Білім • 19 Қыркүйек, 2018

Роботтар Қызылорда да құрастырылады

36 реткөрсетілді

Өткеннің бәрін мансұқтай беру дұрыс емес. Кеңес одағы кезінде жас өрендерді бейімділіктеріне қарай түрлі салаларға дайындайтын «Жас техник» сияқты үйірмелер көп болатын. Бірін-бірі қолғаптай тез ауыстырған «реформатор» Білім министрлері шетелдің қаңсығына таңсық болып, оқу бағдарламасына жаңалық тыққыштап жүріп осы жақсы дәстүрдің сабақтастығын ұмытқан еді. «Жас техник» жетіле келе «Жас ғалым» бағдарламасына ұласып, қаншама жаңашыл ізденістерге жол ашатын. Өнертапқыштар көбейетін.

Сол жақсы үрдістің алды Қызылорда облысында іске асып жатыр.

Ералиев Серікбол деген жас кәсіпкер қалада «Smart Generation» робототехника мектебін ашты.

Серікбол кез келген адамның тісі бата бермейтін салаға жолдан қосылған көк атты емес. Ол бұған дейін қаладағы қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында робототехника орталығында жетекші болып жұмыс жасаған.

Мектеп ақылы негізде. Аптасына төрт сағаттан оқытатын арнаулы мектепке балалар алты жастан бастап қатыса алады. Ал, мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге тегін оқыту ұсынылады.

Жас кәсіпкер жаңа мектепке 2,4 млн. теңге жұмсаған. Оның 500 мың теңгесін «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының байқауында жеңіп алған.

 – Мектепті заман талабына сай ашып отырмыз. Робототехника саласы өте қарқынды дамып келе жатыр. Заман сұранысы ақпараттық техника саласының мамандары дейтін болсақ, бұл мамандарды қазір дайындамасақ кеш болады. Мектепке қажетті құрал-жабдықтарды әр елден жинақтадық. Мәселен, кейбір құралдар Дания мемлекетінен алдырылды. Сол сияқты қажетті заттарды Ресейден, Қытай, Алматы, Астанадан алдық. Мектепті ашқаннан кейін кешенді жасаған жөн. Сондықтан да материалдық базаның толық болуына көңіл бөлдік, –  дейді Серікбол Ералиев.

Мектептің ашылу салтанатына Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов арнайы келіп, құттықтау сөзін айтты.

– Қазіргі цифрланған қоғамды ақпараттық технология мамандарынсыз елестету мүмкін емес. Бүгінгі кәсіпкерлікке қадам басқан Серікболмен көктемде таныстық. Сол кезде қалада робототехника мектебін ашқысы келетінін айтқан болатын. Рас, инновациялық жобалар байқауына қатысқанымен, жобасы жеңіске жете алмады. Дегенмен, «қамықпа, ісіңді тастап кетпе» деп кеңесімді бердім. Бүгінгі мектебінің ашылу салтанатына шақырғанда келуге қуана келістім. Аядай ғана бөлме деп жас кәсіпкерді сынай көрмеңіздер. Бұл шағын бөлмедегі жас бүлдіршіндердің қуанышын, ата-аналарының қызығушылығын көріп отырсыздар. Күні ертең осы бүлдіршіндердің арасынан елімізге пайдасы тиетін мамандар өсіп шығады. Біз де өз тарапымыздан қарап қалмаймыз. Қолдан не көмек керек, беруге әзірміз», – деді ол.

Заман – білімдінікі. Сандық технология жаңа мақсаттарға құлаш ұрғызып жатыр. Елдің ертеңін еңселі ететін келешекке жаңа мектеп осылайша қазығын қақты.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда екі зауыт салынады

Аймақтар • Бүгін, 10:03

Ұқсас жаңалықтар