Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2018

Қостанай облысында адасқан тырна аңшылық шаруашылығына тапсырылды

1063 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы қара күзде  ұша алмай үйірінен қалып қойған әлсіз балапан сұр тырнаны Федоров ауданындағы Кеңарал ауылының тұрғыны Мұса Дұғаев тауып алып, қысымен асырап шыққан болатын. Көктемде оны ауыл сыртындағы тырналар қонатын, жайылатын алқапқа жібереді. 

Қостанай облысында адасқан тырна аңшылық шаруашылығына тапсырылды

Бірақ тырна үйренген орнына қайтып келе береді. Мұса Айсаұлы оны бірнеше рет тырналар жүрген алқапқа апарып жібереді. Далаға жайылып үйренген тырна біраз уақыттан кейін Кеңарал ауылына қайта келеді, адамдардан үрікпей аулаларда жайылады, балалардың берген жемін тартынбай жейді. Бірақ бұрынғыдай емес, адамдарға өзін сипатпайды, өзін асыраған Мұса Дұғаевтың ауласына кіруді де қояды.

Жақында сұр тырна Кеңарал ауылына жақын орналасқан Ленин селосына келіп қонып, көшеде, аулаларда қайтадан жайыла бастайды. Мұнда да оны тұрғындар қызықтап, жемдейді. Қазір тырналардың жылы жаққа ұшатын уақыты болып қалғандықтан, ауылдастар сұр тырнаның тағы да үйірден қалып қоймауын ойластырды.

«Өзіміз Чаппи деп атап кеткен сұр тырна сыңарын да таппаған секілді. Жазымен жиі көріп жүрдік, жалғыз жайылды. Егер биыл ұша алмай қалып қойса үсіп кетуі немесе ит-құсқа жем болуы, тіпті табиғатқа ашкөздікпен қарайтындардың құрбанына айналуы да мүмкін. Ол өткен жылғыдай емес, өсті, жабайыланды, сөйте тұра тырналар үйіріне де қосыла алмаған», дейді Мұса Дұғаев.

Ленин ауылында тұратын егерь Иван Яуфман да осы пікірмен келісіп, ауылды кезіп жүрген сұр тырнаны «Банновское» аңшылық шаруашылығына апарып тапсырды. Шаруашылық мамандары мүмкіндігінше тырнаның үйірмен қосылып ұшуын қарастырмақ, егер ұша алмаса ары қарай тырнаның тағдырын шешетін болады. Редакцияға сұр тырнаны ажалдан аман алып қалып, өсірген Мұса Айсаұлы оны жемдеген сәті мен суреттерін жіберген болатын.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы