Оңтүстік Корея қорғаныс министрі Сон Ён Му және Солтүстік Корея халықтық әскери күшінің министрі Но Гуан Чоль құжатқа қол қойып, қол қойған парағын ашып көрсетті. Құжатқа «Пхеньян біріккен декларациясы келісімін қабылдау» деген ресми ат берілді. Аталған құжатты қос елдің үкіметі «Қос Корея саммиті, қыркүйек айындағы Пхеньян декларациясын қабылдау» деген атпен жариялады.
11-ден 40 минут кеткенде екі елдің басшылары тілшілердің алдында ресми сөз сөйлеп, маңызды саяси мәлімдеме жасады. Саммиттің нәтижесі бойынша ең маңыздысы, бірінші – Түбекті ядролық қарудан арылтудың жолдарын қарастыру мәселесі алғаш рет Солтүстік Корея лидерінің аузымен ресми түрде айтылды. Бұл бағытта «Қос Корея толықтай ядролық қарудан арылуды жылжыту үшін тығыз ынтымақтастық орнатады». Екінші – әскери құжатты негізге ала отырып, «Әскери бағыттағы жаулық қарым-қатынасты тоқтату» деген ниеттерін қағазға түсіріп, әскери текетіресті жұмсартуға келісті. Үшінші – «Осы жылы Солтүстік Корея басшысының Оңтүстік Кореяға алғаш рет мемлекеттік сапары ұйымдастырылады». Төртінші – Ядролық полигонның бірі «Тончанри сынақ алаңын мүлдем жабуға» уағдаласты. Бесінші – туыстас ел бірігіп, халықаралық деңгейде «2030 жылы Қос Корея жазғы Олимпиаданы атап өту үшін жұмыстар атқаратынын» мәлім етті. Алтыншы – «Кымгансан тұрақты кездесу орны ашылады». Оның ашылуы солтүстік тарапына тиімді туристік саланы дамытып қана қоймайды, бір-бірінен көз жазып қалған отбасыларды жиі кездестіруге мүмкіндік туып және қарым-қатынасқа жаңа серпін береді. Жетінші – екі елдің арасында қосылмай жатқан байланысты жандандырып тірілту үшін «Бір жылдың ішінде темір жол,·тас жолды қосу құрылысын бастау ресми шарасын өткізуді» қолға алады. Сегізінші – «Наурыздың бірінші күні атап өтетін Тәуелсіздік қозғалысының 100 жылдық мерейтойын бірге атап өту шарасына қатысты дайындық жұмыстарын бірге бастауға» ниеттерін білдірді. Тоғызыншы – «Оңтүстік пен Солтүстік Корея арасында түрлі сала бойынша өзара алмасу мен ынтымақтастықты кеңейту ісін және түрлі байланысты белсенді жүргізеді». Оныншы – 1950-1953 жылдары Корей соғысы кезінде «Бөлініп қалған отбасылар мәселесін шешуді жүзеге асырады. Он бірінші – «Корей түбегін ядролық қару және ядролық қауіп жоқ бейбіт жер жасауға» келіскендігі айтылды.
Көріп отырғандарыңыздай, бұл келіссөз бен саммиттің қол жеткізген нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай және мәні мен мағынасы зор. Міне, осылай халықаралық қоғамдастық пен әлем жұртшылығы алдында қос Кореяның беделі өсіп, Пхеньянда болған 3-ші саммиттің 2-ші отырысында көзделген маңызды мәселелер толығымен талқыланып, қос тарап та қанағаттанарлық жауап алып, діттеген мақсаттарына жетті. Дегенмен Мун Чже Ин бір сөзінде әзірге түбекті толықтай ядролық қарудан арылту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілмегенін және оның себебін, бұл бағытта алғашқы қадамдардың жасалғандығын атап өтті. Бастысы Солтүстік Кореяның сөзінде тұрып, іске көшкендігін және Ядролық қарусыз түбекті жасауға келіскендігін қадап айтты. Бұл екі елдің арасында бұған дейін болған келіссөздерден бөлек сипатқа ие. Өйткені онда ядролық қарудан арылуға деген ниет пен іс-әрекеттің орындалуын іс жүзінде көрсететіндігі жазылды.
Саммит барысында екі елдің басшылары айтқан сөздері мынадай. Бірінші сөз алған Солтүстік Кореяның басшысы «Ядролық қарусыз түбек жасау үшін тырысамын» деп ресми түрде мәлімдеме жасады. Оның аузынан мұндай сөздің шығуы екі елдің саяси бағытында үлкен өзгеріс туа бастағанын аңғартады. Бұл Корей түбегіне бейбітшілік орнай бастады деген сөз. Келесі болып сөз алған Мун Чже Ин мырза «Соғыссыз түбек басталды» деп жариялады. Және бүгінгі күнді ерекше күн деп атап өтті. Өзінің қуанышты көңіл-күйін де жеткізді. Сонымен қатар АҚШ пен Солтүстік Кореяның арасындағы байланысты жетілдіру жағы сөз болды.
Бұл саммитте ядролық қарудан арылуға Солтүстік Кореяның ресми түрде ниет танытқанын әлемдік дипломаттар мен саясаткерлер жақсы қабылдады. Бұл қадам АҚШ билігіне Солтүстік Корея үкіметінің жасаған дипломатиялық қадамы деп бағаланды. Солтүстік Корея өзінің уәдесінде тұрды. «Ал енді Америка өзінің уәдесінде тұра ма?» деген сұраққа жауап ашық түрде қалды. Бұл дипломатияны «Қадамға қадам дипломатиясы» деп атады. Солтүстік Кореяның жасаған қадамына АҚШ та бір қадам жасап, бір-біріне берген уәдесін орындау қажет. Сонда ғана Корей түбегінде бейбітшілік орнап, әр ел түбектің мәңгілік тыныштығына сүбелі үлестерін қоса алады.
Өз кезегінде президент Мун Чже Ин Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынды арнайы шақырды. Ким Чен Ын оның шақыртуын қабыл алғандығын және жақын арада Сеулге баратындығын мәлімдеді. Әлем жұртшылығына жас көсемнің Оңтүстік Кореяға алдағы уақытқа жоспарланған сапары тосын жаңалық болды. Ким Чен Ынның Оңтүстік Корея еліне мемлекеттік сапары – тағы бір тарихи жаңа парақты ашады. Ол осы жылдың ішінде жүзеге аспақ. Одан басқа Солтүстік Корея басшысы Оңтүстік Корея елі тарапынан осы саммитке белсенді қатысқан барлық адамдарға алғысын жеткізді. Сөз соңында екі елдің басшылары саммитке жетістік тілеп отырған екі ел халқына және шетелдегі барлық корей жұртшылығына алғыстарын жеткізді.
Қос Кореяның саммитінің нәтижесіне АҚШ билігі оң баға берді. Дональд Трамп Тончанридегі зымыран сынақ алаңын жабуға байланысты хабарды жақсы қабылдағанын қуана жеткізді. Сонымен қатар АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео да «Ким төраға Сингапурда Трампқа берген уәдесінде толық тұрды» деп Ким Чен Ынның уәдеде тұра білетін қасиетін өте жоғары бағалап, екі елдің байланыстары жылдам қарқынмен әлі де дами түсетіндігіне сенім білдірді.
Саммиттің қорытындысына аз-кем сараптама жасайтын болсақ, бұл басқосудан үлкен дипломатияның басталғандығын аңғарамыз.
Солтүстік Кореяның мәлімдеме арқылы ең бірінші Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысын сәтті пайдаланып, алпауыт көршінің ықпалынан шығыңқырап, АҚШ-пен достық қарым-қатынасты орнатып алуға Президент Трамптың мерзімі аяқталмай тұрып қол жеткізуге талпынып отырғандығы, екінші Мун Чже Иннің президенттік мерзімі кезінде Сеул мен Пхеньян арасындағы Корея дағдарысының мүлдем аяқталғандығын жақын арада жариялауға қадам жасай бастағандығы, үшінші Олимпиада секілді шараларды өткізіп Солтүстік Кореяның имиджін көтеруді көздеп отырғандығы, төртінші экономикасы мен ішкі қуатын түзейтін сауда байланыстарын барлық елмен жандандыруды қалайтындығы, бесінші Қытай, Жапония, Ресей секілді елдердің тарихи ықпалынан шығуды мұрат ететіндігі, алтыншы «Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастықты жетілдіруді көздейтіндігі және жетінші қос Кореяның бірігуін өздері бірінші болып бастайтындығы аңғарылады. Корей деген ұлт өз тарихын өз қолымен жасай алады деп жиі айтатын жас көсемнің сөздері – алысқа көз тастап отырған жас саясаткердің өз есебі ішінде екенін айғақтайды. Түбі ол Солтүстік Кореяның есігін әлем еліне ашуы мүмкін. Кім білсін, ол бұған дейінгі көсемдер жасамаған ұлы ерлікті жасап, көне Когурё деген елдің рухын тірілтіп, екі елді біріктіруге өз үлесін қосып, әлем күтпеген жаңа саясаттың басталуы ғажап емес.
Дастан АҚАШ,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін
Оңтүстік Корея,
Сеул қаласы