Қазақстан • 20 Қыркүйек, 2018

Сапа менеджментін енгізу бәсекеге қабілеттілікті нығайтады

474 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда өткен «ANQ 2018» XVI Азия Сапа конгресі  аясында Азия, АҚШ, Еуропа елдерінен келген екі жүзден астам өкіл әлемдегі сапа саясаты туралы тәжірибелері және ұсыныстарымен  бөлісті.

Сапа менеджментін енгізу  бәсекеге қабілеттілікті нығайтады

Қазақстан Сапа және Инновациялық менеджменті ұйымы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Азия Сапа желісінің - ANQ ұйымдастыруымен өткен конгресске Нориаки Кано,  Клаес Берлин, Мохамед Заири, Ван Сеон Шин, Лин Хай, т.б. сапа менеджменті саласының кәсіпқойлары қатысты.

Конгрессте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов «Атамекен» ҰКП төрағасы Асқар Мырзахметовтың құттықтау сөзін оқып, қазақстандық кәсіпкерлер үшін шараның маңыздылығына тоқталды.

Бүгінде экономикасы дамыған елдердің озық тәжірибесі өмірдің барлық саласын қамтиды. Ал сапа философиясы кез келген қазақстандық компаниядағы басқару жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуы қажет. Бәсекеге қабілетті өнім  тұтынушының жоғары талаптары мен сұранысын қамтамасыз етуге тиіс.

Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерінде сапа менеджментінің рөлі айрықша. ҚР Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Арман Шаққалиев «Жедел бәсекелестік жағдайында әлемдік нарықта өндірістің технологиялық тұрғыдан жаңғыруын, менеджменттің қазіргі заманғы инновациялық жүйелерін, жаңа бастамалар мен сапаны қолдау аса өзекті болып отыр. Тәжірибелі менеджерлердің бір алаңда бас қосуы республикада халықаралық стандарттарды енгізуді жеделдетумен қатар қазақстандық өндірушілер үшін өнімнің, қызмет түрлерінің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік беретіндігіне» тоқталды.

Бүгінде ANQ Азияда ғылым мен техниканың дамуына ықпалдасу, өнеркәсіптің дамуы мен адам өмірінің сапасын жақсартуды мақсат етеді.

Қатаң бәсекелестік жағдайында экономиканың барлық саласында компаниялар үшін тұтынушымен ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әрекеттердің рөлі зор. Тиімді қарым-қатынастар құруда тұтынушының көңілінен шығуды бағалау әдістері мен бағдарламалар тұрақты жетілдіріліп отыруы тиіс. Бүгінде құрамына Қазақстан, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Сингапур, Жапония, Таиланд, т.б. Азияның 17-ден астам мемлекеттерінің Ұлттық сапа ұйымдары кіретін ANQ құрудың бастамашысы, сапа менеджментінің білгір маманы Кано әдісі тауарға тұтынушы көзімен қарап, оның құнды әрі тиімсіз тұстарын бағалауға мүмкіндік береді. Тауар немесе қызмет түрлерін ұсынғанда бірінші кезекте қандай өнім ұнайтындығына байланысты тұтынушылар талаптарына назар аудару қажет. Ғалымның зерттеу жұмыстарының нәтижесіне орай Кано әдісі өндіріске 90-жылдардың басынан бастап енгізіле бастады. 

«Азия Сапа желісі осыдан 16 жыл бұрын өндірістің барлық саласында сапаны арттыруды мақсат ете отырып құрылған-ды. Конгресс аясында қол қойылған келісімдер Қазақстанның барлық кәсіпорындарын сапа деңгейіне көтеруге ықпал етеді. Үкімет органдарына кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған шараларды атқаруға мүмкіндік береді. Басқару, инновацияларды пайдалану, сапалы өнім қатарын көбейтіп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырудағы озық тәжірибелермен бөлісуді мақсат етеді», - деді Нориаки Кано.

Ал сапа менеждементін басқару, қызмет көрсету салаларындағы ерекшеліктері мен өнеркәсіптегі басымдықтары тұрғысындағы пікірлерімен бөліскен  Клаес Берлин, Мохамед Заири, Ван Сеон Шин, Лин Хай өз тәжірибелеріндегі сапа жүйесінің озық үлгілеріне тоқталды.

Азия сапа желісінің президенті Азат Әбдірахмановтың айуынша,  сапа менеджментін дамыту, оның негізгі қағидаттарымен бөлісу кез келген компания үшін маңызды. Ғаламдық экономикалық дағдарыстар кезеңі өндіріс орындарынан сапаны арттыруды талап етеді. Бүгінде дамыған елдер экономикасын үлгі ете отырып, Жапония, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сапа менеджментіне назар аударуға тиіспіз. Сапа бағаның төмендеуіне ғана емес, жемқорлықпен күресуге де мүмкіндік береді. Қазақстан үшін өнеркәсіп алаңдарына сапа менеджментін енгізу уақыт күттірмейтін мәселе. Осы тұрғыда басқару жүйесінің, мамандар оқытудың маңызы жоғары. Сапа жаңа технологияларды игеріп, оны өндіріске енгізумен шектелмейді. Компанияның беделі, тауардың зор сұранысқа ие болуы сапа саясатын, сапа стратегиясын меңгерген менеджерлердің біліктілігімен байланысты.

Конгрессте ANQ мен «Атамекен» ҰКП арасында қазақстандық бизнесмендер, кәсіперлер үшін компанияларды басқарудың ең озық үлгілерімен таныстыруды, бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуде ақпарат алмасу мен өндіріс орындарының өнімдері, көрсететін қызметтеріне бағытталған келісімге қол қойылып, ANQ құрметті президенті Нориаки Кано  саладағы үздік менеджерлерге арнайы сыйлықтар тапсырды.

Конгресс шеңберінде кәсіпорындар арасында ынтымақтастыққа қол жеткізіліп, қазақстандық өндірушілердің көрмесі аясында халықаралық ықпалдастық  келісімдеріне қол қойылды.

Конгресс «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы аясында Халықаралық Сапа альянсының форумы, ANQ отырыстары, симпозиуммен жалғасын тапты.

 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ