Еуропалық одақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Қылмыстық кірістерді және терроризмді қаржыландыруды заңдастыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі Өңірлік басқармасы, Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы сынды (ОАӨАҮО) халықаралық ұйымдардың қызметкерлері бақылаушы міндетін атқарған операцияға 22 мыңнан астам құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысқан.
Апиын контрабандасы арналарының жолын кесу, трансұлттық есірткі топтарының қызметіне, есірткі кірістерін заңдастыруға тосқауыл қою, заңсыз айналымдағы қару-жарақтар, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды тәркілеу негізгі міндеттері болып табылатын «Канал – Красный бархан» операциясы барысында Қызылорда және Жамбыл облыстарында қарасораны заңсыз өсіру мен дайындауға қарсы күрес шаралары қатар жүргізілді. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, операция барысында брондалған 4 «Тигр» автокөлігі, «Багги» сыныбына жататын 6 бірлік, жүріп өту мүмкіндігі жоғары 15-тен астам автокөлік, МИ-171Е тікұшағы қолданылған.
Ауқымды іс-шаралар нәтижесінде қатысушы мемлекеттер аумағында заңсыз айналымнан 9 тонна есірткі, оның ішінде 5 тонна апиын, 38 кг героин, 2 тонна синтетикалық есірткілер, 800 кг гашиш және 830 кг марихуана, сонымен қатар 115 бірлік қару-жарақ, 2,5 мыңға таяу оқ-дәрілер, 127 мың АҚШ доллары көлемінде бағалы материалдық және басқа да заттар тәркіленген. Бұдан бөлек 719 есірткі қылмысы ашылып, 7 мыңға таяу қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз әрекеттері үшін 500 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ министрліктің хабарлауынша, арнайы операция шеңберінде ІІМ «Дельта-Долина» бөлімшесінің аумағында Қазақстан және Қырғызстан ІІМ кинологиялық қызметтерінің бірлескен жаттығулары, қызметтік-іздестіру иттерінің көрнекі өнер көрсетулері өткізілген.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Шымкент