалі өтті.

Мазмұны терең, мәні кенен

«Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі» деген екен Ахмет Байтұр­сынов. Әдебиетті сөз өнерінің жау­һарына теңесек, көркем әде­биет қоғам өмірі­­нің айнасы іспеттес. Бабалары­­мыз «сөз өнері – дертпен тең»деген на­қыл қалдырған. Бұл айтыл­ған­дардың бәрі – қасиетті ана тілі­міздің бар көркемдік қуа­тын айқындайтын өмір­дің сырлы суреттерін, халықтың көр­кем тарихын кестелі тілмен өр­нек­тейтін, киелі қасиетін ай­ғақ­тайтын анық­тауыштар екені сөзсіз. Әр ұлттың тілі – оның негізгі тірегі. Достықтың кие­лі мекені саналатын атаме­ке­німізде ел мен елді, ер мен ерді ұғыс­тыратын, алдаспаннан да өткір ана тіліміздің болашағы үшін жасалып жатқан аршынды қадамдар, маңызды бастамалар аз емес. Солардың бірі деп мазмұны терең, мәні кенен Тілдер фестивалінің дәс­түрге айналып, тамырын терең­ге жаюын айтуға болады. Мем­­лекеттік тілді насихаттау, мәр­тебесін көтеру, құтты тұ­ғы­ры­­на қондыру, қоғам өмірінің бар­­лық салаларында кеңінен қол­данылуын қамтамасыз ету, ма­ңызды қарым-қатынас құра­лы арқылы жастардың Отанға, елге, жерге деген сүйіспен­­ші­лі­гін арттыру мақсатын дітте­­­ген алқалы басқосуда сөйле­­ген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандар­бек жи­нал­ғандарды айтулы мә­дени шараның ашылуы­­­­мен құттықтап, сәттілік тіле­ді. Мем­­лекеттік тілдің да­муы­­на елеулі үлес қосып жүр­ген бір топ тіл жанашырлары­на Мә­де­­ниет және спорт ми­нистр­­­л­ігі­­нің,Тілдерді дамыту және қоғам­дық-саяси жұмыс комитетінің, аймақ басшысы­ның құрмет грамоталары мен алғыс хатттары табыс етілді. Жеті аталым бойын­ша жеңімпаз атанған жергі­лікті ұжымдар марапатталды. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлт­тық ғылыми-практикалық ор­та­лы­­ғы­ның бөлім жетекшісі Ай­дос Тұрсынбайұлы өз сөзінде биыл­ғы фестиваль Алаш­тың ақиық ақыны Мағжан Жұма­баев­тың 125 жылдық мерейтой­ына арналып отырғанын жеткізді.

Қазақстан халқы тілдері байқауына өңіріміздің барлық облыстарынан және Алматы, Астана қалаларынан Абай атын­дағы көркемсөз оқу шебер­лерінің жеңімпаздары келіп, бірінші кезеңде қазақтың бел­гілі жазушыларының проза­лық шығармаларынан үзінділер оқыды. Сахна шымылдығын бірін­ші болып Ш.Есенов атын­дағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжи­ринг уни­верситетінің студенті, Маң­ғыстау облысының намысын жыртып келген Арғын Қосай ашты. Ол жұрт­шы­лыққа Орал­хан Бөкейдің әңгі­ме­сінен үзінді ұсынып, жақсы дайындықпен келгенін көрсетті. Сол сияқты шымкенттік Батыр­хан Толағай, павлодарлық Еркежан Төлеу­бек, қызылор­да­лық Өмірбай Абылайхан, қос­танайлық Жұма­бек Ару­жан, тағы бас­қалары да көр­кем сөз оқудың қыры-сырын әбден меңгеріп алғандарын аңғартты. Екінші кезең Мағжан шығармаларын мәнерлеп оқуға арналды.

 Белгілі қоғам қайраткері Алдан Смайыл төрағалық еткен қазылар алқасы әр үміткердің білімі мен білігін, өнері мен өресін бағалауда шығарманың таңдалуына, орындау шеберлі­гіне, сахналық дайындығына, киім киісіне баса назар ауда­рып, бас жүлдеге Шығыс Қазақ­стан облысының үміткері Сая Бекбосынова лайық деп тап­ты. Бірін­ші орынды ақ­төбелік Ал­тын Қо­жанова, екінші орынды елор­далық Құлпынай Өмір­бе­кова, үшінші орынды павло­дар­лық Еркежан Төлеубек пен пет­ро­павлдық Жанарбек Секел иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлд­е­герл­ерге арнайы дипломдар, алғыс хаттар, ақшалай және ынталандыру сыйақылары табыс етілді.

– Фестиваль жоғары дә­ре­жеде ұйымдастырылды. Оқу­шы қызымыз Саяның 97 ұпай жинап, топ жарғанына қуа­ныштымыз. Ол Зайсан ауданында жұмыс істейтін халық театры жанындағы көркемсөз оқу үйірмесінің тұрақты мүшесі. Республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, – деді Зайсан халық театрының режиссері Алма Сүлейменова қуанышын жасыра алмай.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы