Білім • 19 Қыркүйек, 2018

Білім жарысында болашақ экономистер

141 реткөрсетілді

Шымкенттегі Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы № 8 мектеп-гимназиясында Шерхан Егізбаев атындағы жас экономистер сайысы өтті. Мектеп қабырғасында өткен бұл іс-шараның негізінде нарықтық экономиканың заңдары жайлы білімдерін жетілдіре отырып, оқушылардың ойлау, шығармашылық қабілетін дамыту мақсаты жатқаны мәлім. Оқушылардың бойына ыждағаттылық пен сенімділікті ұялата отырып, материалдық және рухани құндылықты бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу де ескерілгені анық.

Ал жарысқа қатысушылар Елбасы Н.Назарбаевтың «Бәсекеге қабілетті қоғам орнатудың негізі — білімде» деген сөзі жадында екенін жақсы аңғартты. Үшінші рет ұйымдастырылып отырған білім жарысы биыл алғаш рет халықаралық деңгейге көтерілді. Шымкенттегі білім жарысы жөнінде ғаламтор арқылы хабардар болған, Ресейдің Белгород, Липецк және Новосибирск қалаларында тұратын жасөспірімдер қатысуға өтініштерін жіберіпті. Яғни, олар жарысқа виртуалды түрде, ғаламтор арқылы қатысты. Ал оқушылар шешетін есеп білікті мамандардың қатысуымен құрылған. Сұрақтарға берілген жауапты комиссия емес, компьютер бағалады. Дұрыс, бұрысын анықтайтын бағдарламаны да сол жарысқа қатысатын жасөспірімдердің өздері жасаған. Осыдан-ақ қатысушы жастардың білім деңгейі жоғары екенін аңғарасыз.

Жоғарыда халықаралық жарыс Шерхан Егізбаев атында екенін айттық. 26 жасында өмірден өткен Шерхан Мұқанұлы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы № 8 мектеп-гимназиясының түлегі. Қысқа да жарқын ғұмырында биік белестерді бағындырған жас дарын бірнеше халықаралық олимпиадаларда жүлдегер атанды. Әлемнің үздік білім ордаларында білім алды. Аз уақытта өзінің білімді экономист екенін көрсетті. Инвестиция және даму министрлігінде жауапты қызметке шақырылып және оны мінсіз атқарды. Ғылыми атағын да қорғап үлгерген Шерхан ұстаздары мен достарының жадында білім өте құштар, спортқа жақын, ашық - жарқын мінезді азамат ретінде де қалары сөзсіз.

Жасындай жарқырап өткен  Шерхан Егізбаев атындағы жас экономистердің халықаралық жарысына 13 команда қатысты. Бас жүлдені ресейлік оқушылар жеңіп алды. Ал 1-орынды Шерханның өзі білім алған  № 8 гимназияның «Legion» тобы иеленді. Екінші орынға  № 41 мектеп- лицейдің «West» командасы,  үшінші орынға  № 1 мектептің «WinWin» тобы мен № 84 мектептің «Baiterek» тобы және Липецк қаласынан қатысқан «Экохайп» командасы ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Шымкент.

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаңғырық жайлы хикая

Руханият • Кеше

Қаламның қарагері

Руханият • Кеше

Дәстүр білген адаспас

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар