Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2018

Онкологиялық қызметтің атасы Сәкен Нұғмановтың 100 жылдығы атап өтілді

634 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми зертеу институтында отандық онкологиялық қызметтің негізін қалаушы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәкен Нұғмановтың 100 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Онкологиялық қызметтің атасы Сәкен Нұғмановтың 100 жылдығы атап өтілді

Жиында денсаулық сақтау вице-министрі Лязат Актаева Сәкен Нұғманұлының кәсіпқойлықтың күрделі мектебінен өткенін атай отырып, өнегелі өмірбаянына тоқталды.

Маңызды кездесуде Мәжіліс депутаты Зауреш Аманжолова, профессор, ҚР ҰҒА академигі Төрегелді Шарманов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, онкология және радиология ҒЗИ директоры Диляра Қайдарова, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин бастаған ғалымдар мен атақты докторлар қатысып, осыдан жарты ғасыр бұрынғы онкологиялық қызметтің барысына, оның даму даңғылына тоқталды.

Конференция аясында Нұғмановқа арналған «Уақытты озған» атты кітабының тұсаукесері өтіп, жинақта ҚазОРҒЗИ-дың онкологиялық қызметтінің қалыптасуы туралы, оның хаттары, ол туралы естеліктер мен мақалалар, сондай-ақ, басқа да құжаттар жарияланды. Кітапта ұсынылған мәтіндердің 97 пайызы бірінші рет және фотосуреттердің 99 пайызы бірінші рет жарық көрді.

Өз кезегінде 1960 жылы Сәкен Нұғманов Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-ды құрды және оны басқарғанын еске сала кету керек.

ҚазССР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы ретінде республикадағы онкологиялық қызметтің пайда болуының басында жүріп қана қоймай, Қазақстандағы және Орта Азиялық Республикалардағы Орфарингеальді ісіктердің эпидемиологиясы мен патологиясын зерттеу жөніндегі институт базасында құрылған ДДСҰ Бірлескен зерттеу орталығын басқарды.  Кеңес Одағының және әлемнің жетекші онкологтарымен тығыз серіктестік орнатты. Онколог-дәрігерлермен ғалымдардан тұратын ерен жүйріктер тобын дайындады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

 АЛМАТЫ