Өнер • 21 Қыркүйек, 2018

Халқына демесін болған күйші

960 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласында әйгілі күйші-композитор Құрманғазы Сағыр­байұ­лының ЮНЕСКО деңгейінде аталып жатқан мерейтойы аясында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Халқына демесін болған күйші

Айта кету керек, биыл Батыс Қа­зақстан облысында күй атасы Құр­манғазының есімін ұлықтау мақсатында кешенді шаралар ұйымдастырылды. Сәуір айында «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысының тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаевтың жетекшілігімен халықаралық ғылыми экспедиция жолға шықты. Құрамында өнерпаздар, өлкетанушылар, тарихшылар, өнер зерттеушілері бар топ Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Ақжайық, Жаңа­қала, Қазталов, Бөкей ордасы аудан­дары аумағымен жүріп өтіп, күй атасы жерленген Астрахан облысы Володар ауданындағы Алтынжар ауылына көлік­пен жетті. Сапар барысында Құрман­ғазының ұстазы Ұзақ күйші, күйші дүниеге келген Жиделі құмы, өскен жері – Көктерек ауылы, компо­зитор­дың өмірі мен өнеріне қатыс­ты тарихи орындар қамтылып, арнайы шаралар ұйымдастырылды. 

Орал қаласында 2016 жылы Құр­манғазы мен Динаға қойылған ескерт­кіш жаңа орынға – облыс орталығының бас даңғылына қайта орнатылды. 
Енді міне, күллі әлем талантын мойындап, ЮНЕСКО көлемінде атап өтіп жатқан Құрманғазы жылы Оралда республикалық ғылыми конференциямен қорытындыланды. Мерейлі датаға орай Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Алматыдағы «Қазақ тілі» баспасынан «Күй-құдірет. Құрманғазы Сағырбаев» атты жинақ та жарияланыпты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлт­­тық салт-дәстүрлеріміз, тілі­міз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғы­ла­ры­мыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық ру­хымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұла­малығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қой­науынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», деп атап өтті. Нарын құмында дүниеге келіп, қара шанақтан төгілткен күйімен туған халқын ұйытып, домбыра мен қазақтың егіз ұғым екенін дәлелдей білген Құрманғазы бабамыз – музыка әлеміндегі сөзсіз ұлы тұлға, – деді республикалық ғылыми жиынды кіріспе сөзімен ашқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда «көзі барда өзі, көзі жоқта өнері қауымның басына сүйесін, қолтығына демесін болып, дүние тұрғанша тұратын» Құр­ман­­ғазы күйшіні ұлықтаған жиынға Ал­маты қаласынан белгілі күйші-дом­бырашы, ұстаз, фольклортанушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқ­таған, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның профессоры, Құр­манғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы халық музыкасы бөлімінің деканы, өнертану кандидаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Кәрима Сахарбаева сынды айтулы ғалымдар арнайы келіпті.

– Туған жерге әр келген сайын өнер, әдебиет, мәдениетке жасалып жатқан қамқорлықты көріп, елдің қуанышты жүзін көріп ерекше әсер алып қайтамын. Осы жолы да бабамыздың үлкен тойына келдік. Халық берген «Күй атасы – Құрманғазы» деген атақ оның қазақ күй өнеріне қосқан өлшеусіз үлесін көрсетеді. Күйшінің музыкалық мұрасы өте бай. Құрманғазының өмірбаянын өз күйлерімен нақтылауға болады. Оның домбыра өнеріне енгізген көптеген жаңалығын күйлердің мазмұнынан, әуен мен композициялық құрылымынан, орындау тәсілдерінен аңғаруға болады. Құрманғазының әлемдік тұлға екенін бір мысалдан айта кетейін: Осыдан 3-4 жыл бұрын Құрманғазы оркестрі Америкаға барды. Сонда оркестр өнерін тамашалап шыққан бір конгресмен басын шайқап тұрып: «Құрманғазы оркестрін, қазақ күйлерін тыңдап бейістің самал желі соққандай күй кештім» деген. Ұлы күйші қалыптастырған мектептен Мәмен, Көпбала, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов, Дина Нұрпейісова, Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов сынды күйшілер шоғыры өсіп шықты. Келешекте этномузыкатанушылар мен зерттеушілер алдында әлі жұмыс көп. Құрманғазының өзіндік өнері, өмірі мен шығармашылығының ерекшеліктері, айрықша стилі ашып көрсетілетін монографиялар керек, – деді Айтжан Тоқтаған.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлы­ғымен биылдан бастап шілде айының бірінші жексенбісінің Ұлттық домбыра бүкілхалықтық мейрам күні болып бекітілуі – ұлттық аспабымыздың дәрежесін зау биікке көтерді. Алтай Көлгінов айтқандай, «Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық». Бұл жоғарыда аталған күй өнерінің жарық жұлдыздары дүниеге келген Ақжайық өңірінде, мектептегі үзіліс қоңырауын жаппай күймен алмастырған Батыс Қазақстан облысында айрықша байқалады. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы