Кино • 21 Қыркүйек, 2018

Рани Мукерджидің қазақтарға сәлемі

629 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Болливудтың жарық жұлдыздарының бірі, әулетімен өмірлерін өнерге арнаған үнді актрисасы Рани Мукерджи Қазақстан халқына бейне-сәлем жолдады. Өйткені дәл осы күндері елімізде «Мен – оқытушымын» фильмі прокатқа шығады. Ал Рани Мукерджи аталмыш картинада басты рөлді сомдайды.

Рани Мукерджидің қазақтарға сәлемі

Filmfare Awards жүлдесін әйелдер рөлінде жеті рет қатарынан жеңіп алған танымал актрисаның соңғы статуэткасы «Джессиканы ешкім де өлтірген жоқ» фильмі арқылы келген.

Талай танымал рөлдері арқылы шығармашылық таланы жанған актриса үш жыл қатарынан «Болливудтың үздік актрисалары» ондығын бастаған. Сол сияқты Filmfare журналының «Болливудтың он ұлы есімі» жобасынан өзінің ойып тұрып орнын алған ол осы уақытқа дейін 50-ден астам фильмге түсіп үлгерген.

Қысқасы барынша танымал Болливуд жұлдызы бірінші рет бағын қазақ картинасында сынап отыр.

Айтқандай, Рани Мукерджи кинематогафистер әулетіне шыққан режиссер Адитья Чопраның жұбайы. Екеуінің Адира есімді 3 жастағы қыздары бар.

«Мен – оқытушымын» картинасы Туретта синдромына (өрескел қимыл, беттің бұлшық еттерінің қисаңдауы, айғайға бақылау жасайтын жүйке жүйесінің бұзылуы) шалдыққан ұстаздың өмірінен сыр шертеді. 

Мұғалім болуды армандайтын Нэнаның дерті керісінше оны адамдардан алшақтатып, кісікиік тағдыр күн кештіруі тиіс еді. Алайда көксеген мақсатқа деген құштарлық бұл аурудың кесірінен де күшті болып шығады.

Дертті жеңіп, жұрттың алдына шығып дәріс беру үшін және өзінің болмысынан ұстаз болуға жаратылғанын дәлелдеу үшін Нэна қандай шырғалаңдарды басынан кешпеді дейсіз?!

Сонымен жазмыштың дегеніне көне салмай, тағдыр тәлкегін жеңу жолына түскен Нэна рөліндегі Рани Мукерджидің отандастарымызға жолдаған сәлемдемесі төмендегідей: «Сәлем, Қазақстан! Мен 20 қыркүйекте «Мен – оқытушымын» фильмінің Қазақстанда үлкен экранға жолдама алатынына бек қуаныштымын. Бұл картина сіздерге ұнайды деп үміттенемін!».

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ