Астанадағы Оқушылар сарайында Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры ұжымы қос бірдей қойылымын көрермен назарына ұсынды. Жазушы-драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлының пьесасы бойынша қойылған «Қайырымды қаладағы қарлығаштар» (режиссері – Ержан Қауланов) және «Мұңмен алысқан адам» (режиссері – Ерсайын Төлеубай) спектакльдерін тамашалағаннан кейін, көңілге түрлі сезім мен сан алуан пікір де қалыптастырып үлгердік.
Жазушының «Қайырымды қаладағы қарлығаштар» драма-абстракциясының оқиға өзегі негізінен Астананың сәулетті қала болып тұрғызылуы, осы жолдағы кездескен қиыншылықтар мен кедергілер пьесаның бас кейіпкері – сәулетші жігіт тағдыры арқылы баяндалады. Қойылымда қазақ елінің қала салу жолындағы арманы Әбу Насыр әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абылай хан заманынан бері қарай тарқатылып, қызықты бейнелер түзуге бірқатар талпыныстар жасалған. Аталған шығарма 2017 жылы Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған «Тәуелсіздік толғауы» байқауында жүлделі орынға ие болған пьесалар қатарында.
Ал театр ұжымы елорда халқына тарту еткен «Мұңмен алысқан адам» аталатын екінші қойылымда өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы нәубет кезеңде туған жерін тастап, елден жырақ кетуге мәжбүр болған бір отбасының тағдыр-талайы оқиға өзегіне айналған. Режиссер Ерсайын Төлеубайдың режиссерлік қолтаңбасында көпшілікпен қауышқан туынды көрерменін Отанды сүю мен азаматтық болмысыңды сақтап қалу төңірегінде ойлантады.
Десек те, біз күткендей, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық драма театрының шығармашылық қуат-қарымын айғақтауға, репертуарлық саясат мәнін бағамдауға аталған қос қойылым толыққанды мүмкіндік берді деп айта алмаймыз. Әрине театрдың заманауи төл драматургтермен бірлесе жұмыс істеуге, оның ішінде айтулы байқауларда топ жарған шығарманы сахнаға шығаруға деген талпыныстары құптарлық. Әйтсе де, нақты шығармашылық процесте спектакль идеясынан бөлек, драматургиялық шиеленіс түзу мен қойылымның сахналық көркем бейнелер сомдауында, сондай-ақ актерлік ойын мен режиссерлік сараптаудың да әлі де біраз ширыға түсуге сұранып тұрғанын аңғаруға болады. Осы орайда театр репертуары жөніндегі сауалымызға театр директоры Сабыралы Кемелбаев: «Театрымыздың репертуарлық аясы кең. Соның ішінде, әсіресе төл драматургтерімізбен етене жұмыс істегенді қолдаймыз. Сіздер тамашалаған Жолтай Әлмашұлының қос қойылымы – осы ойымыздың айғағы. «Тәуелсіздік толғауы» байқауында жүлдегер атанған «Қайырымды қаладағы қарлығаштар» драмасы елордамыз Астана қаласының алғаш іргесінің қалануы мен бүгінгі мегаполис деңгейіне көтерілген алып шаһардың салтанатты сәулет түзіп, әлем қызыға көз тігетін әсем орталыққа айналғанға дейінгі тағылымды тарихынан сыр қозғайды. Сонысымен де қойылымның тақырыптық мәні құнды ғой деп ойлаймыз. Кез келген тарихи оқиға жайдан жай орын алмайды. Оның астарында қыруар еңбек пен өлшеусіз күш-жігер, табандылық жатыр. Міне, сол табандылықтың нәтижесі – бүгінде тарихына 20 жыл толтырып отырған Сарыарқаның кіндігі Астана қаласы. «Қайырымды қаладағы қарлығаштар» арқылы көрерменге осы ойды жеткізгіміз келді», – деп жауап берді.
Рас өнердің талабы, сахнаның міндеті – көркем бейне, шиеленісті оқиғалар арқылы көрерменіне ой салу десек, бұл талап тұрғысынан келгенде, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық драма театры тарту еткен қос спектакльдің де тарихи оқиғалар мен деректерді сөйлетудегі ізденісі де, жастардың бойына отансүйгіштік рухын сіңірудегі тақырыптық, идеялық, мазмұндық мәні де көңілге құрмет орнықтырады. Әйтсе де, театр алдағы уақытта репертуарлық бағдарламасын жанрлық ерекшеліктеріне сай жан-жақты етіп, әдеби географиясын кеңейтіп, шығармашылық ізденістерін бұдан да гөрі сантараптандыра түссе, тек Қостанай халқы емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі талғампаз көрерменнің асыға күтіп, арнайы іздеп барып көретін сүйікті өнер ошағына айналатынына сенеміз. Бұған театрдың да, шығармашылық ұжымның да қарымы толықтай жетеді.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»