Бизнес • 21 Қыркүйек, 2018

Ауыл шаруашылығы секторын дамытатын 8 шара

847 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығымен қысы-жазы еңбектенуден қажы­майтын бейнетқор қауым айналысатыны мәлім. Табиғатымыз­дың қатал мінезін ескерсек, бұл саланы дамыту ешқашан оңай болмаған. 

Ауыл шаруашылығы секторын дамытатын 8 шара

Мен еңбек жолымда қарапайым мал шаруашылығындағы жұмыс­тан бастап, аудандық қаржы бөлі­мінің ауыл шаруашылығын қар­жыландыру және бақылау аға эконо­мисі қызметіне дейінгі ара­лықта біраз сатыдан өттім. Осы сала­ның ыстық-суығын көрген адам ретінде оның қыр-сырын бір кісідей білемін деп есептеймін. Кеңес одағы кезіндегі жүйенің, ке­йін­гі тәуел­сіздік тұсындағы қай­та құру ке­зеңдерінің реформа­лары­на куә болдық. Қай жерде қан­дай ол­қы­лық кеткенін, қандай оң­­тай­лы тәсілдер қолданылғанын көр­дік. Көп жылғы тәжірибеміздің ар­қа­сында қай бағытқа басымдық беру керектігін түсінетін деңгей­ге жет­кендейміз. Сол себепті ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар ұсынысымды ортаға салсам деймін. Ел экономикасының тірегі – ауыл шаруашылығына қатысты білгенімізді кейінгі буынға үйрету біздің парызымыз. 

Жалпы, аграрлық экономиканы дамыту еліміздің табиғи ерек­ше­ліктерін ескере отырып жүргізіл­гені жөн. Бұл сектор өзіндік құ­нын ақтайтын бірегей өнім шығару­ға, экологиялық таза өнімді мо­лай­туға бағыт ұстанып, шаруа қожа­лықтарын, серіктестіктерді реформалау одан әрі тереңдетілуі керек.

Ол қалай жүргізілмек? 

Біріншіден, аграрлық аудан­дар­да орта­лық­тандырылған мем­лекет­тік «Ауыл­шаруашылық банкін» ашу қолға алынса, саланы оңт­ай­лы несиелеуге және бюро­кра­тия­лық кедергілерден арылтуға жол ашар еді. Қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді несиенің жылдық үстеме­ақы мөлшері 5-6 процент­тен аспағаны дұрыс. Қазір шаруашы­лық­тарды екінші деңгейлі банктер қаржыландырады, олар не­сие­ні 17-18 процент жылдық үстемеақы­­мен береді. Ал мемлекет не­сие­нің 50 процентін субсидиялап, ш­аруа­шы­лықтарға мемлекеттік бюджет арқылы проценттік жеңіл­дік береді. Мемлекеттік «Ауыл­шаруашылық банктері» әрбір аудан орталығында ашылып, тауар өндіруші шаруашылықтарға несие беру, лизинг алу, субсидия төлеу, күрделі қаржыландыру әдісі бір жерден беріліп ор­та­лықтанды­рылса, онда біраз бюро­кра­тия­лық кедергілер жойылады.

Екіншіден, әр бастаманы қолға алған кезде жемқорлық фак­ті­леріне жол ашатын тетіктер жойы­луға тиіс, әйтпесе бұл дерт әр ат­қа­ры­латын істің баянсыздығын дәлел­дейді. Одан құтылудың негіз­гі жол­дарының бірі – электронды қыз­метке толық ауысу. Әр шаруа­­шы­лықтың паспортындағы көр­сет­кіштер бірегей электронды база­ға толық тіркелсе, осы бағытта ма­ңыз­ды жетістікке жетеміз деп ой­ла­ймын. Шаруашылықтар туралы тиісті мәліметтер, ондағы мал басы, егін еккен алқабы, өндірген өнімі, өнімнің сапасы және тағы басқа көрсеткіштер тиісті деректер қорында болуы керек. Жергілікті атқарушы органдар аумағындағы шаруашылықтың берген мәлі­метін толық куәландырып, кепіл­дік беріп, үнемі қадағалап отырса, беріле­тін субсидиялар мен қар­жы­лай көмектер электронды қызмет арқылы төленеді.

Үшіншіден, шаруашылықтарға өндірген өнімдеріне субсидия төлеу, несие беруде, жанар-жағармай тарату, тұқым материалдарын, тыңайт­қыштарды бөлуде әділеттікті сақ­тау үшін ауылшаруашылық саласы толық мемлекеттік электронды қызметке көшкен жағдайда, шаруашылықтардың осы айтылған көмектер мен субсидияларды барынша жеткілікті деңгейде алуына мүмкіндік туады. 

Тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі таңда кейбіреулер шетелдің же­тіс­тіктеріне қызығушылық та­ны­т­а­ды. Оның бізге тиімді және тиім­сіз жақтары көп жағдай­да назардан тыс қалады. Жалпы, шетел­дерден келетін тұқымдарға ерек­ше сақтықпен қарау керек. Олай дейтінім, шетелден гендік-модификациялық өнім келген оқи­ғалар жиі кездеседі. Бұл адам ағза­сына өте зиян. Шетелден асыл тұқымды мал әкелу, сол арқы­лы елі­мізде асыл тұқымды мал­дар­дың әлеуетін көтеру әдетке айналып барады. Асыл тұқымды түлік жер­гілікті климатқа бейім­деле ала ма, жоқ па, соған көз жет­кізіп алу жағы назардан тыс қалып жүр. Қазақ­станда білікті ауыл­шаруа­шылық ғалым­дары бар, олардың көп жылғы ғылыми жұмыстарының арқасында қазақтың ақбас тұқымды сиырлары шығарылды. Ақбас тұқымы – отандық асыл тұқымды малдың бірегейі. Етінің сапасына шетелдік ірі қара еті бәсекелес бола алмай­ды. Оның үстіне, ақбас сиырлар Қазақ­стан­ның суық ауа райына, жем-шөбіне бейімделген, өте төзімді. 

Бесіншіден, отандық өндірілген ауылшаруашылық тауарларының бағасын тұрақтандырып, қайта өңдеу өнеркәсіптерін қорғау үшін көр­шілес елдерден келетін өнім­дер­дің көлемін, бағасын реттеп отыру саясатын жүргізу артық болмайды. Бағаны реттеу саясатында шеттен келген арзан өнімдердің отан­дық тауар өндірушілерге кедер­гі келтірмеуі үшін оларға дем­пинг­тік салық салу қажет деп санай­мын. Сондай-ақ отандық шаруа­шы­лықтардың өнімдерін қала на­ры­ғына жеткізу процесінде делдал­дықты жою керек. 

Алтыншы мәселе – өсімдік және мал шаруашылығын табиғи апаттардан, төрт түлікті эпизотиядан сақтау ауылшаруашылық мүлік­терін, негізгі өндірістік қорлар­ды, мал мен егістік алқаптарын, сол салада еңбек ететін адамдардың мүлік­терін сақтандыру үшін Ұлт­тық банктің қаржыландыру қөзінен мемлекеттік міндетті сақтандыру қорын ашқан жөн.

Жетіншіден, елімізде бос жат­қан жайылым жерлерді және оның құнарлығын ескере отырып, толық түгендеуден өткізу керек. Бос жатқан жерлерде жылқы мен түйе түлігін өсіруге жағдай жасауға болады. Бұл үшін жайылымдық жер телімдерінің құжаттары дайындалып, мемлекет арқылы үй, қоражайлар салынуы, инфрақұрылымдар мал алуға, егіншілікпен шұғылдануға несие беру мүмкіндіктері қарастырылып, жан-жақты жағдай жасалуы қажет. Жаңадан шаруа қожалығын ашуға ниет білдіргендерге ауылдық әкім­діктер арқылы конкурс жарияланса құба-құп. 

Шаруаларға малды Қытай халық рес­пу­б­ликасында қолданып жүре­тін «темір мал» өсіру әдісін ен­гіз­се де артық болмас еді. Атал­ған әдіс бойынша, мемлекет шаруа­ларға малды үш жылға басы бүтін береді. Шаруа үш жылдың ішінде төлін алып болғаннан кейін ғана мемлекетке бастапқы 1 малдың ақысын төлейді немесе малдай қайтарады. Бұл шаруашылықтарда жұмыс істейтін жұмыскерлердің де қатарын көбейтуге ықпал етер еді. 
Тағы бір қолға алынуға тиіс шаруа – шекаралас аудандарда тұра­тын халықтың қалаға көшу үрді­сін тоқтату үшін ондай аудандарға ерек­ше мәртебе беруді қолға алу керек. Мәселен, сол жерлерде ша­руа­шылық ашамын деген адамға же­ңілде­тілген несие ұсынуға ба­сым­­дық беруге болады. Қайта өң­деу кәсіпорындары мен шағын кәсіп­орындарды ауылда және аудан­дарда ашылуын шоғырландыру және жандандыру жұмыстары да артық­тық етпейді. Жаңадан ашыла­тын ірі кооперативтерге, шаруа қо­жалықтарына, қайта өңдеу кәсіп­орын­дарына инфрақұрылым жүйе­сін салуға республикалық бюд­жет­тен мақсатты қаржы көздері бөлі­ніп, қолдау көрсетілсе тіпті жақсы.

Әрине бұл айтылған ұсыныс­тар­дың бірқатары қазір мемлекет тарапынан қолға алынып та жатыр. Бірақ өкінішке қарай, нақты нәти­желері мардымсыз. Жұмысты әлі де жүйелендіре түсу қажет. Бастысы, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек. Ауыл шаруашылығы секторында жұмыс көзін ашуға, мол табыс түсіруге мүмкіндік жеткілікті. Еңбек етемін, табысқа кенелемін дегенге жұмыс та, бастапқы қаржы да табуға болады. 

Игілік ӘМІРҒАЛИН