Қазақстан • 20 Қыркүйек, 2018

Интеграция мәселелері талқыланды

650 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конрад Аденауэр атындағы қордың ұйым­дас­тыруымен Назарбаев Универ­ситет­те «Қазақстан мен Германия­ның инт­еграциялық саясаты. Салыстыр­мал­ы талдау» тақырыбымен өткен ха­лық­ара­лық конференцияда сарапшы­лар екі елдегі көші-қон мәселесін талқылады.

Интеграция мәселелері талқыланды

Алқалы жиынға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко, Қазақстандағы Конрад Аденауэр атындағы қор өкілдігінің директоры Томас Хельм және Парламент Мәжілісінің депутаттары мен шетелдік сарапшылар Қазақстан мен Германияның интеграциялық саясатын сөз етіп, әлемдік тәжірибені талқылады. ҚХА төрағасының орынбасары өз сөзінде Қазақстан қоғамды біріктірудің өзіндік интеграциялық әдісін таңдағанын жеткізді. «Әлемде интеграцияның әртүрлі модельдері бар. Көптеген елдерде этностық топтардың құқықтық жағдайы ұлттық азшылық институты арқылы реттеліп отырады. Ал бізде Мемлекет басшысының саяси ерік-жігері­нің арқасында әлеуметтік үйлесім мен ұлт­тық бірліктің бірегей қазақстандық моделі жүзеге асырылды. Елбасы ел саясатының басымдығы ретінде бірлікті таңдады. Ата Заңымыз да «Біз Қазақстан халқы» деп бас­талады. Бұл елдегі ынтымақтың іргетасы бола білді. Этномәдени бірлестіктердің Қазақстан халқы Ассамблеясына бірігуі қуатты қоғамдық ресурс ретінде барлық ұлттық топтар мүдделерінің аккумуляциясы бола білді. Сондықтан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың моделі Қазақстан халқы Ассамблеясы этностық топтардың құқықтары тұрғысында демократиялық стандарттарды қамтиды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 180 мыңға тарта неміс бар. Неміс этномәдени бірлестіктері белсенді түрде жұмыс жүргізуде. Президенттің тапсырмасымен академиялық деген жоғары мәртебе берілген неміс драма театры да бар. Неміс газеті шығып тұр. Мемлекет неміс мәдениеті, дәстүрі мен тілінің дамуына барынша қолдау білдіріп келеді», деді Л.Прокопенко.

Леонид Прокопенконың айтуынша, Америка Құрама Штаттарында интегра­ция­ның «балқыту қазаны» моделі қолданылып, бір ұлтқа айналған көптеген этностық топтар америкалық идея мен ортақ құндылыққа бірігеді. Ал Жапония мемлекеттің «организмі» ретінде «кокутай» тұжырымдамасын жүзе­ге асырып келеді. Көптеген елдерде және Еуропада этностық топтардың құқықтық мәртебесі ұлттық азшылық институттары мен жеке адам құқықтарын абсолюттандыру арқылы реттеледі.

Қазақстандағы Конрад Аденауэр атын­дағы қор өкілдігінің директоры Томас Хельм болашақта жаһандану әлемдік үрдіске айналатынын, ол көші-қонсыз мүмкін емес екенін атап өтті. «Келешекте әлемдегі көші-қон мен интеграциялық үрдіс арта түседі. Сондықтан бүгінгі таңда бұл тақырыптар белсенді түрде талқыланып, жаңа жағдайларда қоғам дамуында оңтайлы шешімін табуы тиіс», деген ол 26 жыл сенімді серіктестік қарым-қатынаста болған Қазақстан мен Германияның көз­қарастары ортақ екенін айтты. 

Конференция кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Назарбаев Университет арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Шигео Катсу мырзаға байланыс орнатуға ниет танытқаны үшін алғысым­ды білдіремін. Бірақ біз меморандумға дейін де ұзақ уақыт бойы бірге тығыз жұмыс істедік. Назарбаев Университет – Қазақстанның интеллектуалдық саладағы көшбасшысы. Білім мен ғылымды дамыту – Қазақстан халқы Ассамблеясы басымдық беретін маңыз­ды салалардың бірі. Ғылым алаңында интел­лектуалды байланыс орнату ұлттық бірліктің қазақстандық моделін дамытуға және арамыздағы өзара әрекеттестікті одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деген ойдамын», деді ҚХА төрағасының орынбасары.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»