Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2018

Шыңғырлау ауданында төрт емдеу нысаны күрделі жөндеуден өтті

441 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданына қарасты төрт ауылдық округте фельдшерлік-акушерлік пункттер күрделі жөндеуден өтіп, бір күнде пайдалануға берілді. 

Шыңғырлау ауданында төрт емдеу нысаны күрделі жөндеуден өтті

Шыңғырлау ауданының құрылғанына 90 жылдығына орайлас келген бұл жаңалықты жергілікті тұрғындар қуанышпен қабылдап жатыр. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында жүзеге асқан осы істердің арқасында Ақтау, Шоқтыбай, Амангелді, Қарағаш ауылдарында дәрігерлік қызмет көрсету сапасы артатын болды. Осы төрт нысанның күрделі жөнделуіне 61 млн.теңгеге жуық бюджет қаржысы бөлінген.

- Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасына 388 медициналық нысан қарайды. Солардың 270-і бейімделген жаңа ғимараттарда орналасқан. Енді қалған ғимараттарды да тиісті стандартқа сәйкестендіру міндеті тұр. Халықтың сапалы медициналық ем алуы үшін атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Мәселен, былтыр өңірде 81 нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасауға 103 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде осы аудандағы нысандар да бар еді. Биыл 593 млн. теңге қаржыға 21 нысанды күрделі жөндеуді жоспарлап едік. Қазір 10 ғимаратта жөндеу аяқталды. Қалғаны да таяуда тапсырылады, - дейдіосы оқиғаға арнайы келген Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айзада Шүкірғалиева.

Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиевтің сөзіне қарағанда, соңғы екі жыл ішінде аудандағы медпункт, ФАП сынды алты нысан заман талабына сай жөнделген. Дәл қазір Ақшат ауылында мемлекет пен жекеменшік әріптестігінің негізінде су жаңа ФАП ғимараты салынып жатыр. Ол жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілмек.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан