«Eni» компаниясының барлау және өндіру жөніндегі директоры Антонио Велла дәл қазіргі уақыт «Қарашығанақ» жобасын дамытуға қолайлы екендігін атап өтті.
«Бүгінде әлемде мұнай өндіру көлемінің төмендеуімен қатар оның бағасы қымбаттағаны байқалып отыр. Біз мұны пайдалануымыз қажет. Біздің компания қазақстандық жобаларды инвестициялауды белсендетуді жоспарлап отыр», - деп атап өтті А. Велла.
Кездесу барысында «Eni» компаниясының өкілдері итальяндық компания Қазақстанмен жасыл энергетиканы дамыту саласында да ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдіретінін атап өтті. Бүгінде тараптар Ақтөбе облысында жел электр станциясын салу және Жамбыл облысында «Бурное» күн электр станциясын инвестициялау бойынша келіссөздер жүргізуде.
Сонымен бірге тараптар Қарашығанақ жобасы бойынша 2012 жылдан бері жалғасқан дауды реттеу мәселесіндегі ілгерілеуді атап өтті. Антонио Велла Ахметжан Есімовке аталған мәселе бойынша қабылданған өзгерістерге алғысын білдірді. Биылғы жылдың қараша айында Жоба бойынша дауды реттеу туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр.