Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2018

Алқызыл алау Алматы арқылы өтеді

352 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

2019 жылдың 2-12 наурызы аралығында Ресейдің Красноярск қаласында күллі әлемнің спортты серік ететін аса дарынды студенттерінің басын қосатын XXIX Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың өтетіні белгілі. 

 

Алқызыл алау Алматы арқылы өтеді

Бүгін Италияның Турин қаласында айтулы жарыстың алауы тұтанады. 24 қыркүйекте ол XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың астанасы болған Алматы қаласына жетеді. Алау эстафетасы Абай көшесінің бойындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайынан басталып, Республика  сарайына дейін жалғасады. Алқызыл алауды танымал спортшылар мен жоғары оқу орындарының ректорлары алып жүретін болады. Арада екі тәулік өткеннен соң салтанатты шеру Қытайдың Харбин қаласында жалғасады. Ал 29 қыркүйекте алау Ресейге жеткізіледі. Сол күннен бастап, келесі жылдың 1 наурызына дейін жалғасатын алау эстафетасы аталмыш елдің ең ірі 30 қаласын аралап, ақырында Красноярскіні бетке алады.

Красноярскіде өтетін Универсиадада әлемнің 50-ден аса мемлекетінен  3 мыңға тарта спортшылар бақ сынайды деп күтілуде. Студенттер  11 спорт түрінен 76 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ