Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының директоры, Сенат депутаты Дариға Назарбаева мен Гои бейбітшілік қорының президенті Хироо Сайонджи қатысты.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Д.Назарбаева қол қойылған меморандум ортақ мақсатты жүзеге асыруға мол үлес қосатынына сенім білдіріп, екі қордың арасындағы қарым-қатынас дами түсетінін атап өтті.
«Елбасы біздің елдеріміздің арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастарға ерекше назар аударады. Қордың қызметінің негізгі мақсаты – дарынды жастарға қолдау көрсету, білім беру, әлеуметтік саясат және жаңа технологиялар саласындағы жаңашыл идеяларды іске асыру, тиімді қайырымдылық көмек көрсету және бәсекеге қабілетті сараптамалық-талдау орталығын дамыту. Бүгін біз меморандумға қол қоя отырып, қорлар арасында сенімді және мықты қарым-қатынастың берік іргетасын қалап отырғанымызға қуаныштымыз», деді Д.Назарбаева.
Сонымен қатар ол Елбасы қоры Гои қорымен бірлесіп, жас таланттарды қолдау үшін ғылым, мәдениет салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға, сарапшылардың дөңгелек үстелдерін өткізуге дайын екендігін баса айтты.
Өз кезегінде Хирро Сайонджи әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыру барысында өзара тәжірибе алмасуы қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар бірлескен шараларды ұйымдастыруға және өткізуге дайын екендігін жеткізді.
Меморандум Қазақстан мен Жапония халықтары арасындағы дәстүрлі достықты одан әрі нығайтуға, жастар бастамаларын ілгерілетуге, жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған.
Меморандумға қол қою рәсімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев Гои бейбітшілік қорына Қазақстанның нышаны, Ұлы Дала елінің мәдени мұрасы саналатын «Алтын адамның» көшірмесін сыйға тартты.
Гои бейбітшілік қорының президенті Хироо Сайонджи Назарбаев орталығында Елбасының ядролық қаруға қарсы бастамалар залымен танысты. Сонымен қатар Ұлттық музей және «Бейбітшілік қабырғасы» монументіне және басқа мәдени нысандарға барды.
Ядролық қаруға қарсы қозғалыстағы Қазақстанның негізгі шетелдік әріптестерінің бірі саналатын жапониялық қонақтың елімізге келуі кездейсоқ емес. Жапония да ядролық қарудың зардабын көп тартқан мемлекет. Сондықтан «Күншығыс елі» халықаралық қоғамдастықты ядролық қаруды таратпауға және жаппай қырып-жою қаруларына қарсы бағдарламаларды қолдауға әрдайым шақырады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»