Тамыз айының аяғына дейінгі аралықта «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы Аграрлық несие корпорациясына (АНК) 3,4 млн га жерге егін егу үшін барлығы 67 млрд теңге қаржыны құрайтын 2146 өтініш түсті.
– Көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терім науқанын «ҚазАгро» холдингі дәстүрлі жолмен түрлі көздерден қаржыландырады, – деді «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рүстем Жомартұлы Құрманов. – 60 млрд теңге негізгі көлем – жыл сайын бөлінетін бюджеттік несиелеудің қаржысы, бұл ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге жылдың басында 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде жабу үшін беріледі. Аталған қаржыны алу талаптарына сәйкес, соңғы борышкерге дейін қаржыландыру шарттары қойылады. АНК арқылы тікелей қаржыландырудан бөлек несиелерді несие серіктестіктері немесе басқа да қаржы институттары – микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер арқылы алуға болады.
Биыл қаржы институттары арасында қаражат көлемі бойынша қатаң шектеулер болған жоқ, сол себепті оны үлестіру өтініштердің түсу барысына қарай жүзеге асырылды. Несие серіктестіктері арқылы 13,1 млрд теңге берілді, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 4,5 млрд теңгеге көп. Екінші деңгейлі банктер және микро қаржы институттары арқылы 12 млрд теңге берілді (2017 жылы – 21,3 млрд) және тікелей несиелендіру арқылы 34,9 млрд теңге (2017 жылы – 30,1 млрд) берілді.
Тікелей несиелеу кезінде соңғы борышкерлер үшін сыйақы мөлшері жылдық 2 процентті құрайды, банкке кепілдеме қоюды қоса есептегенде ол 6 процент болады. Несие серіктестіктері мен микроқаржыландыру ұйымдары үшін сыйақы 6 процент болса, банктер үшін 5 процентке дейін.
«ҚазАгро» бұл фермерлерді біршама көтермелейтін қаржы деп санайды. Кепілге келер болсақ, тікелей несие берілген жағдайда бұл банктің кепілі болып саналады, басқа механизмдер бойынша – қаржы ұйымдарының кепіл саясатына сәйкес болады. Тәжірибе көрсеткендей, несие серіктестіктері ауылшаруашылық техникасы, жер сынды кепілі бар қатысушыларды несиелейді, бұл микроқаржыландыру ұйымдарына да қатысты.
АНК атап көрсеткендей, қаржыны беру кезінде аймақтардың қажеттіліктері назарға алынған. Тарихи қалыптасқандай, несие қаражатының басым бөлігі астық егуші аймақтардың үлесіне тиеді. Сөйтіп биыл оның 80 проценті еліміздің астықты өлкелеріне берілді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына сәйкесінше 15,7 млрд, 21,6 млрд және 11,9 млрд теңге бағытталды. Салыстыру үшін айтайық, Оңтүстік Қазақстанның үлесіне – 4,7 млрд теңге, Шығыс Қазақстанға – 1,2 млрд теңге, Батыс Қазақстанға – 1,1 млн теңге тиесілі.
Егістік алқаптарын әртараптандыру саясаты бойынша екі жылдың бедерінде көкөніске, жемшөп және майлы дақылдарға деген сұраныстың оң динамикасы байқалады. Атап айтар болсақ, өткен жылы агроөнеркәсіп кешен субъектілерінің 3 млн га егістік алқаптарынан осы дақылдардың үлесі 900 мың гектарды құраса, биыл бұл көрсеткіш 1 млн гектарға дейін ұлғайды.
Аграршылардың АНК-дан тұқым себу мен жиын-терім жұмыстары үшін алатын 60 млрд теңге қаржысынан бөлек, ұсақ шаруашылықтар Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қаражатын ала алады. Биыл Өнімді еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында, сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Қор тарапынан 247 жоба 1 млрд теңге сомасында қаржыландырылды. Бөлінген қаражаттың көмегімен 91,5 гектар жерде жұмыс жүргізіліп, 389 адам жұмыспен қамтылды.
Мұндай жағдайда орташа несие көлемі – 6 млн теңгені, жылдық сыйақы 6 процентті, ал несиені қайтару мерзімі – үш жылды құрайды. Қорға негізінен 100-120 гектар жерді өңдейтін ұсақ фермерлер барады, банктер олармен жұмыс істемейді. Яғни, АНК-ге немесе банктерге салмақты кепілмен қамтамасыз етілген және өндіріс көлемі де айтарлықтай ірі шаруашылықтар баратын болса, Қор негізінен микронесиелеумен айналысады.
Қосымша қаражат алудың тағы бір механизмі – техниканы лизингке алу. «ҚазАгроҚаржы» АҚ биыл 2199 бірлік техника сатып алуға 38 млрд теңге көлемінде қаржы бөлді, оның ішінде 18,5 млрд теңге астық жинау техникасын алуға жұмсалды. Сыйақы мөлшері – жылдық 14,5 процент. Тракторларды, шөпшапқыштар, тұқым сепкіштер, тұқым себу кешендерін тікелей лизинг алушының өзі таңдайды. Кейбіреулер «Беларусь» тракторы сынды үнемді нұсқаларды таңдаса, енді біреулер John Deere сынды қымбат, есесіне өнімді комбайндар алғанды жөн көреді.
– Тарихи қалыптасқандай, несие беруге бюджет қаржысынан бөлек басқа да көздер, соның ішінде жекелей қаржы көздері мен басқалары қатысады. Қалай болғанда да, 60 млрд теңге Қазақстанның қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмайды, бұл тек егістік алқаптарының 15 процентін өңдеуге жетеді, – дейді Л.Ищанова. – Тұқым себу және жиын-терім жұмыстарын өз бетінше, қосымша қаржы тартпай-ақ жүзеге асыратын шаруашылықтар бар. Енді біреулері несие серіктестіктері арқылы қаржыландырылады, АНК оларға бюджет несиесінен бөлек жыл сайын 30 млрд теңгеден кем емес қаржы бөледі. Ірі, орнықты шаруашылықтар банктер үшін айтарлықтай тартымды клиент болып табылады, олар кепілмен қамтамасыз етілген. Қалай болғанда да, көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру сынды мақсатты бағдарламамен қатар, «ҚазАгро»-ның еншілес компаниялары мен өзге де қаржы ұйымдарының басқа да өнімдері бар, аграршылар өздеріне қолайлы балама нұсқаларды таңдай алады.
Несие алуға жыл сайын өтініш беретін ірі шаруашылықтар бар. Оны алуға уақыт жағынан шектеу жоқ. Бастысы, несие алушының бюджет алдында және басқа несие бойынша берешектері болмаса болды.
«ҚазАгро» өкілінің айтуынша, теріс несие тарихы кейінгі қаржыландыруға әсерін тигізеді. Сол себепті фермерлер өздерінің қандай тәуекелге баратындарын алдын ала салмақтап алуы керек. Сонымен қатар олардың себуге арнап қалдырылған тұқым, не болмаса қоймадағы жанар-жағармай, саймандар сынды реурстар қорының болуына байланысты міндеттемелері де бар. Осылайша жұмыскерлердің барлығы 100 процент емес, олардың қажеттіліктерінің бір бөлігі ғана несиеленеді.
Қайтару мәселесіне келер болсақ, әрине, мерзімнің өтіп кету оқиғалары кездеседі, бірақ ол жаппай сипатта емес. Ондай жайттарға әсер ететін объективті себептер, бірінші кезекте ауа райының қолайсыздығы қолбайлау болса, несие берушілер оларға түсіністікпен қарап, несиені жабу мерзімін ұзартады.
Жалпы, көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терім жұмыстары тікелей ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен үнемі талқыланады. Олардың өтініштері мен ұсыныс-тілектері назарға алынады. Мәселен, кезінде сыйақы мөлшері төмендетілген болатын, енді Фермерлер одағы тарапынан қаржыландыру мерзімін ұзарту және жекелей механизмдерін жетілдіру мәселелері көтерілуде.
Несиелік қызмет агроөнеркәсіп кешенін қолдаудың шешуші құралы екенін ерекше атап өткен жөн. Жыл сайын саланы қаржыландыруға 300 млрд теңге шамасында қаржы жұмсалады. Алдағы 3 жылда ауыл шаруашылығына тағы 1 триллион теңгеден астам қаражат бағыттау жоспарланып отыр.
2017 жылы АӨК-ні қаржыландыру көлемі 266,7 млрд теңгені құрады, оның 92 проценті несиелеу бағдарламасы мен лизингке жұмсалды. АӨК несиелік портфелінің жартысына жуығы – «ҚазАгро»-ның үлесі, 58 мың борышкер оның клиенті болып табылады.
Холдинг қызметінің аса маңызды бағыттарының бірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру болып табылады, ол екі стратегиялық маңызы бар міндетті шешеді: аграрлық сектордың импортқа тәуелділігін төмендету және экспорттық әлеуетін дамыту. Қазіргі таңда холдингтің инвестициялық қаржыландыру портфелінде жалпы құны 423,4 млрд теңгені құрайтын 611 инвестициялық жоба бар, 337,8 млрд теңгенің 539 жобасы іске қосылған.
Жақында өткен форумда инвесторлар алдында сөйлеген «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі Асылхан Джувашев отандық ауыл шаруашылығына инвестициялаудың артықшылықтарын санамалап берді. ЕАЭО мүшесі ретінде Қазақстан 180 млн-нан астам нарыққа тікелей шығады, тауарлар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалысына ие. Сонымен қатар көрші елдердің ауқымды нарығы республикамызды ауылшаруашылық өндірісін және қайта өңдеуді дамытуға тиімді алаңға айналдырды.
Сол себепті, ауылшаруашылық өнімдерін шығаруға жарамды үлкен алқаптары бар Қазақстан экологиялық жағынан таза азық-түлік өндіруші бола алады. Қазірдің өзінде біз астық өсіруде химикатты ең аз қолдану деңгейі бойынша дүние жүзінде бірінші орын аламыз – жыртылатын алқаптардың әр гектарына бар болғаны 0,1 тонна.
АӨК-ні дамытудың әлеуетті жағы мемлекеттің қолдауы болып табылады. АӨК-ні дамыту мемлекеттік бағдарламасының аясында 2017-2021 жылдары өңдеушілер үшін қарыздарды сақтандыру және кепілдендіру, жеңілдікпен несиелеу және салық салу, инвестициялық субсидиялау және несиелер мен лизингтердің сыйақы мөлшерін субсидиялау сынды құралдар қарастырылып отыр. Дегенмен жоғарыда айтылғандай, мемлекеттің қолдауы АӨК-нің барлық қажеттіліктерін өтемейді, қазіргі агробизнес тікелей шетелдік инвестицияларды қажет етеді. Осыған байланысты ҚазАгро АӨК субъектілерін дамыту үшін жаңа капитал көздерін тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»