Үкімет • 21 Қыркүйек, 2018

Нақты істердің партиясы

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия Астана қалалық филиалының кезектен тыс ХXVI конференциясына қатысты. Іс-шара барысында партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жобалар және Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын қоғамдық бақылау жұмыстары пысықталды. Жиында қаралған басты мәселелердің бірі филиалдың жаңа төрағасын сайлау болғанын атап өткен жөн. 

Нақты істердің партиясы

Делегаттардың бірауыздан мақұл­дауы­мен таяуда ғана Ас­та­на қаласының әкімі болып тағай­ындалған Бақыт Сұлтанов партия­ның Астана қалалық филиалының төрағасы болып сайланды. Жаңа төрағаны құттықтаған Мәулен Әшімбаев оның қызметіне табыс тіледі.

Сондай-ақ конференцияға қатысу­шылар Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы мен жа­ңа партиялық жобалардың Ас­та­нада іске асырылу барысына назар аударды. Өз сөзінде партия Төрағасының бірінші орынбасары 1 маусымда өткен Саяси ке­ңестің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының «Нұр Отанның» шын мәнінде нақты істердің партиясына айналғанын айтқанын және жаңғыру аясын­дағы бастамаларды жо­ға­ры баға­лағанын жеткізді. Сондықтан нұр­отан­дықтар Елбасының арт­қан сенімін ақтап, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындауы тиіс.

Атап айтқанда, Президенттің бес әлеу­меттік бастамасының жүзеге асырылуына қоғамдық бақылауды күшейтуге ерекше көңіл бөлінуі керектігін айтқан Мәулен Әшімбаев осы мақсатта республикалық және өңірлік дең­гейде Қоғамдық кеңестер құрыл­ғанына назар аударды.

– Өңірлік Қоғамдық кеңес­тер­мен жүйелі әрі тұрақты кері байланыс орнауы тиіс. Сол арқылы біз аталған баста­маларға қатысты мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды өкілетті органдармен бірлесіп шешуіміз керек, – деген Мәулен Әшімбаев астаналық филиалға осы салада белсенді әрекет етуді тапсырды.

Жалпы, Астанада бес әлеу­мет­тік бас­­та­маны іске асыруда нә­тижелі жұ­мыс жүр­гізіліп жатқа­нын атап өткен жөн.
Сонымен қатар конференцияда Мәу­лен Әшімбаев партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселесіне де тоқталды.

– Қазіргі таңда партия елімізді цифр­ландыру үдерісіне үлес қосу мақсатында бірқатар тың бас­та­маларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, балаларға бағдар­ламалау, робот техникасы және 3D модельдеу негіздерін үйре­тетін ІТ-сынып ашу жобасын қолға алдық. Сондай-ақ халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру мақсатында ІТ-орталықтар ашылуда. «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында отандық кітап­ханаларды жаңғыртып, заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру ісі де қарқынды жүргізілуде. Партияның бастамасымен ауылдық жерлерде ағыл­шын тілін үйрететін клубтар құ­рылуда. Онда негізінен ерікті жас­тар жұмыс істейтін болады. Одан бөлек, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын да қайта жаңғырту үшін нақты жобаларды қолға алдық. Осының барлығын жүзеге асыруда Астана қалалық филиалы да нәтижелі жұмыс істейді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

«Тегін 1000 ІТ-сынып» пар­тия­лық жоба­сы аясында жаңа оқу жылынан бас­тап 85 IT-сынып өз жұмысын бастады. Олардың 26-сы Астанада ашылып, онда қазір 341 оқушы білім алуда. Бірыңғай геоақпараттық онлайн-сервисін құру, дәстүрлі кітапханаларды жаңғырту жұмыстары да елордада нәтижелі жүзеге асырылуда.

Венера Түгелбай,
«Егемен Қазақстан»