Бизнес • 21 Қыркүйек, 2018

Кәсіпкерлерге арналған фулфилмент-орталық ашылды

497 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алғаш рет ашылған интернет-дүкен орталығында тауарды қабылдау мен өңдеуден бастап, буып-түю, сақтау және оны иелеріне жеткізу секілді қызмет түрлері бар.

Кәсіпкерлерге арналған фулфилмент-орталық ашылды

Қазпоштаның Астанада алғаш рет ашылған кезекті жобасы кəсіпкерлердің тауарды иесіне жеткізуін жеңіл­детеді. Одан бөлек, қоймалармен, байланыс орта­лық­тарымен, логистика жəне қызметкерлер құрамы­мен қамтамасыз ету шығынын азайтуға мүмкіндік бермек.

Еліміздегі электронды сауданы дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған жол картасында осындай орталықтарды ашу жоспарланған болатын.

− Интернет-сауда мәдениетінің дамуымен қатар, қазақстандықтардың оны жеткізіп беруге деген талабы да артты. Қазір біз жеткізу мерзімдерін қысқарту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Халықаралық курьерлік және логистикалық компаниялармен, пошта операторларымен ынтымақтастық орнаттық. ТМД-да бірінші болып 2017 жылғы тамызда ҚХР-дан Қазақстанға темір жол­мен сәлемдеме тасымалдауды жолға қойдық. Бұл жет­кізу мерзімін 2 есе (60 күннен 25 күнге дейін) қысқартты, жеткізу құнын да 2 есе арзандатып, тасымалдың тұрақ­тылығын арттырды. Темір жол бағытынан өзге біз ҚХР-дан Қазақстанға чартерлік әуе тасымалын іске қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл жеткізу мерзімін 25 күннен 7-15 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ халықаралық транзитті дамыту жоспарында бондтық қоймаларды құру белсенді түрде жүзеге асырылуда, – деді «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов.

Қазір жалпы ауданы 3 мың шаршы метрлік қоймада 20 интернет-дүкеннің 600 мың тауары сақталған, биылдың өзінде қоймадан 177 мың тауар жөнелтіліп отыр. 

Алғашқы фулфилмент-орталықтың ашылуына Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев қатысып, интернет-дүкеннің жұмысымен танысты.

− Шағын жəне орта кəсіпкерлікті Елбасының өзі қолдап отыр. Соның негізінде Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістерге сəйкес кəсіпкерлердің салық төлеуі жеңілдеді. Оның электронды саудаға да қатысы бар. Сондықтан Үкімет сіздерден нəтижелі жұмыс күтеді. Ең бастысы, ел экономикасын дамытуда жаңа жұмыс орындарының ашылуы қуантарлық жағдай, – деді А.Жұмағалиев.

Айта кетерлігі, еліміздегі интернет-сатып алушылар­дың саны өткен 7 айда 1,5 млн адамға жеткен. Бұл был­тырғымен салыстырғанда 11 процентке артық. Электронды сауда нарығының ілгері жылжуына фулфилмент орталықтарының ашылуы да оң ықпал етпек.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»