Дүбірлі дода қарсаңында отандық самбошылардың қол жеткізген көрсеткішіне азды-кемді тоқтала кетсек, ең бастысы, спорттың бұл түрінде жеңіспен өрілген бай дәстүріміз бар. Елімізде мықты бапкерлік мектеп қалыптасып, байрақты бәсекелерде біздің балуандардың шоқтығы әркез биік болғанына қалың көрермен куә. КСРО дәуірінде қандастарымыздың арасынан екі әлем чемпионы шықты. Бұл көшті Диқанбай Биткөзов пен Марат Жақитов сынды атақты бапкерлерден тәлім-тәрбие алған Қанат Байшолақов бастады. 1984 жылы Мадридте өткен додада аса жеңіл салмақ дәрежесінде белдескен ол алтын тұғырға көтерілді. Арада бес жыл өткен соң АҚШ-тың Уэст-Ориндж қаласында ұйымдастырылған жарыста дәл сол салмақта бақ сынаған Батыр Қуанышевтің төл шәкірті Асқар Шайхиев бас жүлдені қанжығасына байлады.
Өкінішке қарай, қазір алтын асықтай сол қос азамат та арамызда жоқ. 2000 жылдың мамыр айында түн жамылған киллер Оралдағы дәл өз үйінің іргесінде 37 жастағы Асқар Шайхиевті атып өлтірсе, 2011 жылдың қақаған қысында Қарағанды мен Жезқазған тас жолының бойында 49 жастағы Қанат Байшолақовты «КамАЗ» көлігі қағып кетті.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан самбошыларының даңқы шартарапқа жайылды. 1992 және 2017 жылдар аралығында 25 мәрте жалауы желбіреген әлем чемпионатының барлығында отандық балуандардың қанжығасы майланып, олар елге мол олжамен оралды. Мәселен, оралдық Ерболат Байбатыров қатарынан төрт рет (2008, 2009, 2010, 2011 ж.ж.) жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, ақтөбелік Асхат Шахаров үш мәрте (2000, 2004, 2005) сондай құрметке бөленді. Дүниежүзілік додаларда дара шығып, алтын медальді кеудесінде жарқыратқандар қатарында Бауыржан Садықанов (1993), Қоныс Жетпісов (2001), Дәурен Жайнақов (2009), Азамат Мұқанов (2010), Бейімбет Қанжанов (2015) және Есет Қуанов (2017) сынды жігіттер бар.
Жоғарыда біз тек әлем чемпионы атанған азаматтардың ғана есімдерін атадық. Ал тәуелсіз елдің туын көтеріп, дербес команда ретінде халықаралық аренаға шыққалы бері күміс пен қола жүлдені иеленген қазақстандық самбошылардың саны 60-тан асып жығылды. Мысалы Ерболат Байбатыров төрт алтыннан бөлек, бір күміс (2016) пен қос қоланы (2007, 2012) еншіледі. Асхат Шахаровтың тағы бір күмісі (1999) мен екі қоласы (1998, 2002) бар. Қоныс Жетпісов екі рет ақтық сында (1998, 1999) күш сынасу мүмкіндігіне ие болды. Азамат Мұқанов өз қоржынын тағы төрт қола жүлдемен (2007, 2008, 2009, 2012) толықтырды. Есет Қуанов екі рет үшінші сатыға (2014, 2015) табан тіреді. Осыдан бірер жыл бұрын ғана Бейімбет Қанжановтың да қолаға (2017) қол созғаны есімізде.
Әлем чемпионы атағына қол жеткізе алмаса да, біраз биік белестерді бағындырған балуандарымыздың да қатары қалың. Атап айтсақ, Асылбек Әлкей – бес (2012 – күміс, 2007, 2008, 2009, 2014 – қола), Дінмұхамед Мүсірәлиев – төрт (2002 – күміс, 1997, 2000, 2005 – қола), Бірлес Есенғалиев – үш (2006 – күміс, 2003, 2004 – қола) және Сәлкен Жартыбаев (1992 – күміс, 1994 – қола) пен Арсен Хатип (2005 – күміс, 2010 – қола) – екі реттен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сондай-ақ Руслан Сейілханов, Зекен Шаймерденов, Ғалымжан Жылкелдиев, Берік Жетпісбаев, Қайрат Күнсафин, Марат Таханов, Ерлан Тәжіков және Тимур мен Медет Оңдағанов, Саят Шәмшиев сынды болмысы бөлек балуандардың жеңіс тұғырында марқайып тұрған сәттері күні бүгінгідей көз алдымызда.
Қыздар арасынан әлемдік деңгейдегі жарыстарда жүлде алған тұңғыш қазақ самбошысы – Айсара Керімбекова. Ол Кеңес Одағы тұсында және еліміз егемендік алғаннан кейін де төрткүл дүниенің мықтылары бас қосқан жарыста жүлделі орындарды иеленіп, еңсемізді бір көтеріп тастады. 1995 жылы Токиода Сәуле Ғабдулинна әлем чемпионы атағына қол жеткізіп, барша жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледі. 2007 жылы Чехияда Раиса Байлиева және 2014 жылы Жапонияда Гауһар Тұрмаханова дәл сол белесті бағындырып, алтыннан алқа тағынды.
Әр жылдары әлем чемпионатында жүлде алған аруларымыздың саны 50-ге жуықтайды. Солардың арасындағы ең атақтылары жайында айтсақ, Сәуле Ғабдуллина 1992 және 1996 жылдары қола алса, 2001 жылы күміспен күптелді. 1999, 2000, 2005, 2006 жылдары Раиса Байлиева үшінші орынды иеленді. 1999, 2001, 2005 жылдары Алмагүл Кашина қолаға қол созды. Динара Оразбекова, Қалжан Тайжанова, Келбет Нұрғазина, Ленария Меңғазова және Әлия Жылқыбаева сынды сұлулар екі реттен жеңіс тұғырына көтерілді. Ал осы күндері өнер көрсетіп жүрген балуандар арасынан Ділдәш Күрішбаеваның қарқыны қуантарлық. 2014 жылғы әлемдік додада күміс медальді мойнына ілген Ділдәш 2013, 2015 және 2016 жылдары қола жүлдені еншіледі.
Міне, қысқаша баяндасақ, Қазақстан самбосының қысқаша тарихы осындай. Ал соңғы әлем чемпионаты былтырғы жылдың қараша айында Сочиде ұйымдастырылған болатын. Сол жарыста Есет Қуанов (62 кило) бас жүлдені олжаласа, Бейімбет Қанжанов (52 кило) пен Әлібек Зекенов (90 кило) қола медальді иеленді. Сондай-ақ Қазақстанның әйелдер құрамасы сапында белдескен Аида Қаршаева (56 кило) үшінші сатыға жайғасты.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ